Шразаддин Қаниязов әріптесі Жібек Зинеловамен бірге "Кәмпитті жеген кім?" және "Кербезмүйіз" ертегілерін жазып шықты. Екі кітап та 2000 таралыммен басылып, қазір сатылымда жүр.

Оқырманның жылы лебізін де алған. Екі кітапты тағы да басып шығару жоспарланып отыр. Шразаддин ертегілерді оқырманға ұсыну идеясы және Қазақстандағы балаларға арналған кітап нарығы туралы айтып берді.

«Кербезмүйіз» атауы қалай ойлап табылды?

«Кәмпитті жеген кім?» ертегі кітабының тұсауы биыл мамырда, «Кербезмүйіздікі» шілдеде кесілді. Ертегілер 2021 жылдың елімізде «Балалар әдебиеті жылы» деп жариялануы аясында «Алтын сақа» баспасынан шықты. Бұл баспа биылғы жарты жылдықта қазақ балалар әдебиетіне 100 кітап шығарып қосты. Атаулы жылға үлесіміз болсын, өскелең ұрпаққа пайдамыз тисін деп Жібек екеуіміз осы екі кітапты жазып шықтық.

Кітап шығару ісінде мен көбіне, идея берушімін. Балаларға ертегі жазамыз дегенде орысша «единорог» деп аталатын қиял-ғажайып жануар жайлы жазуды ойладық. Өйткені әлемде осы «единорог» феномені жүр. Байқасаңыз, балалардың ойыншығында, киімінде, сөмкесіне дейін осы жануардың суреті қаптап кеткен. Демек біз де сол лекке ілесуіміз қажет.

Ал біздің сөздіктерде оның аудармасы «жалғызмүйіз» деп аударылыпты. Мифология тұрғысынан сұлу, кербез жануарды бұлай аудару жануардың сипатын бермейтіндей көрінді. Сосын «кербезмүйіз» деп аударуды ұсындым. Бұл да бір эксперимент.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Кербезмүйізбен кездесетін бас кейіпкердің есімі – Айзия. Қазақша айтқанда, Айсәуле, өйткені «зия» араб тілінен «сәуле» деп аударылады. Біз кербезмүйіз деген әдемі атаудың қасында ерекше есімнің болғанын қаладық. Ертегі желісі бойынша қыз кербезмүйіздің қылын өртеп көріп, өзі қиялдаған басқа әлемге тап болады. Ол кербезмүйіздер әлемі еді. Айзияны көргенде-ақ адамзат баласынан талай зиян шеккен кербезмүйіздер оның тез арада өз әлеміне қайтуын талап етеді. Айзия сол ғажайып әлемде небір қиындықты басынан өткізеді.

Бір жағы, жас оқырманға жануарларға зиян келтіруге болмайтынын жеткізгіміз келді. Жануарлардың да өзінің өмірі, көңілі бар екенін ұғындырсақ деген мақсат болды.

«Кәмпитті жеген кім?» не туралы?

«Кәмпитті жеген кім?» ертегісін оқырманға ұсыну формасы ерекше. Әдеттегі сара жолға салмадық, эксперимент жасап көреуге бекіндік. Ертегіде оқиғаны баяндаушы, яғни автор жоқ. Кәмпиттің жоғалғаны туралы оқырман әр кейіпкердің куәлігінен біледі. Рюноскэ Акутагава деген жапон новеллисі бар. Оқиғаны берудің осы тәсілін сол жазушының кітаптарынан көрдім.

Ертегіні әр кейіпкер алдыңғы кейіпкердің айтқанын жоққа шығаратындай етіп жаздық. Әр куәгердің куәлігін оқыған сайын оқырман «кәмпитті жеген осы екен» деп ойлайды, бірақ ол да кінәлі болмай шығады.

