Алдағы жаңа оқу жылына бакалавр бойынша 78 мыңнан астам грант бөлінді. Бұл туралы үкімет отырысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.
2024-2025 оқу жылына бакалавр бойынша – 78 219 грант, магистратураға – 13 113, докторантураға 2919 грант бөлінді. Үміткерлердің 81,43% шекті балды еңсерді, 18,57%-і – еңсермеді, — деді Саясат Нұрбек.
Білім беру грантын беру жөніндегі конкурсқа қатысу үшін өтініштерді қабылдау 2024 жылғы 13-24 шілде аралығында жүзеге асырылды. Былтырмен салыстырғанда биылғы гранттық конкурсқа 11 000 талапкер артық қатысты. Гранттарды бекіту жөніндегі шешім Республикалық конкурстық комиссиясында қабылданып, 3 тамызда нәтижелері жарияланды. Мемлекеттік білім беру тапсырысының соңғы 3 жылда алғаш рет 99%-і игерілді.
Атап айтқанда, конкурс нәтижесі бойынша әлеуметтік осал топтардан 412 жетім бала, мүгедектігі бар 382 адам, көпбалалы отбасынан шыққан 3 576 бала, толық емес отбасыдан шыққан 933 бала, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыдан 437 балаға грант берілді. Сонымен қатар биыл алғаш рет қандастарды қабылдау процедурасын өзгерту нәтижесінде 1 604 қандасқа грант берілді (2023 жылы – 804 қандас).
Батыс және халқы тығыз қоныстанған өңірлерден шыққан жастарға арналған 5 000 мақсаттық грант 100% игерілді.
Ауыл шаруашылығы және ветеринария бағыттарында гранттардың 100% игерілді. Сонымен қатар биыл алғашқы рет 300 дифференциалды грант тағайындалды. Бұл грантты алу үшін өтінімді 31 000-нан астам үміткер тапсырды, — деді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, мемлекеттік тапсырыстың 60%-тен астамы сұранысқа сәйкес экономиканың басым бағыттарына кадрларды даярлауға бөлінді (инженерлік және құрылыс, педагогикалық, денсаулық сақтау, ақпараттық коммуникациялық технологиялар, ауыл шарушылық, ветеринария салалары).
Жалпы алғанда, ҰБТ нәтижесі бойынша ең жоғары конкурс «Стоматология» (1 орынға 35 адам), «Халықаралық қатынастар» (1 орынға 12 адам), «Аударма ісі» (1 орынға 10 адам), «Психология» (1 орынға 9 адам), «Құқық» (1 адамға 8 адам) мамандықтарына, сызу пәнінің мұғалімі (1 орынға 8 адам), шет тілі мұғалімдерін даярлау (1 орынға 8 адам) білім беру бағдарламалары бойынша болды. Алайда ең төмен конкурс «Механика», «Мал шаруашылығы» білім беру бағдарламаларына тиесілі. Сондықтан осыны ескеріп, біз тағы да ақпараттық жұмыстарды күшейтуіміз керек, — деді Саясат Нұрбек.