Жүсіпбек Қорғасбек – жазушы. 1961 жылғы 3 ақпанда Алматы облысының Әулиеағаш ауылында туған. Оқырманға «Жансебіл», «Үлпілдек», «Көкжалдар» деген шығармалары арқылы таныс.«Жансебіл» кітабының негізінде «Жансебіл» көркемфильмі түсірілген. «Қазақфильм» киностудиясы жазушының «Қасқыр – Адам» повесі бойынша «Талан» көркемфильмін түсірді. Жүсіпбек Қорғасбек 2001 жылғы «Тарлан – Үміт» сыйлығының иегері.
Baribar.kz тілшісі Жүсіпбек Қорғасбекпен сұхбаттасып, қазіргі қазақ әдебиетінің жай-күйін сұрады.

– Түрік жазушысы Орхан Памук бір сұхбатында «Он сегіз жасымда өлеңдер жаздым. Бірақ кейін бұл істі доғардым. Құдай менімен сөйлеспейтінін түсіндім» дейді. Сіз де әдебиетке алғашқы қадамды өлең арқылы жасадыңыз. Неліктен өлең сізді «тастап» кетті деп ойлайсыз?

– Мен Абай туралы үш мақала жаздым. Үш мақаланың біреуі «Қазаққа өлең деген бір қадірсіз» деп аталады. Осы мақалада өлең жайлы ойларымды көрсеттім. Өз басым өлеңді аян деп түсінемін. Себебі өлеңнің екі жолы адамға аян секілді түседі. Тылсым құдірет арқылы адам ойына екі жол өлең келеді. Ол қай кезде келеді? Кез келген уақытта. Көшеде кетіп бара жатып, бақтың ішінде жүріп, жұмыста отырып – айырма жоқ. Неге екі жол? Өлең міндетті түрде ұйқасымен келеді. Аян секілді түскен екі жолды ақынның өзі әрі қарай дамытып жазуы керек. Өлең жарияланғаннан кейін тылсым екі жолды табу оқырман үшін маңызды. Екі жолды тапсаңыз өлеңнің табиғатына жақындайсыз, өлеңнің құпиясы ашылады. Ал маған арасында екі жол, үш жол өлең өзінен-өзі келеді. «Бұл құдірет, тылсым дүние» деп айрықшалап айтқым келмейді. Бірақ ол менің еркімнен тыс келген өлең жолдары болғандықтан, мән бермей тұра алмаймын. Қойын дәптеріме көшіріп қоямын. «Үлпілдек» деген романымды өлеңдермен араластырып жазғанымның да себебі осы. Сондықтан да өлеңнен кеттім, болмаса өлең мені тастап кетті деген ой жоқ.

– Абай туралы үш мақала жаздым дедіңіз. Жазушылар белгілі бір уақыт межесінде Абайға жақындайды. Асқар Сүлейменов «Абайға тазару үшін келдім» дейді. Сіз не үшін келдіңіз?

– Асқар Сүлейменовтің «Абайға тазару үшін келдім» деген сөзі менің қазіргі жан-дүниемдегі, ішімдегі көңіл-күйімді  береді деп айта аламын. Мен де Абайға тазару үшін келдім.

Жүсіпбек Қорғасбек, жазушы
Фото Facebook-парақшасынан алынды

– Сіз  жүргізетін «Үркер» бағдарламасында қарымды қаламгерлердің де, жас жазушылардың да шығармалары талқыланады. Осы талқылауларда «ымырашыл сын» басым секілді. Сіздің ойыңызша шығарманың жақсы жақтарын атап, әлсіз тұстарына көз жұму қаншалық дұрыс?

