Қоғам қайраткерлері дабыл қағып отыр: Елімізде тарихи нысандар қолдан жойылып жатыр

Не болды?

Алматыда еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтап қалу жөнінде брифиң өтті. Іс-шарада Түркістан облысы мен Жетісу облысындағы аса қауіпті құрылыс мәселелері талқыланды.

Түркістан облысындағы түсініспеушілік

Түркістан облысының тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау комиссиясының мүшесі, археолог Серік Ақылбек Отырар ауданында міндетті тарихи-мәдени сараптама жүргізілмей-ақ, 60 мың гектар жерде құрылыс басталып кеткенін айтты.

Сараптама прокуратураға өтініш жолданып, Шәуілдір ауылы тұрғындары мен парламент депутаттары қатысқан қоғамдық тыңдаулардан соң ғана жасалды. Қорытынды бойынша сол аумақтағы 20 тарихи нысанның басым көпшілігі қолмен жойылғаны, қазіргі таңда тек үшеуі қалғаны белгілі болды,- дейді археолог.

Жетісу облысындағы СЭС

Жетісу облысы, Көксу өзенінің маңында да тұрғындар мен тарихи нысандарға қауіп төндіретін су электр станциясы салынып жатыр. «Охотники за петроглифами» қоғамдық қорының атқарушы директоры Ольга Гумированың айтуынша, құрылыс иелері қоғам белсенділері талап еткен құжаттарды көрсетпеген. Ашық ақпарат көздерінде:

  • қоғамдық тыңдаулар;
  • археологиялық, экологиялық, селді, сейсмикалық және басқа да сараптамалар;
  • жобаның параметрлері;
  • су басу аймақтары;
  • құрылыста пайдаланылатын аумақтар туралы да толық ақпарат жоқ.

Соған қарамастан, «Руднечная СЭС-2», «Верхнеталаптинская СЭС»-тің құрылысы тоқтамай, жүріп жатыр.

Қандай қауіп төніп тұр?

Көксу өзенінің екі жағалауында да жүздеген ежелгі қорымдар болуы ықтимал. Соның ішінде XVIII ғасырда Жетісу жерін жоңғарлардан қорғаған, аты аңызға айналған Жайнақ батыр мен Мойнақ батырдың бейіттері де бар.

Аймақтың микроклиматының өзгеруі петроглифтерге зиянын тигізеді: атмосфераның ылғалдануынан тастар тезірек бұзылып, суреті өшеді.

Бұл ауданда полеолит кезеңінен бастап қазақ хандығы дәуіріне дейінгі кезеңді қамтитын археологиялық нысандар бар. Олардың көп бөлігі әлі де зерттелмеген. Ерекше назар аударуды талап ететін нысанның бірі — Ешкіөлмес шоғыры. Ол — ширек ғасырдан бері ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енуі мүмкін үміткерлер қатарында тұр. «Неге әлі тізімге енбеген?» деген сұраққа «қаржы бөлінбегеннен» деп жауап бере аламын. ЮНЕСКО оны тізіміне қосу үшін бізден бірқатар зерттеу жұмыстарын талап етіп отыр, ал бізде өкінішке қарай, ерікті түрде айналысқымыз келсе де, ондай экспедицияларға жеткілікті қаражат жоқ,- дейді Ольга Гумирова.

Қоғам белсенділерінің әрекетінін соң Жетісу облысындағы «Верхнеталаптинская» СЭС салу 2025 жылдан 2029 жылға шегерілді. Ал «Рудничная» СЭС-2 31 сәуір күні болған төтенше жағдайға (Көксу өзеніндегі судың тасуына) қарамастан, тоқтамай салынып жатыр. Естеріңізге сала кетейік, 1956 жылы селге бейім Көксу өзені маңындағы Буденовская ауылын шайып кеткен еді.

Ольга Гумирова
Фото: Ақерке Елемес/Baribar.kz

Экологиялық тұрғыдан қарасақ…

«Шекарасыз өзендер» ҚҚ директоры Александр Колотовтың айтуынша, бұл СЭС каскадын құру жобасы экологиялық тұрғыдан өте қауіпті.

Бұл құрылыс өзеннің экожүйесін бұзу қаупі өте жоғары. Әрі аймақтағы фермерлік шаруашылықтарға зиян келуі мүмкін. Өзеннің селге айналу қаупі де бар, сондықтан бұл қауіпті бір сәтте бірнеше есе арттырады. Неге экспертиза Жетісу облысындағы СЭС-ті табиғатқа зиян емес деп қорытындылады? Өйткені алғашқыда бірегей жеті станция салу жоспарланған еді. Алайда кейінірек жоба жетекшілері жеті станцияны бөлек-бөлек аумақтарға саламыз деп жобаны өзгертті. Сәйкесінше, алғашқыда табиғатқа өте үлкен қауіп төндіріп тұрған (І деңгейлі) жоба енді автоматты түрде ІІІ деңгейдегі қауіпті нысанға айналды,- дейді Александр Колотов.

Заң не дейді?

Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Ақымбек Ералының айтуынша,  жерінде тарихи нысан табылғанын жасырады.

Жер кодексінің 65-бабында тарихи-мәдени, табиғи мұра обьектілерін және басқа да ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз ету керек деген бөлім бар. Алайда бізде мықты заң бар да, оның жұмыс істеуі әлсіз. Жер аумағында тарихи нысандар бар жер иелерінің айтатын сөзі мынадай: «бұл — менің жерім, өзім білемін», «қазір мемлекетке айтсам, ол менен тартып алады» дейді. Шын мәнінде, олар сатып алған жер аумағында тарихи-мәдени нысандар бар екенін хабарласа, заңнама бойынша, жер тартып алынбайды. Ол жер зерттеліп, екі жаққа тиімді шешім шығады. Өкінішке қарай, бізде жергілікті билік басқармасындағылар жеткілікті түсіндірмейді, жүргізсе де әлсіз болса керек,- дейді Ақымбек Ералы.

Ералы Ақымбек
Фото: Ақерке Елемес/Baribar.kz

Қорытынды шешім

Брифиң қатысушылары

  • Жетісу мен Түркістан облыстарындағы археологиялық ескерткіштерді бұзатын жұмыстарды тезірек тоқтатуды;
  • обьектілер иесінің қаражаты есебінен археологиялық құтқару жұмыстарын жүргізуді;
  • құқық қорғау органдары мен прокуратураның араласуын талап етті;
  • және мемлекет басшысынан табиғатты қорғау және тарихи-мәдени мұраны сақтау заңнамасының орындалуын жеке бақылауына алуды сұрады.

Шет елдерде әр тарихи жәдігер — алтыннан да қымбат бағаланады, қорғалады. Ал бізде ондай нысандарды жер мен жексен етіп жатыр. Бұндай әрекеттерге мәңгүрттердің ғана дәті баратын шығар. Жетісу мен Түркістан облыстарының тарихи ескерткіштері — біздің ата-бабамыздың қасиетті мұрасы ғана емес, дүниежүзілік маңызға ие, болашақ ұрпақ үшін зерттеу мен сақтауды қажет ететін көненің көзі. Ол — бізге жеткен хабарландыру, аманат, — дейді қоғам қайраткер Мұхтар Тайжан.