Алматыда Mazmundama баспасының балаларға арналған «Ол кім?» сериясы бойынша үш кітабының тұсауы кесілді. Бұл — «Мәншүк Мәметова кім?» «Жошы хан кім?» «Жақсылық Үшкемпіров кім?» деген кітаптар. Кітаптардың тілі жеңіл әрі көркем. Тұсаукесерде оқырман авторлармен кездесіп, кітаптың қалай жазылғанын білді.

Жақсылық Үшкемпіров — грек-рим күресінің шебері, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, Халықаралық спорт шебері. «Жақсылық Үшкемпіров кім?» деген кітапты ақын, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжан жазып шыққан.

Ұларбек (Жошы хан туралы кітап жазған — ред.) көз алдымызда ұлы жазушы болып келе жатыр. Біздің арғы-бергіміз Жошы ханнан басталатынын дәлелдеймін деп жүр. Мұны президенттен бастап бәрінің құлағына құйып жатыр. Ал Асылан (Мәншүк Мәметова туралы кітап жазған — ред.) ізімізден еріп келе жатыр екен, бүгін бірінші рет көріп отырмын. Кітаптардың тұсаукесері құтты болсын! — деді Сәуле Досжан.

Оның айтуынша, тарихта қалған адамдар туралы оқырман көбіне әдеби және тарихи кітаптардан біледі.

авторлар
Фото: Mazmundama баспасы

Тұлғатануды балалардан бастау керек. Халқымыздан шыққан ұлы адамдар туралы жазушылар қалдырып кеткен шығармалардан білеміз. Соларды оқып, қазіргі тілмен айтқанда, мотивация аламыз. Жақсылық Үшкемпіров туралы кітапты сондай оймен жазған едім. Негізі бұл роман еді. «Біртуар» деп аталады. Бірнеше тілге де аударылды. Онда спортшының дүниеге келген сәтінен бастап, Олимпиадада чемпион болғанына дейінгі кезең жазылды. «Біртуар» — балалар әдебиетіндегі тұңғыш роман, Балалар әдебиеті кенже қалып қалды деген кездері осы роман жазылды, — деді ол.

Жасқылық Үшкемпіров, кітап
Фото: Mazmundama баспасы

Ал бүгін «Жақсылық Үшкемпіров кім?» деген пышақтың қырындай ғана кітап шығып жатыр. Жазушы бүкіл бір романның жүгін осы шағын кітап көтеріп тұр дейді.

Осы «Ол кім?» сериясын ойлап тапқан, жасап шыққан баспаға рақмет. Бұл серия бойынша шыққан кітаптарды оқыған бала сол тұлғаларға ұқсағысы келеді. Ойда жоқта осы кітап шықты. Әр баланың сөмкесінде жүретін, отыра қап оқитын кітап болсын! — деді Сәуле Досжан.

«Жошы хан кім?» деген кітапты ақын Ұларбек Дәлейұлы жазып шыққан.

Қалам қолымызға берілген нығмет, мүмкіндік дейді ғой. Қолымызда қалам болған соң, жанымызды салып жазуға ұлттың тарихын, идеологиясын айтып, қалай болса да қызмет етсек деп тырмысып жатқан жайымыз бар. Екі ғасырға жуық отарлаған ел ықпалында жүріп, өз тармырымыз бен тегімізден айырылып қалуға аз қалған елміз. Шыңғыс ханды, оның ұлы Жошы ханды айтқанда, оларды қанішер моңғол дейді. Шынымен солай ма?! Кеңес одағы уағында өз атамыздан, өз құндылығымыздан жеріндіретін қызыл коммунистер жазып берген тарихқа қашанғы сеніп жүреміз?! Бұл сұрақ кейінгі буын арасында көп қозғалып жүр, — деп сөз бастады Ұларбек Дәлей.

Ол Жошы ханды төрт жыл зерттеген. Ханның жорық жолының 70%-ын басып өтіп, Якутияға дейін барған.

Ал оңтүстікте Жошы ханның ізі қалған Самарқан, Бұхара қалаларына, сыр бойындағы қазір қирандыға айналған қалалардың жұртын көріп қайттым. Орхон, Қол өзендерінен су құйып алып келіп, романды сол суды ішіп отырып жазған едім. Жұлып алған жусанды, аршаны иіскеп, теріп алған кесек тастарды сипап, сол әлемді көз алдыма елестетіп отырып жанкешті еңбекпен жазып шықтым, — дейді ақын.

Жошы хан, кітап
Фото: Mazmundama баспасы

Роман жарыққа шыққан соң, әлеуметтік желіде Ұларбек Дәлейұлына мұғалімдер балалардың да Жошы туралы сұрайтынын айтқан. Әр тарихшы әртүрлі жазатындықтан, балаларға біркелкі ақпарат ұсына алмай жатқанын да жеткізген. Содан Шыңғыс баласы жайлы қысқа, жинақталған кітап болса деген тілек білдіріпті.