– Бұл сұрақ маған көп қойылады. Көптен бері алдымнан шығып жүр. Қоғамның осындай сұрақ тудырғанына ризамын. Бұл сұрақтарға беретін жауабым да бар. Біріншіден, мен тек талантты ақын-жазушыларды, жақсы кітаптарды ғана шығаруға тырысамын. Екіншіден, кейінгі кезде сынды араластырып жүрмін. Қонақтарға «Неге шығарманың кемшілігін айтпайсыздар?» «Неге сынамайсыздар?» деген өткір сауалдар қойдық. Мәселен, Тынымбай Нұрмағамбет туралы хабарда қызу пікірталас болды. Жазушы Досхан Жылқыбай Тынымбай Нұрмағамбеттің мемлекеттік сыйлық алған «Періштелердің өлімі» романы туралы «Бұл – Тынымбай Нұрмағамбеттің өзіне-өзі жасаған сәтсіз пародиясы» деген сөз айтты. Ақын Асылан Тілеген «Бұрынғы шығармаларына қарағанда бұл шығармасы ұнаған жоқ» деді. Эфир бітіп, хабар шыққан соң ақын Темірхан Медетбек «Кішкене қаттырақ сын айтып жіберген сияқты. «Періштелердің өліміндегі» протестік көңіл-күй өте күшті» деген пікір айтты. Көрдіңіз бе? Пікірталас эфирден тыс жалғасып жатыр. Тынымбай Нұрмағамбет өзі телефон соғып «Осы тақырып туралы хабар өткізсеңдер мен барамын. Өйткені менде көптеген сұрақ туды. Мақтаған жігіттерге де ризамын, сынаған жігіттерге де ризамын. Бір хабарына мені қатыстыр» деп айтты. Менің ойымша, шығарманы мақтау да шарт емес, сынау да шарт емес. Шығарманың табиғатын ашып, кітаптың насихатын жасасақ, мақсатымызға жеттік деп есептеймін.

– Желіде «Қазақ жазушылары баламыздың қасіретін емес, бабамыздың қасіретін көп жазады» деген пікір бар. Сіз қалай ойлайсыз?

– Біз бастан өткеріп жатқан жағдайдың бәрі өркениетті елдердің де басынан өткен. Франц Кафка «Әкеме хат» деген шығармасында «Сен маған үнемі ұрысатынсың, тіпті мені ұруға дайын тұратынсың, өзіңнің пікіріңді танатынсың. Менің пікір айтуға құқым жоқ еді» деп баланың протестік көңіл-күйін береді. Бұл көңіл-күйді біздің қазіргі қоғамымыз бастан өткеріп жатыр. Алдыңғы буын мен кейінгі буынның арасында үлкен күрес жүріп жатыр. Бұл күресті қақтығыс емес, қайшылық деп қабылдаған дұрыс. Осы қайшылықтардың кесірінен көптеген жас ашыла алмай, орнын таба алмай, өзін «жоғалтып алып» сарсаңға түсіп жүр. Бұл проблемаларды қамтыған, бүгінгі күнгі мәселелерді көтерген шығармалар бар. Мысалы — Жанаөзендегі оқиға бойынша жазылған Ырысбек Дәбейдің «Қоңыз» романы, Нұржан Қуантайұлының «Үрейлі үш күн» әңгімесі, Тұрысбек Сәукетайдың «Мен жындымын» романы. Біз «Үркерде» Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» деген романын талдадық. Осы хабарда Смағұл Елубай былай деді: «Ақ боз үй» романын жазсам ба деп ойланып жүрген кезде Мұрат Әуезов Жазушылар одағының пленумында «Қазақстанда жиырмасыншы жылы және отыз екінші жылы үлкен ашаршылық болған. Отыз екінші жылы үш миллиондай халық қырылған. Осы мәселе туралы біздің жазушыларымыз бірде-бір шығарма жазған жоқ. Бұл – біздің атымызға сын. Осы мәселені жазбасаңыздар сіздер жазушы емессіздер» деген үлкен проблема көтерді. Бұл әңгімені естіген Орталық партия комитеті Мұрат Әуезовтің баспадан шығып жатқан кітабын турап тастаған». Міне, жазушылар осындай күрестің ішінде жүр. Жазылып жатқан жоқ деуге болмайды, жазылып жатыр. Мысалы, менің «Қыш кітап» деген кітабымның ішіне «Автопортрет» деген повесть енді. Повесть Алтынбек Сәрсенбаевтың басынан өткен оқиғалар туралы. Қазіргі қоғамның мәселелерін көтерген шығармалар, романдар көп. Бүгінгі күннің оқиғаларын жазбаған әдебиет ешқашан ұшпаққа жетпейтінін естен шығармау керек.