Дегенмен оқиға желісін қызық қыламыз деп балаға ұрлықты насихаттап алмайық дедік. Өйткені «Алтын сақа» баспасының балалар әдебиетіне қатысты үш құндылығы бар: шығарманың балаға пайдалы болуы, танымдық мақсатта болуы және әдепті үйретуі. Кәмпитті әйтеуір біреу жеуі керек қой. Сосын кінәліні «таптық». Ертегінің соңында кінәлі отбасынан кешірім сұрайды, оны отбасы кешіреді. Балаға «қателессең, кешірім сұрай біл» дегенді жеткізгіміз келді.

Ертегіде кәмпиттің әруағы өзін кім ұрлағанын баяндайды. Осы кейіпкерді біраз талқыладық. Дегенмен мұны балалар жеңіл қабылдайтынын түсіндік. Мысалы, «әруақтарға жеті шелпек пісіру» дегенді балалар қалыпты нәрсе деп ойлайды. Оның үстіне, біздің баспада балалардың екі психологы бар. Біріншісі – балалардың психологиялық мәселесін емдеумен айналысатын маман, екіншісі – ертегітерапияны, яғни баланың қорқынышын ертегі арқылы жеңу саласын оқыған маман. Бұл ертегілердің бәрі сол мамандардың алдынан өтеді.

Екі ертегі де 6 жастан асқан балаларға арналған. Дегенмен «Кәмпитті жеген кімнің?» тілі жеңілірек, оқиғасы да қысқа. Бұл ертегіні 8-10 жастағы бала оқымауы мүмкін. Сосын «Кербезмүйіз» арқылы оқырманды есейткіміз келді. Оқиғасын шиеленістіруге тырыстық.

«Алтын сақа» баспасынан шығатын кітаптың бәрінде QR-код бар. Телефонның QR қосымшасы арқылы ертегілерді тыңдауға болады. Бұл баласына ертегі оқуға уақыты жетпей жатқан ата-анаға ыңғайлы.

Екі кітапты да Алматыдағы, Қызылордадағы және Нұр-Сұлтандағы KitapAl дүкендер желісінен сатып алуға болады. Басқа қалаларда жеткізу қызметі бар. Ол үшін дүкеннің Instagram-парақшасында тапсырыс беру керек. Еліміздің кез келген аймағына тегін жеткізіледі. Екі кітаптың да бағасы өте арзан.

Шразаддин Қаниязов
Шразаддин Қаниязов. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«Алтын сақа» баспасы тағы 100 кітап басып шығарады

Кітап жазыла бастағаннан, типографиядан шығып, сөреге түскенше авторлардың назарында болады. Өйткені шығармасының қандай болуы керек екенін авторлардың өзі ғана біледі. Екі кітаптың да суретін 11-класс оқушысы салды. Аты-жөні – Жұлдызай Әлкеева. Баспа кітаптың балаларға пайдалы болуын ғана емес, осы арқылы талантты жастарды қолдауды да ойлайды.

Кітаптардың жарнамасы тек кітап дүкенінің парақшасында бар. Екі кітап та таусылайын деп жатыр. Қайта басуды жоспарлап отырмыз. Ата-аналардың жылы пікірлерін әлеуметтік желілер арқылы білеміз. Осындағы кеңсемізден дүкенге шығып, оқырмандардың қандай кітап қарап жүргенін көреміз. Сонда балаларға арналған кітаптар сөресінде жас оқырмандардың анасына «осыны алайықшы» деп тұрғанын көргенде іштей марқайып қаламыз. Балалар мектептен келіп кітаптарымызды оқып отырады. Демек еңбегіміз зая емес.

Адам өзінің осал тұсын білуі керек деп ойлаймын. Менде идея, креатив болса да, ертегі жазсам да, кей жерде көркем тіл жетпей қалуы мүмкін. Оған Жібек Зинелова шебер. Баспаның бірінші 100 кітабының 20-30 шақтысы да сол әріптесімдікі. Балаларға арналған тәрбиелік мәні бар қысқа шығармалар жазды.

Жыл соңына дейін «Алтын сақа» баспасы балаларға арналған 100 кітаптың екінші легін таныстырады. Кітаптардың тұсауы қараша айының соңында немесе желтоқсан айының басында кесіледі. Мұндай еңбектің артында 60-70 адам тұр: жазушылар, аудармашылар, суретшілер, баспагерлер, аудио оқушылар және тағы басқалары.

