Биыл ақмолалық диқандар 4,7 миллион гектар алқапқа дəн сіңірмек

Мұрат Сағатұлы, көктемгі егістің жай-күйі, міндет пен меже төңірегінде айтып өтсеңіз?

Мұрат Сағатұлы

Жалпы, биыл қардың жылдағыдан көп түсуін ақмолалық диқандар жақсы ырымға балап отыр. Табиғаттан осындай сый күте қоймаған диқан қауымы да арқаны кеңге салып отырған жоқ. «Көктемнің бір күні жылға азық» деген қағиданы естеріне мықтап ұстап, көктемгі дала жұмыстарына тыңғылықты әзірлікпен келуді мақсат тұтуда. Биыл облыс шаруашылықтары 4,7 миллион гектар алқапқа дәнді және бұршақ дақылдарын егуді жоспарласа, оның 220,3 мың гектарын майлы дақылдар құрап отыр. Соңғы жылдарда шаруашылықтар егін өсіруді әртараптандыруға жете көңіл бөле бастады. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар онан әрі жалғасын таппақшы. Сонымен бірге, картоп, көкөніс егістігінің көлемі де өткен жылдармен салыстырғанда біршама арта түскені байқалады. Биыл 18,4 мың гектар алқапқа картоп, 4,3 мың гектар алқапқа көкөніс егіледі. Оған қоса, 588,7 мың гектар жерге мал азығы дақылдарын себу де жоспарлануда.

Шаруашылықтар сапалы тұқыммен толық қамтамасыз етілді ме?

Егістің шығымдылығы сапалы тұқымға байланысты екендігін жақсы түсінетін диқан қауымы тұқым дайындауға өткен жылдың күзінен бастап кіріскен. Көктемгі егіске қажетті 522,2 мың тонна мөлшерінде тұқым қоры да бар. Қазіргі күнге дейін бұл тұқымның 95 пайыздан астамы зертханалық тексеруден өткізілді. Оның ішінде 85,2 пайызға жуығы І және ІІ класты құрап отыр.

Көктемгі егіске қажетті техникалар дайын ба?

Жалпы алғанда, тұқымды дайындау жұмыстарының қарқыны өткен жылмен салыстырғанда біршама жоғары болып отырғандығын атап өткен жөн. Биылғы көктемгі дала жұмыстарына 17 мың тұқым сепкіш агрегат шығарылатын болса, оның 1145-сі өнімділігі жоғары шетелдік тұқым себу кешендері. Соңғы жылдары облыс шаруашылықтары техника паркін де айтарлықтай жаңарта алды. Бүгінгі күнге дейінгі мәлімет бойынша көктемгі егіс науқанына қатысатын техникаларды дайындау 100 пайызға жуық деңгейде болып отыр. Тұқым себетін сеялкалар мен кешендер, тракторлар, культиваторлар науқан басталғанша толық әзірленеді.

Ауыл шаруашылығы құрылымдарын жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі жөнінде айтсаңыз?

«Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 79,2 мың тонна дизель отыны, 7,4 мың тонна бензин және 4,6 мың тонна дизель майы қажет. Қазір дизель отыны, дизель майын жеткізу шаралары жүргізуде. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігімен жанар-жағар майды жеткізу тетігі жасалып, нәтижесінде облысымызға биыл 65 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінді. Бұл көктемгі егіс кезінде жанар-жағар май қажеттілігін толығымен жауып, тұқым себу жұмыстарын ойдағыдай аяқтауға септігін тигізетін болады.

Минералдық тыңайтқыштар мәселесі шешілді ме?

Биыл да өңірдегі агроқұрылымдарға шетелдік гербицидтер мен тыңайтқыштар сатып алу үшін қаржы жағынан көмек жасалмақшы. 2017 жылдың жұмыс жоспарына сәйкес, егіс кезінде 0,6 миллион гектар алқапқа 27 мың тонна минералдық тыңайтқыш енгізу межеленген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда біршама жоғары көрсеткіш. Облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері 42 мың тонна минералдық тыңайтқыш сатып алу үшін келісім-шартқа отырды.

Биыл егіншілік саласына қандай мемлекеттік қолдау көрсетіледі?

Иə, шаруалар үшін мемлекеттік көмектің ішінде субсидияның маңызы зор. Осы бағытта биылғы жылы мемлекет өңірдің егіншілік саласын дамытуға 10,7 миллиард теңгеден астам субсидия бөледі. Оның 582,5 миллион теңгесі тұқым шаруашылығын қолдауға, 8,5 миллиард теңгесі гербицид сатып алу бағасын субсидиялауға, 1,6 миллиард теңгесі минералдық тыңайтқыш бағасын субсидиялауға бағытталған.

Көктемгі егіс жұмыстарын қанша жұмыс күнінде аяқтап шығуды межелеп отырсыздар?

Нақты күні əлі айқындалған жоқ. Бірақта, тоқ етері, облыс шаруаларының тас-түйін дайындығы мен ұйымдастыру шараларының тиісті деңгейде болуының арқасында көктемгі дала жұмыстарының уақытылы, әрі еш қиындықсыз өткізілетініне сенім мол. Ол үшін қажетті шаралардың бәрі де қарастырылып жатқандығын айтқым келеді.
Əңгімеңізге рахмет!