Ольга Ерыкалина Яндекс
Ольга Ерыкалина, Яндекстің халықаралық іздеу бөлімінің басшысы

1) Яндекс іздеу жүйесін қанша қазақстандық қолданушы пайдаланады және қазақ тілінде қандай сөздер ең жиі ізделеді? Толық статистикамен бөлісесіздер ме?

LiveInternet мәліметтері бойынша, 2016 жылдың қараша айындағы көрсеткішке сәйкес, Яндекстің Қазақстандағы іздеулер бойынша үлесі 20,2%-ды құрады (Дереккөз: Қазақстандық қолданушылардың Яндекс іздеу жүйесінен LiveInternet іздегіші бар .ru және .kz доменіндегі сайттарға өтуі). Мұндай үлес көрсеткішінің сервис танымалдығының нақты белгісі емес екенін ескеру қажет, себебі ол іздеу нәтижелері бойынша сыртқы сайттарға өтуді ғана санайды, ал біз қолданушылардың сол іздеу бетінде басқа жаққа өтпей-ақ өз жұмыстарын бітіруіне барлық жағдай жасауға тырысамыз. Ол үшін бізде іздеудің көмек сөздері де («Іздеу» дегенге баспай тұрып, ізделінетін сөзді енгізе бастаған кезде шығатын жауап нұсқалары), танымал адамдар мен түсініктер туралы объектив жауаптар да (мысалы, Дэвид Боуи), іздеу нәтижелерінің үстіндегі пайдалы ақпараттары бар бөлім де (мысалы, ауа райы) бар.

Күн сайын қазақстандық қолданушылар Яндекс арқылы бес миллиондай іздеу сұранымын жолдайтынын қоса кетейік. Ақпараттар орыс тілінде жиірек ізделеді. Төменде қазақ тіліндегі ең танымал сөз бен сөз тіркестерінің топ-7 тізімі келтірілген (қалай ізделсе, солай беріп отырмыз):

1) [қазақша әндер]

2) [күнделік]

3) [жеңімпаз жеткіншектер]

4) [қазақ хандығы]

5) [төреғали төрәлі әндері]

6) [қазақша мультфильмдер]

7) [жаңалықтар бүгінгі]

Алайда кей ізделінетін сөздер бойынша тілді анықтау мүмкін емес екенін ескеру керек. Мысалы, [кино], [сериал], [порно], [секс], [реферат], [фото] секілді өте танымал сөздер қазақ тілінде де, орыс тілінде де бірдей ізделінеді. Сондай-ақ кейде ұялы телефоннан іздегенде транслитпен жазып жатады. Мысалы, [жаңалықтар бүгінгі] дегеннің орнына [zhanalyktar bugingi] деп көрсетеді. Сонымен қатар іздеу тілі тақырыпқа да тәуелді. Мәселен, оқушылар өмірде қай тілде сөйлесетіндеріне қарамастан, мектепке қажет деректерді сол мектептегі білім алу тілінде іздеп жатады.

2) Білуімізше, Қазақстанда сіздерге тиесілі жаңалықтар сервисі өте танымал. Яндекс.Новости бөліміне қазақ тіліндегі жаңалықтар енгізуді жоспарлап отырған жоқсыздар ма?

Яндекс.Новостидің мақсаты – бізбен серіктес БАҚ-тар жариялап, бізге жіберетін ақпаратты тарату. Сервисте жеке редакция да, журналистер де, аудармашылар да жоқ. Ал серіктестер арасында қазақ тілінде жаңалық таратын БАҚ саны әзірге жеткіліксіз болып отыр. Егер олардың саны артатын болса, біз қазақ тілінде жаңалық жариялау мәселесін міндетті түрде қарастыратын боламыз.

3) Іздеу жүйесін жақсарту және қазақ тіліндегі іздеу сұранымдарын өңдеу жұмыстарына Қазақстанда қанша қызметкер жұмылдырылған?

Жеке ел немесе тіл жұмыстарын жүргізу үшін бөлек адамдар тағайындауға бізде мүмкіндік те, қажеттілік те жоқ. Қазақстанға арналған сервистерге және жобаларға түрлі елдерде орналасқан бірнеше халықаралық команда қызмет көрсетеді. Сондай-ақ бізде Қазақстанда тұратын, үйде отырып қашықтан кей жұмыстарымызды орындап беретін қызметкерлер бар.

4) Қазақстандық қанша қолданушының сіздердің пошталарыңызды тұрақты түрде пайдаланатыны туралы статистика бар ма?

Бар 🙂 . Бірақ бұл біздің ішкі ақпаратымыз, онымен бөлісе алмаймыз.

5) Яндекс интефейсі аудармасының сапасын қалай анықтап, бағалайсыз? Бұған жауап беретін арнайы адамдар бар ма, әлде аударма агенттіктерінің қызметіне жүгіндіңіздер ме?