Жүсіпбек Қорғасбек, жазушы
Жүсіпбек Қорғасбектің жас кезі. Фото: Шүкір Шахай

– Сіз журналистика саласына да ерте араласып, өнімді еңбек еттіңіз. Шерхан Мұртаза Оралхан Бөкей жайлы естелігінде «Газет жұмысы – бір жағынан жазушының досы. Ел көресің, жер көресің, сан түрлі адаммен кездесесің. Шығармаға жем табылады. Газет – бір жағынан жазушының жауы. Ойыңда жүрген, көкірегіңді кернеген дүниені алаңсыз отырып жаза алмайсың» дейді. Бұл ойдан журналистиканың жақсы жағы да, жаман жағы да әдебиеттің мүддесі үшін қызмет атқарып тұрғанын аңғарамыз. Сіз де сұхбаттарыңызда шығармашылықпен еркін айналысуға журналистиканың кері әсері бар екенін айтасыз. Қаламгерлер журналистиканы күнкөріс үшін пайдаланып құнсыздандырып алған жоқ па?

– Бұл өте күрделі сұрақ. Әдебиет пен журналистика қатты араласып кетті. Бұл мәселе бізде ғана емес, әлемде де бар. Біздің үлкен жазушыларымыздың бәрі, тіпті Мұхтар Мағауинге дейін ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Ол әңгіме уақыт жағынан айтылған әңгіме болуы керек. Шын мәнінде журналистиканың пайдасы болмаса, зияны болған жоқ. Өмірлік материалдарды көп жинадық. Ал журналистикаға ақын-жазушылардың барғанынан  журналистика ұтылған жоқ. Себебі тіл жағынан, ой жағынан, идея жағынан журналистика да байыды деп есептеймін. Бүгінгі заманда журналистика мен әдебиет мидай араласып кетті. Қайсы публицистика, қайсы көркем шығарма екенін ажырата алмай қалатындай дәрежеге жеттік. Қайталап айтамын, бұл мәселе бізде ғана емес, әлемде де бар. Нобель сыйлығын алып жатқан шығармалардың кейбірінде журнализм басым. Қазір публицистика әлемде де, әдебиетте де жоғары бағаланады. Сондықтан қаламгерлер журналистиканы күнкөріс құралы ретінде пайдаланып кетті деп айту әңгіменің бергі жағы шығар, ал тереңдеп баратын болсақ екі сала бірін-бірі тек байытумен келе жатқанын байқаймыз.

– Жас жазушылардан, жас ақындардан кімдерді оқисыз?

– Қанат Тілеуханның бірнеше әңгімесін «Үркерде» талдадым. Қанаттың қолтаңбасы ұнайды, ашық мәтіндегі жазушы. Ырысбек Дәбейдің «Әкелеріміздің әңгімесі» деген керемет сериялы шығармасы, Ұларбек Нұрғалымның «Дайағашшы» кітабы, Қанат Әбілқайырдың «Жылан кегі» деген аллегориялық, мистикалық астары бар керемет классикалық повесі бар. Бекзат Смадияр, Асылан Тілеген, Досхан Жылқыбай деген талантты жігіттерді де оқып тұрамын. Қазіргі таңда жастарды жиі оқуға тырысамын.

– Әңгімеңізге рақмет.

***

Тағы оқыңыз: 

«Жазушы шығармашылығын құдаймен ерегесуден бастайды». Досхан Жылқыбаймен сұхбат