Депутаттар 257 халықаралық іс-шараға қатысып, 38 шет елдің парламентімен ынтымақтастықты жүзеге асырды.
Бұл туралы парламенттің 2-сессиясының жабылу рәсімінде мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтты.
Өткен сессия барысында алты парламенттік фракция, бірмандатты және ассамблеядан сайланған депутаттар белсене қызмет атқарды. Фракциялар сайлаушылардың сұранысына сүйене отырып, өзекті міндеттерді орындау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Партиялардың бағдарламасы мен идеологиялары әр түрлі болса да, мемлекеттік мүддеге келгенде бәріміздің ұстанымымыз ортақ. «Бір ел – бір мүдде», «Инклюзивті Парламент» және «Өңір» депутаттық топтарының қызметі де осының көрінісі, — деді палата спикері.
Ерлан Қошанов парламенттік дипломатияны дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты.
Сессия барысында депутаттар халықаралық 14 парламенттік ұйым шеңберінде белсенді жұмыс істеді. 257 халықаралық іс-шараға қатысып, 38 шет елдің парламентімен ынтымақтастықты жүзеге асырды. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің 20 жылдығына арналған Съезд хатшылығының 21-отырысы жоғары деңгейде өтті. Осы айдың басында Алматыда Қазақстанның төрағалығымен ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы парламенттік ассамблеясы кеңесінің отырысы болды. Биыл біздің Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогына төрағалығымыз аяқталды, — деді ол.