Басты бетЖаңалықтар40 жыл шопан болған Бақытжамал Сәрсенова

40 жыл шопан болған Бақытжамал Сәрсенова

Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Осыған орай, БҚО Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева 40 жыл шопан болған Бақытжамал Сәрсенованы 95 жас мерейтойымен арнайы құттықтап, құрмет көрсетті. Іс-шараны БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған.

Бақытжамал Сәрсенова 1930 жылғы 14 қаңтарда Ресейдің Ростов облысында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласқан. 1946 жылы отбасымен Батыс Қазақстан облысындағы Орда ауданының Қаракөл Шоңғай ауылына қоныс аударып, ауыр кезеңдерде елеулі еңбек етті. Кейін Астрахань облысындағы Ахтуба ауданының Қызыл үй ауылына көшіп, 1948 жылы Науша Сәрсеновке күйеуге шыққан.

БҚО
Фото: БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі

1957 жылы Бисен совхозы құрылған соң, Бақытжамал Қабдоллақызы шопандық қызметке кірісіп, бұл салада 40 жыл еңбек еткен. Шопандық – шыдамдылық пен қажыр-қайратты қажет ететін қиын кәсіп. Бақытжамал Сәрсенова түрлі қиындыққа бейімделіп, туған жерінің өркендеуіне аянбай үлес қосқан.

Еңбекке ерте араластым. Бар жетістігімнің негізі – адал еңбек. Еңбекпен шыңдалған адамның өмірі әрқашан мағыналы. Қазіргі буынға да осыны үнемі айтып отырамын, — дейді Бақытжамал әже.

Бақытжамал Сәрсенова
Фото: БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі

Бақытжамал Қабдоллақызы – 10 баланың анасы. Бүгінде жеті ұл мен үш қыздан 28 немере, 61 шөбере-шөпшек сүйіп, үлкен әулетке айналған.

Осындай ғибратты ғұмыр кешіп, туған жеріне адал қызмет еткен адам қашанда құрметке лайық. Сіздің өмір жолыңыз – баршаға үлгі. Сіңірген еңбегіңізді ұрпақ мақтаныш етіп, дәріптейді, — деді мерейтой иесін құттықтаған Гүлжанар Болатқызы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