Cмартфон, ноутбукты қалай дұрыс қуаттау керек?

Бұрын никелді аккумуляторлар жиі қолданылған. Мұндай аккумуляторлары бар қондырғылардың қуатын 0%-ға дейін тауысу қажет болған. Осы ақпараттың сақталғандығынан болар, қате пікір әлі күнге дейін ел арасында ғұмыр кешуде. Шындығында, смартфон, ноутбукты қалай дұрыс қуаттау керек?

(Сайтымызда бұрын жарияланған «Смартфонды жедел қуаттаудың 9 тиімді тәсілі» атты материалды оқуға да кеңес береміз.)

1. Құрылғыңызды жиі қуаттаңыз

Смартфоныңыздың немесе ноутбугыңыздың қуатын 0%-ға дейін тауыспаңыз. Оны жиі қуаттап отыруды әдетке айналдырыңыз. Дұрысында, қуат көзін 50%-дан төмендетпеуге тырысқан жөн. 10-20%-ға қуаты азайғанда, зарядтап отырыңыз.

2. Әрдайым токқа қосулы болмасын

Литий-ионды аккумуляторлар әрдайым 100%-ға дейін қуатқа толып тұруды талап етпейді. 50-80% арасында болса да, жеткілікті. 100% қуатталған құрылғы токқа қосылмасын! Дәл осы әрекет батареяның қызмет сапасын төмендетеді. Егер телефон/ноутбугыңызды түнде қуаттап алуды жөн көрсеңіз, арнайы электр үнемдейтін розеткаларды пайдаланыңыз. Олар белгіленген уақытта қуаттағышыңызды автоматты түрде сөндіреді.

3. Айына бір рет аккумуляторды толық отырғызып, 100%-ға дейін қуаттаңыз

Жоғарыда айтылған кеңеспен қарама-қайшы келді деп ойлап үлгерген шығарсыз. Мұның да түсіндірмесі дайын. Айына бір рет толық циклді орындау, 0%-ға шейін қуатты тауысып, 100%-ға дейін қуаттау қондырғыны калибрлеуге көмектеседі. Сіздің телефоныңызда немесе ноутбугыңызда бітпеген қуат көзі пайызбен немесе минутпен көрсетіліп тұрады. Ұсақ зарядтардың жиналып қалуынан кейін бұл функция дұрыс жұмыс істемеуі мүмкін. Көрсеткіштердің тура болуы үшін, айына бір рет калибрлеп (толық циклде) отыру қажет.

4. Қондырғыны салқын жерде ұстаңыз

Жоғары  температура аккумуляторыңыздың ұзақ қызмет етуіне кері әсерін тигізеді. Сол себепті қондырғыларыңызды қызып кетуден сақтаңыз. Телефоныңызды қуаттау кезінде матаның үстіне, жылу жүйесіне жақын маңда болмауын қадағалаңыз. Дұрысы, оның ағаш жиһаз тәрізді заттың үстінде тұрғаны абзал. Сондай-ақ ноутбугыңызды тізеңізге қойып, жұмыс істемеңіз.

Айтылған кеңестерге жүгіну арқылы сіз аккумуляторыңыздың қызметін ұзақ уақытқа сақтай аласыз. Алайда қатқан қағида жоқ екендігін де ұмытпаңыз. Смартфоныңызда 50%-дан төмен заряд қалып, қуаттағышыңыз қасыңызда болмаса, бүлінген еш нәрсе жоқ. Сол тәрізді ұзақ жолға шығарда 100%-ға дейін қуаттап алудан да қашпаңыз.

Литий-ионды аккумуляторлар 2-3 жылдан артық сапалы қызмет көрсетпейді. Дегенмен, оның ұзақ уақыт кәдеңізге жарауы үшін жоғарыда көрсеткен ережелерді ұстанғаныңыз жөн.