Сөйтіп жүргенде Шыңғыс ініміз (Mazmundama баспасының басшысы — ред.) бен Жандарбек бауырымыз («Ол кім?» сериясының шығарушы редакторы — ред.) хабарласты. Жошы ханды жазуға отырдым. Бұл тұлға мен оның дәуірі миымда әбден піскендіктен, айналасы бес күнде жазып шықтым. Мақсат — кезінде даңқы дүбірлеген бабаларымыздың рухы арқылы жастарды ояту. Енді еркіндігіміз өз қолымызда, қалам-қуат та өз қолымызда тұр. Материалды қайдан табам дейтін заман емес, — деді кітап авторы.

Оның айтуынша, кезінде Шыңғыс хан шаңырақ көтергенде уығын қадасқан, жауға шапқанда садақ тартып, қылыш сермеп бірге соғысқан тайпалардың бәрі қазақтың ішінде отыр. Оларды жалайыр, найман, кетбұға, керей деп жағалатып тізе беруге болады.

Тарихты жақсы білмейтін адамдар арасында «Шыңғыс хан қазақ па?» деген дау-дамай көп. Шыңғыс хан қай заманда өмір сүрген, қазақ қай заманда пайда болған дегенді біліп алу керек қой. Бастысы, Шыңғыс ханды түркі халықтарының ортақ тұлғасы деп білу керек. Жастарға айтарым, Шыңғыс ханды моңғол деме, қазақ деме, өз атам деп қара, — деді Ұларбек Дәлейұлы.

Жазушы 3-класынан бастап кітапты кеміріп оқығанын айтып берді.

Кітапты төсектің астына тығылып алып оқитын едім. Оны шешем біліп алған соң, үйдің шатырына шығып оқитын болдым. Кітапқа сонша берілгенімді қараңыз. Қазіргі балалар да кітапты солай оқыса деймін. Кітап оқыған баланың бойында рух болады. Ертең түрлі қызмет атқарғанда, билікке келгенде халықтың қалтасына қол сұқпайды. Ел басына күн туса, жерін тастап қашып кетпейді, — деп түйіндеді автор.

Жошы хан туралы кітаптың суреттері автордың айтуы бойынша салыныпты. Негізі Жошы ханның суреті жоқ, олай болса оның келбеті қалай салынды деген сұрақ шығады.

Бір дәуірді, бір тұлғаны жазу үшін сол заманның этнографиясын жақсы білу керек. Жауға шапқанда қандай қару ұстады, бейбіт өмірде не тіршілік кешті, атқа қалай мінді, не тамақ жеді, арбамен көшті ме, түйемен көшті ме — соның бәрін зерттеп алдым. Одан кейін қазір Қытайда қалып қойған көк түріктерінің мекені бар, сол жерге бардым. Моңғолия жерінде Шыңғыс дәуірінде өмір сүрген адамдардың сүйегін қазып алып, сол заманның адамдарының келбетін жасап шыққан. 1280-жылдары Шыңғыс ханның немересі Құбылайдың айтуымен салынған Шыңғыс ханның суреті бар. Құбылай атасын көрген, сол суретті дәл салыпты деп риза болған дейді. 1228 Үгедей хан Батумен бірге Қытайды шабады. Бір қаласын басып алған соң, сол қаладағы суретші 21-22 жастағы Батудың келбетін қағазға түсіреді. Міне, сол Бату мен Шыңғыс ханның суретінің ортасынан кітаптағы суреттерді салдырдым, — дейді автор.

Ұларбек Дәлейұлы енді Шыңғыс хан, Бату хан, Тоқтамыс хан туралы кітаптар жазбақшы.

Ақын, журналист Асылан Тілеген «Мәншүк Мәметова кім?» деген кітап жазып шығарды. Автор кітаптың тұсаукесері өтетінін хабарлап, достарының чатына хабарландыру жіберген екен. Бір досы кітаптың атауын көріп «Мәншүк Мәметова пулеметші ғой» депті.

Шынында, Мәншүк апамыз туралы білетініміз оның соғыста пулеметші болғаны ғана екен. Басында өзімнің де білгенім сол еді. Кеңес одағының батыры атағын алған тұңғыш қазақ қызы. Кітап жазуға ұсыныс түскенде бірден Мәншүк Мәметованы таңдап алдым. Себебі Мәншүк апамыз ауылымыз жақтан. Өз топырағымыздан шыққан тұлғалар туралы білмей жатсаң ұят. Бұл кітап оңай шағылатын жаңғақ деп ойлағам. Балалар басылымында істейтіндіктен, балаларға арнап жазып жүрміз ғой, тез-ақ бітіріп берем деген едім. Олай болмады, — дейді Асылан Тілеген.