Бұл лекте де Жібек өте өнімді жұмыс істеді. Барлық жастағы балаға арналған кітаптар жазды. Екінші лектегі кітаптың басым бөлігі Жібектің қаламынан туады деп үміттеніп отырмыз. Ол — қаламы қарымды, болашағы зор жазушы.

Екінші лекте менің қызметім – идея қосу, мұқаба суретін ойластыруға көмектесу. Мұқабаға қатысты ой білдіруде талғамыма сүйенемін. Мұқабаның талғамға қаншалықты сай болғанын оқырман айтады. Дегенмен барынша заманға сай мұқаба жасауға тырысып жатырмыз. Оған қоса, редакциялау жұмысына да қатысамын.

100 кітап шығару үшін бүкіл ұжым бір адамдай еңбек етуі керек. Әріптестерім жұмысын қатты жақсы көреді. 09.00-де келіп, 18.00-де кету деген жоқ. Әркім өз жұмысына кіріп кететіні сонша, түнге дейін дүкенде қалып қоятын кездер де болады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

 «Біздің балалар әдебиетіне креатив жетіспейді»

Жоғарыда «Алтын сақаның» балалар әдебиетіне арнап 100 кітап шығарғанын айттым ғой. Сол кітаптарды жазбас немесе аудармас бұрын Қазақстан нарығын зерттедік. Бұған 3-4 ай уақыт кетті. Түсінгеніміз – біздің балалар әдебиетіне креатив жетіспейді.

Ол әдебиетті балаларға арналған дейміз, бірақ шығармалар баланың қалауын қаншалық ескеретіні түсініксіз. Жазушылар әдебиетті өз ойындағы идеал балаға арнап жазып жатқандай әсер қалдырды.

Өкінішке қарай, аға буын жазушыларымыз «Біз жақсы нәрсе жазып бердік, енді оқырман соны оқуға міндетті» деп ойлауға бейім. Ал біз «Балалар, жастар кітап оқымай жатса, мәселе бізде, демек біз бірнәрсені қате істеп жатырмыз» деп есептейміз. Біз деп отырғаным – кітап жеткізушілер, мұқабасын жасаушылар, жазушылар, жалпы кітап саласында жүргеннің бәрі. Бұған балалар, оқырман кінәлі емес. Шығармашылық адамдарында эго басымырақ болады. «Мен керемет жазып едім, әттең, соны оқымай жатыр» деген ойды ысырып тастау керек. Оқырман кітапты оқыса, шығарма жақсы деген сөз. Оқылмаса, шығарма ортаңқол деңгейде жазылған. Демек, заман талабына сай өзгеруіміз керек.

Үлкен үлкендігін көрсетіп, баланы түсінуге ұмтылуы керек. Біз, ересектер, баланың қамын ойлауымыз қажет. Қамқорлық пана болу, тамағын тоқ, көйлегін көк етумен шектелмейді. Оқитын дүниесін, бала қызығатын, оған пайдалы болатын нәрсені тауып беруге міндеттіміз.

Шразаддин Қаниязов
Шразаддин Қаниязов. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Өзіміздің нарықты шолып біткен соң Америкаға назар салдық. Мысалы, Amazon-дағы балаларға арналған топ-10 кітапты қарадық. Оларды жас оқырман не себепті таласып-тармасып оқитынын, стилі қандай екенін және олардан біз не ала алатынымызды қарастырдық. Балаға жақсы қандай дүние бар, содан шабыт алдық. Өйткені түптің-түбінде ол жақтың бәрі бізге келеді.

«Балалар әдебиеті – кішкентайларға арналған үлкен әдебиет» деген бар. Сол үлкен әдебиеттен титтей бір орын ала алсақ, бақытты болушы едік.

 

Baribar.kz автордың рұқсатымен «Кербезмүйіз» ертегісінен үзінді жариялайды.

