2 қыркүйектен бастап еліміздің 31 пилоттық мектебінде оқу-ағарту министрлігі республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының басшылығымен 2025-2026 оқу жылына арналған жаңа оқулықтар сынақтан өтіп жатыр.
Мұндағы мақсат — жаңа оқу бағдарламасы негізінде әзірленген 4-класқа арналған жекелеген пәндер бойынша оқулықтар мазмұнының сапасын анықтау, сонымен қатар мектептер үшін тиімді оқу материалын таңдау.
Апробация 4-класқа арналған мына оқулықтарды қамтиды: «Бейнелеу өнері», «Еңбекке баулу», «Орыс тілі» (қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін), «Шет тілдері» (ағылшын, неміс, француз) және «Цифрлық сауаттылық» (электрондық оқулық).
Апробацияға педагогтар мен оқушылар қатысып жатыр, бұл оқулықтардың функционалдығы мен тиімділігі туралы толық мағлұмат алуға мүмкіндік береді.
Еске салайық, орталық бес сатылы сараптама жұмысын жүргізеді: ғылыми-педагогикалық сараптама, пысықтау кезеңі, пилоттық мектептерде сынақтан өткізу, қоғамдық талқылау және пәндік сараптама комиссиясы.
Сарапшы болуға өтініш бергісі келетін мұғалімдер bmso.kz ресми сайтында сауалнамадан өте алады.