Мәншүк Мәметова, кітап
Фото: Mazmundama баспасы

Автор кітапты жазып, шығарушы редактор Жандарбек Болатбекұлына ұсынған. Бірақ кітап авторға қайтып келген.

Шыны керек, бетім қайтып қалды. Болып-толған адам сияқты жазып тастағанымды қайтейін, қайта жазу керек дегенде кәдімгідей тосылып қалады екенсің. Содан кейін барып «Ол кім?» сериясының кітабын қалай жазу керек екенін түсіндім. Бастысы, бала тіліне, баланың санасына лайық болуы керек. Бірінші нұсқасында сүрлеу алып кеткен жерлер бар екен, содан қайта кірісу керек болды, — дейді автор.

Асылан Тілеген кітапқа қайта кіріскеніне өкінбейді. Деректерді қайта қарап шығып, Мәншүк Мәметова кеше ғана — ары кетсе 100 жыл бұрын өмір сүрсе де, ол туралы дерек аз екеніне көзі жетіпті.

Мәселен, батырдың анасы Әмина апамыз бертінде ғана қайтыс болған. Шешесінің өзі жүйелі ақпар қалдырмапты. Мәншүк Мәметова туралы зерттеу материалдары да жоқтың қасы. 2022 жылы батырдың туғанынан 100 жыл толып, эссеші, журналист Мақсат Тәж-Мұрат ағамыздың батыр туралы кітабы шыққан. Дегенмен оның өзі көбіне эссеге сүйеніп кеткен. Содан біраз қиындық туды. Журналистикадағы ағамыз Жүсіпбек Қорғасбектің бір үйреткені бар еді. Қандай да бір кейіпкерді жазсаңдар, сол адам жүрген жолмен жүріңдер дейтін, — деді ақын.

Сөйтіп, автор Алматыдағы Мәншүк Мәметова оқыған №28 мектеп-лицейге барған. Ішіне кірмесе де, айналасында жүріп қайтқан. Бұл жазушы адамға шығармашылық көңіл-күй қалыптастырады. Содан кейін Панфилов паркіне барып, батыр қыз жұмыс істеген ғимаратты көріп қайтқан.

Көз алдыма Мәншүкті келтіргендей болдым. Жатсам да, тұрсам да Мәншүктің бейнесін қалыптастыруға тырыстым. Кейін келіншегіме де, достарыма да «Мәншүкке ғашық болып қалған сияқтымын» деп қалжыңдаймын. Соғысқа кетер алдында 20 жастағы қыз ғой. Өзі өжет, айтқанынан қайтпайды. Ондай қызға қай жігіт ғашық болмасын?! Балалық шағын жазғанда қарындасымдай көрдім, бой жете келе ғашық болатын қыз ретінде қараған сияқтымын. Сондай бір көңіл-күйде жүріп жаздым, — дейді Асылан Тілеген.

Автор көптің көкейінде «Кішкентай қызды неге ешкім қорғап қала алмады? Неге соғысқа жіберді?» деген сұрақ туындайтынын айтты. Оның айтуынша, бұл сұрақтардың жауабы кітапта бар.

Мәншүк 21 жасында қаза болған. 21 жылдық ғұмыр түк емес сияқты. Кітап жазу үшін дерек керек, оқиға керек. Ал сонша аз ғұмыр кешкен адамның өмірінде қанша оқиға болуы мүмкін?! Кеше ғана бала болып, сосын оқуға түсіп, соғысқа кетеді де, қайтыс болады. Оқиға мен дерек аз. Дегенмен фактісі мен дәлелі барын алуға тырыстық, — деп сөзін аяқтады Асылан Тілеген.

Әлихан Бөкейхан, кітап
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Ол кім?» — Mazmundama баспасының балаларға арналған серияларының бірі. Бұл серия бойынша шығатын кітаптар тұлғатану әліппесі сияқты. Серия бойынша бүгінде 15-ке жуық кітап шыққан. Баспа қазақтан шыққан тұлғалар туралы жазғанға дейін «WhoHQ» деген серия кітаптарын ағылшыншадан қазақ тіліне аударып басқан еді.

Бұл серияның кітаптары, шамамен, 2000 таралыммен шығады. Тұлғалар туралы кітаптарды Kaspi-дүкеннен сатып алуға болады. Баспаның Алматыдағы Coffee book кофеханаларында да сатылады.

***

Тағы оқыңыз:

Балаларға арнап тұлғалар туралы кітап шығаратын кімдер? — Шығарушы редактормен сұхбат