АЙЗИЯ

Ұйқы алдында Айзия әдеттегідей сабақ үстеліне келіп отырды. Үстел үсті тап-тұйнақтай. Кітаптар қаз қатарынан тізіліп тұр. Қарсы алдындағы үлкен плакатта кербезмүйіздің кісінеген ерекше қалыбы суреттелген. Кітаптардың дені осы жануар туралы ғылыми зерттеулер, ертегі, аңыз-әңгімелерден тұрады. Оның бәрі оқылған дүниелер. Бірақ оны қайталап оқудан Айзия еш жалыққан емес. Қашан кербезмүйізді бір көргенше оның қиялы жанына тыныштық бермейтін тәрізді. Ол ешкімнің айтқанына құлақ аспайды. Бәрі оны кербезмүйіздер бұл өмірде ешқашан өмір сүрмейді деп күлкіге айналдырады. Олардың мазағы Айзияның қиялына одан әрі қанат бітіре түсетін тәрізді.

Қойын дәптерін ашып, бүгінгі оқиғаларды түртіп алғысы келді.

Әр күн – үміт. Әр күн – мүмкіндік. Сөз соңында:

«Маған өзіңнің белгіңді қалдыршы, менің сүйікті кербезмүйізім!» деп аяқтады. Ол мың қайтара жазудан жалықпайтын осы сөйлемін ешқашан тастаған емес. Анасын ойлады. Анасын ойласа, есіне тағы да сол жануар түседі. Шарықтап кеткен қиялдың құшағында кірпігі ілініп кетті. Әкесі жаймен есікті ашып, бөлмеге көз салды. Айзия тәтті ұйқы құшағында. Маңдайынан сүймекші болып, бөлмеге дыбыссыз кіріп келді. Қызына жақындай бергені сол еді, терезеден бір жарық нұр үстел үстіне түсіп тұр екен. Бүгін ай ерекше жарық.

«Қызым! Мақтанышым!» деп маңдайынан мейірлене иіскеген әкесі көрпені қымтап жауып, бөлмеден шығып кетті. Ертеңінде Айзия сергек оянды. Көңіл-күйі керемет. Тезірек төсегінен тұрып, сабағына кетуге асықты. Жуыныпшайынып, үстелге отырды. Әкесі мен қызы таңғы астарын көңілді ішті.

ЖАҢА ӘЛЕМГЕ САЯХАТ

Кешкісін сабақ үстеліндегі «Жалғыз кербезмүйіз» туралы аңызды қайтадан оқып шықты. Бұл жолы оған ерекше бір ой сап ете қалды. Мүмкін оларға хат жазып көрсем бе екен!? Қойын дәптерін алып, бүгінгі бастан кешкен қызықты сәттерін жазуға бекінді. Барлық беттер жазылған, жазылған… А, міне! Кешегі күн. Енді… Бүгін. Ааа?! Бұл не? Бір тал жылтыраған жіп. Жіп? Жо-жоқ, бұл қыл ғой.

Сосын ойына «Жалғыз кербезмүйіз» ертегісіндегі оқиға түсе кетті. Оның жүрегі тез-тез соғып жатыр. Бұл – үміт. Қанша жыл бас тартпаған арманы. Демек бұл қылды тұтатып көру керек. Ас үйге ұрланып кіріп, шырпы әкелді. Енді не істеу керек!? Егер…Бір шырпыны жағып көрді. Қыл тұтанбады. Бірнешеуін алып жақты. Бұл күймек түгілі, отқа жанбайтын немене? Көңілі су сепкендей басылды. Бәрін тастай салды. Арғы бөлмеден «Қызым, түтіннің исі қайдан шығып жатыр!?» деп жақындап қалған аяқ дыбысын сезді. Не істеу керек? Соңғы үмітіне сеніп, қолына бір уыс шырпыны алып жақты. Қыл тұтанып жатыр. Бөлмеге бірдеңе болмаса екен. Әкесі бөлме есігінің тұтқасын ұстады…

Айзия мөлдір бұлақтың жанына тізерлей құлады. Әлі не болғанын түсінер емес. Мұрнына ғажайып хош иіс келді. Ол басын көтеріп, жан-жағына қарауға оқталды. Бірақ көңілінде әлдебір үрей бар. Не болып жатқанынан бейхабар. «Бұл қандай әлем? Мен қайдамын?!» деп ойы сан-саққа кетті. Қалай болғанда да әкесі іздеп қалмай тұрғанда кері қайтқаны дұрыс. Осылайша басын жаймен көтеріп, айналаға көз сала бастады.

