Басты бетЖаңалықтарШҚО-да 72 ауыл су тасқыны қаупі бар аймақта тұр

ШҚО-да 72 ауыл су тасқыны қаупі бар аймақта тұр

Шығыс Қазақстан облысында су тасқынына дайындық жұмыстары қалай жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Бұл туралы ШҚО ТЖД баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде өңір бойынша жедел штаб құрылып, соның өкілдері қауіпті учаскелерде тәулік бойы кезекшілік етіп жатыр.

Облыстағы екі қалада және 11 ауданда су тасқыны қаупі бар 72 елді мекен анықталды. Ондағы 3 685 үйде 9 438 адам тұрады. Су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізілген соң 15 елді мекенде қауіп жойылып, 49-ында азайтылды. Ал сегіз ауылда әлі қауіп сақталып жатыр, — делінген ақпаратта.

Шығыс Қазақстандағы өзендерде мұз кептелісін болдырмау үшін жарылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда 108 072 шаршы метр мұз ұсақталған.

Аймақ бойынша 362 мың текше метр қар шығарылды. 4213 су өткізу құрылысы, 411 арық пен 75 канал, 426 көпір тазаланды. 10,2 мың тонна инертті материал, 301 тонна жанар-жағармай, 82,7 мың ыдыс-қап дайындалды.

Жағдай қиындап кетсе, жергілікті атқарушы органдар мен ТЖД-дан 2 516 адам, 943 техника, 42 жүзу құралы, 240 мотопомпа әзір тұр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да