Қазіргі уақытта штатта қазақ тілінің аудармашылары жоқ. Мақсатымызға байланысты аудармамен де, сапа бақылауымен де айналысатын түрлі серіктестермен бірлесіп жұмыс жүргіземіз.

6) Яндекс.Переводчиктің Гугл.Транслейтпен салыстырғанда қандай артықшылықтары бар? Гуглда сервисті, аударма сапасын жақсартуға көмектесетін арнайы қауымдастықтар мен еріктілер жұмыс істейді. Сіздерде мұндай мүмкіндік қарастырылған ба?

Сервисте аударманы түзеуге болады, әр түзету арқылы қолданушылар қателер туралы ақпарат жинауға көмектеседі. Ол үшін аударма бетінде оң жақ жоғарғы бұрыштағы қарындаштың суретіне басу керек. Жалпы алғанда Яндекс.Переводчик ТМД елдеріндегі халықтардың тілдеріне арналған машина аудармасын жасауды жақсылап қолға алған. Мысалы, татар және марий тілдерімен жұмыс жасағанда жергілікті белсенділердің қолдауына сүйендік. Сондықтан тіл білетіндердің көмегін қуана қабылдаймыз.

7) Яндекс.Директте қазақ тіліндегі жарнама баннерлерін қашан жариялауға болады? Жалпы, жарнама берушілер тарапынан қазақ тіліндегі жарнамаға деген сұраныс бар ма?

Әзірге қазақ тілінде баннер жариялау туралы ұсыныс алған жоқпыз. Сіздер бірінші болып сұрап тұрсыздар 🙂 . Егер бұған сұраныс бар екенін көрсек, әрине, мұндай мүмкіндікті жүзеге асыру мәселесін қарастыратын боламыз.

8) Біз кейбір қазақтілді сайттардың Яндекс.Партнер арқылы жұмыс істейтінін білеміз, ал кей сайттар модерациядан өтпей қалып жатады. Сайттарды қандай талаптар бойынша таңдайтындарыңызды айтып бересіздер ме?

Біз сайттардың Яндекстің жарнама желісіне (РСЯ – рекламная сеть Яндекса) қатысу ережелеріне қаншалықты сай екенін тексереміз. Сайтқа кіретін адамдар саны және контент сапасы бойынша талаптар бар (бұл туралы толық ақпаратты мына жерден оқуға болады). Сайттың модерациядан өтпей қалуына өз себептері бар. Мұндай жағдай орын алса, ресурс ережелерімізге толық сай келмеді деп айтуға болады.

9) Яндекс.Таксидің Қазақстанда іске қосылуы тәжірибесімен бөлісесіздер ме? Қазақстандық нарық ресейлік нарықтан несімен ерекшеленеді?

Алматы мен Астанада Такси қызметін іске қосу «Алматы қаласы даму орталығымен» және Астана әкімдігімен меморандум бекітуіміздің арқасында жүзеге асты. Бұл қазақстандық биліктің инновацияға дайын екендігін, қаланың көлік инфрақұрылымын дамытып, тұрғындардың өмірін жақсартуға ықыласты екенін көрсетеді. Жергілікті халық та бізді жылы қабылдады. Нарыққа ел бойынша ең тиімді тарифтермен кірдік, тіпті арзан көше таксиіне үйреніп қалған алматылықтардың өзі таң қалып жатты. Оның үстіне алғашқыда промо-кампания аясында 160-200 теңгеге Geländewagen Mercedes-Benz, Bentley секілді люкс санатты автокөліктерге тапсырыс беруге болатын-ды. Қазір сервиске Қазақстанның 70 таксопаркі қосылған. Бір қызығы, жергілікті таксистер жолай қосымша адам алып алады екен. Біз сервисті тұрақты түрде жақсарту жұмыстарын жүргіземіз, сондықтан қазір тапсырыс алған жүргізушінің қосымша жолаушы алмауын қадағалап, бұл әдеттен арылтуға тырысып жатырмыз. Сондай-ақ көктемде фотобақылау қызметін іске қостық: екі күн сайын таксистер автомобильдерін суретке түсіріп, бізге салып тұрады. Сервис қызметкерлері бұл суреттерді қарап, тексеріп, көлік стандартқа сай келмесе (зақымданған жерлері бар, салоны күтімсіз, тағы басқа), оны бұғаттап тастай алады.

10) Соңғы сұрақ, Қазақстанда кеңсе ашудағы мақсаттарыңыз қандай?

20 сәуірде Алматыда Яндекстің коммерциялық кеңсесі жұмыс істей бастады. Оның міндеті – Қазақстандағы клиенттерімізге тауары мен қызметін Яндекстің жарнама сервистерінің көмегімен жарнамалауға көмектесу. Кеңсе қызметкерлері клиенттерге Директ, медиа жарнаманың мүмкіндіктері туралы айтып, жарнама кампанияларын дұрыс жүргізуге үйретеді. Ал сервистерді дайындау және дамыту мәселелерін бұрынғыша түрлі елдердегі халықаралық командалар жүргізе береді.