«Болашақ» бағдарламасының талаптары күшейтіледі

Бұл өзгерістер ең алдымен стипендия тағайындау үшін үміткерлерді конкурстық іріктеу рәсіміне, сондай-ақ конкурсқа қатысу үшін кіріс өлшемшарттарына қатысты болмақ.

Атап айтқанда, стипендиаттарды іріктеу сапасын жақсарту мақсатында академиялық бағдарламалар үшін (магистратура, докторантура, резидентура) үміткерлердің барлық санаттарына бакалавр немесе маман дипломы бойынша орташа балды 3.3 деңгейінде белгілеу жоспарлануда.

Осы мақсатта, «магистратура» бағдарламасы бойынша үміткерлердің квоталық санаттары үшін ағылшын тілін меңгеру деңгейінің өлшемшарттарын IELTS жүйесі бойынша 5.0 балдан 5.5 балға дейін жоғарылату жоспарлануда. Бұл ретте, «инженерлік-техникалық мамандық» санаты бойынша үміткерлерге қойылатын талаптар бұрынғы деңгейде – IELTS 5.0 қалады, бұл осы саладағы кадрларды «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Президенттің Қазақстан халқына жолдауы аясында ел экономикасын үдемелі технологиялық жаңғырту үшін даярлау міндеттеріне байланысты туындап отыр.

Сонымен бірге, ағылшын тілін жеткілікті деңгейде (IELTS 6.5 және одан жоғары) меңгерген, сондай-ақ GPA 3.3 және одан жоғары дипломы бар тұлғаларға конкурсқа қатысу мүмкіндігін беру көзделуде. Осы шара конкурсқа қатысушылар құрамын көбейту және экономиканың басқа салаларында кадрларды даярлауды қамтамасыз ету мақсаттарында қабылданады. Сонымен бірге, осы санатта жұмыс өтілі мен жұмыс беруші өтінімінің болуына талап қойылмайды. Бұл санат магистр дәрежесін алу үшін стипендиаттардың басқа санаттарымен қатар, оқу елінің білім беру және әлеуметтік-мәдени ортасына бейімделу мақсатында 2 айға дейінгі мерзімде оқу алдындағы даярлықтан (Pre-Master’s Program) өту мүмкіндігін береді.

Бұған қоса, стипендия тағайындау үшін үміткерлерді конкурстық іріктеу рәсіміне де елеулі өзгерістерді енгізу күтілуде.

Осы жылдың маңызды жаңалығы – конкурстың бірінші кезеңінде үміткерлерді уәждемелік және ұсыным хаттар бойынша іріктеудің енгізілуі. Іріктеуді әр кәсіби бағыт бойынша бөлек салалық сарапшылар топтары өткізеді. Осында үміткерлер мамандықты, оқу бағдарламасын, жоғары оқу орнын және оқу елін таңдау себебі бойынша нақты дәлелдемелер беруі тиіс. Сонымен қатар, олардың болашақ зерттеу тақырыбы бойынша белгілі жұмыстары болуы, сондай-ақ алынған білімінің ел экономикасы дамуы үшін тигізетін ықпалын анық саралап беруі тиіс.

Уәждемелік эссенің форматы бойынша ұсыныстар конкурстың ашылуына дейін алдын ала Орталықтың ресми сайтында жарияланады. Жалпы, уәждемелік және ұсыным хаттар бойынша алдын ала іріктеу әлемдегі көптеген стипендиалдық бағдарламаларда айтарлықтай таралған тәжірибе екенін атап өту керек.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Конституциясы мен тарихын білуді тексеру және үміткерлерді психологиялық диагностикалау тәсілдерін өзгерту де жоспарлануда. Қолданыстағы жүйе үміткердің бейінді даярлығы деңгейін, қажетті біліктіліктер, білімдер мен дағдылардың болуын, сонымен қатар олардың психологиялық қасиеттерін анықтайтын кешенді тестімен ауыстырылады.

Тәуелсіз сарапатамалық комиссия жұмысы оның құрамына қойылатын талаптардың қайта қаралуымен жаңғыртылады. Яғни, ТСК міндеті – үміткерлердің кәсіби дайындығын бағалау ғана, оның ішінде маманданудың таңдалған саласында теориялық және тәжірибелік білімдерін анықтау. Осында мамандану бойынша Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын білу деңгейі де анықталады. Сондықтан, ТСК құрамы да үміткерлердің оқу бейімдеріне сәйкес салалық сарапшылар өкілдерінен құрылады.

Сонымен, конкурс 6 кезеңнен тұратын болады.

Бірінші кезеңде тәуелсіз сарапшылар үміткерлерді уәждемелік және ұсыным хаттар бойынша әзірленген өлшемшарттарға сәйкес алдын ала іріктеуді өткізеді. Екінші кезеңде үміткерлердің шет тілін меңгеру деңгейі анықталады. Үшінші кезеңде үміткердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі сараланады. Төртінші кезеңде үміткерлерді кешенді тестілеу жүргізіледі. Бесінші кезеңде ТСК мүшелерімен жеке әңгімелесу өткізіледі. Содан кейін қорытынды материалдар ҚР Мемлекеттік хатшысы төрағалық ететін Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия қарауына жіберіледі.

Үстіміздегі жылда бағдарлама шеңберінде тағылымдамадан өту тәсілдемелері де өзгертіледі.

2017 жылда шетелдік ұйымдарда тағылымдамадан өту үшін келесі санаттар: «ғылыми қызметкерлер» және «Астана» халықаралық қаржылық орталығы қызметкерлері» белгіленді.

Сондай-ақ, шетелге «Болашақ» бағдарламасы есебінен әлемдегі жетекші зертханалар негізінде белгілі ғылыми зерттеулер мен тәжірибелерді өткізуді қажетсінген ғылыми ұйымдар, жоғары оқу орындары немесе олардың ғылыми бөлімшелерінің қызметкерлері ғана бара алады. Бұл отандық ғылыми-зерттеу әлеуетін нығайту мақсатында жасалады.

Одан басқа, сот, прокуратура, сондай-ақ қаржы секторының «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуына қатысты қызметкерлері де тағылымдамаға жіберіледі. Осы шара «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 25 қарашадағы № 144 Жарлығын орындау қажеттілігінен туындап отыр.

Соңғысы, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру, іріктеу ашықтығы, бюрократияға жол бермеу үшін осы жылы құжаттарды ХҚКО мен EGOV арқылы электронды қабылдауға толығымен ауысу қамтамасыз етіледі. Бұл конкурстық рәсімді жеңілдетеді, сондай-ақ конкурсқа қатысушы үміткерлердің уақыт және қаржы шығындарын азайтады.

Конкурстық рәсімдер мамыр айынан қазан айына дейін үздіксіз режімде өтеді, бұл үміткерлерге шетелдік жоғары оқу орындарына түсу үшін сапалы дайындалуға мүмкіндік береді.