Ертегі кітаптардан суретін ғана көріп жүрген таңғажайып әлем. Мың бояулы сұлу бақша.

Тіршілік біткеннің бәрі жайнап, айнала гүлге оранған. Мөлдір бұлақтың өзі жылтырап, көздің жауын алады. Айзия осынау дүниеге өзінің қалай келгенін, кім әкелгенін білмей таңырқап біраз тұрды. Бірақ өзі өмір сүретін әлемнен мүлдем бөлек екені анық. Ол осынау жайқалған әлемнің түсінде яки өңінде тұрғанын біле алмай біраз тұрды. Тіпті батылы жетер емес.

Қыз арқа тұсынан аяңдап келіп тоқтаған ат тұяғының дыбысын естіді. Жүрегі жиірек соғып кетті. Артына бұрылып қарағаны сол еді, жанына келген сұлу жануарды көріп, мүлдем қимылсыз қалды. Бұл не деген жануар?! Жалтыраған жібектей жалынан көз шағылысады. Сұлу жалы арқадан төгіліп, үзеңгілікке ұласқан. Тостаған көз, нұрлы жанардан әлдебір мұңды байқауға болады. Сүйір жақты, қас қабақты осынау жануар қайдан түсті?! Алдыға икемделіп, Айзияға жақындай қадам басты. Қос құлағын қайшылап, достасқысы келетін тәрізді. Айзия да именбей, қолын созып, маңдайдан сипағысы келді. Басынан төмен сырғыған алақаны жалғыз мүйізге тиді. Ат тепсініп қалды. Кербезмүйізді қарсы алдында көрген қыз әлі де сенерсенбесін білмей, оған тағы да жақындай түспекші болды. Бірақ кербез мойнын бұрып әкеткенде, Айзия тосылып тұрып қалды. Жануар бір жаққа бұрылып, жүріп барады. Қыз да кербезмүйіздің артынан ілесіп отырды.

Қадам басқан сайын түсініксіз жеп-жеңіл сезім байқалады. Құдды аспанда қалықтап жүргендей… Кербезмүйіздің бұрала біткен жалғыз мүйізі жалтырап нұр шашқанда жолдың бәрі жап-жарық болып кетеді екен. Бұл жануар қайда апарады? Бұл қандай әлем? Жан-дүниесін қорқыныш билеп келеді. Сонда да белгісіз жануардан жасқанар емес. Оның алға жетелеген асқақ арманы адам айтса нанғысыз ақиқатқа айналды. Айзия жан-жағындағы сұлулықтан таң-тамаша болып келеді. Бір кезде көз шағылысар үлкен сәулеге тап болды. Қыз жарыққа қарай алмай, көзін бұрып әкетті. Әлі басылар емес. Көз алдында келе жатқан жалғыз кербезмүйіз де көрінбей кетті. Сол сәтте Айзияның құлағына топырлаған көп тұяқтың тықыры, кісінеген, оқыранып, шұрқыраған түрлі дауыстар келді.

БЕЙТАНЫС ҚЫЗ

Бұл қайдан келген екі аяқты жаратылыс? Сұлу шашы толқындай таралған… Әдемі жанары, қысқа бойы, нұрлы келбеті бұл қыздан ешқандай жамандықтың белгісі жоқтығын байқатады. Жылы жүзді кішкене қыз орталарына келгенде, бәрі айнала қоршап тұра қалды. Бірінші болып кербездердің үлкені сөз бастады:

– Ортамызға келген бұл екі аяқты жаратылыс кім? Қайдан келген? Неге біздің арамызда? – деп сұрау салып, жан-жағына қарады. Кербездер бәрі мойнын жоғарытөмен бұлғағанда, құдды жауабы жоқ сұрақтай бір-екі минут үнсіздік орнады. Бұрын көрмеген бұл мақұлықтан залал келе ме деп, бәрі осы бір кішкене жаратылысқа ойлана қарайтын тәрізді.

– Бұл қыздың бізге қастығы жоқ! – деп қызға жол бастаған кербез ортаға шықты. Ол – бейкүнә жаратылыс. Бізді жатсынбайтын тәрізді. Жаңа менің маңдайымнан сипағанда-ақ оның ешқандай жаман ойы жоқтығын сездім.

– Жоқ, біз екі аяқтылардың қандай пиғылмен ортамызға келетінін білеміз. Ата-бабаның өсиетін ұмыттыңдар ма? Олардың бар ойы біздің жалғыз мүйізімізде! Соны қалайда қолға түсіру. Мен бұл мақұлықтың біздің арамызда қалғанын қаламаймын. Келген әлеміне қалайда кері қайтарайық. Әйтпесе ол бәріміздің түбімізге жетеді.

Осылайша кербездер шұрқырасып, Айзияның тағдырын талқылай бастады. Әрине кішкене қыз осы сәтте бұрынғысынан бетер таңғалып тұрған еді. Олардың сөзін ұқпаса да, өзі туралы әңгіме жүріп жатқанын сезгендей, өзіне жол бастаған «досының» ығына қарай тығыла түсті. Кербез досы да оны қорғағысы келгендей, денесімен оны көлегейледі. Осы арада екі әлемнің екі бөлек жаратылысы үнсіз ұғынысып, бір-бірін түсіне бастағандай…

Бұл екі аяқты мақұлық кім?
Басымызға бәле болмаса болғаны!
Жамандықтың жаршысындай келгенін қарашы!
Үйірімізге зияны тимей тұрып елден қуайық!
Иә, иә кетсін!, — деп жатты жан-жақтан кербезмүйіздер.

Айзия не істерін білмей бөтен жануарлардың арасында жатырқап, қорқып тұрды. Өзі сонша аңсаған кербезмүйіздер мұнша суық әрі қатал боларын кім білген. Ол күткен әлем мүлдем басқа еді. Кербезмүйіздер табиғаты тәкаппар әрі асау болатыны бәріне аян. Бірақ ең асау деген жануардың да жүрегінде жылулық бар емес пе деген ой Айзияны осы әлемге асық қылған еді. Міне, келді. Көрді. Кербезмүйіздер оның тағдырын талқылап жатыр.

– Қайтеміз енді бұл қызды?

– Елден кетсін, мекенімізден жырақ жүрсін.

– Адамнан қайыр келгенін кім көріпті?! – Дәл солай!

– Қалағаны алтын мүйіз, құныққаны байлық! – деп талқылау қызып жатты. Олардың сөздерінен адамнан көрген қорлығын ұғуға болатын еді. Ұзаққа созылған талқы ақыры бітті. Шешім қабылданды. Шетте тұрған Айзияны ортаға шақырып шешімді хабарламақшы. Таңқалыс пен қорқыныш араласқан ол жан-жаққа жалтақтай қарап, ортаға өтті. Сонда кербездердің көсемі көсемтасының үстінен төмен қарап тұрып, бұйрықты жарияламақшы болды. Адам әлемінен келген кішкентай жаратылыстың болашағына «жаңа досы» да алаң. Айзия көсем кербезге қорқа қарап, шешімін күтіп тұр. Шешім жарияланды:

– Адамдар арасынан келген келімсек үйірден алысқа айдалсын. Өз күнін өзі көрсін. Үйірімізге зияны тимесін. Бұл шешім өзгермейді және қайта қаралмайды. Бітті. Айзия аң-таң. Әлі өзі түскен әлемді аңғарып үлгермей жатып алысқа айдалды. Енді қайтпек…