Заңсыз құрылыс нысаны Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында Бәйдібек би ауылында сот шешімімен бұзылды.
Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады.
Еңбекшіқазақ аудандық соты Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының тиісті құжаттарсыз салынған ғимаратты бұзу туралы талап-арызын қанағаттандырды. Нысанның меншік иесі – жеке тұлға. Ол объектіні заңды құжаттарсыз тұрғызған.
Еңбекшіқазақ аудандық сотының шешімімен басқарманың талап-арызы қанағаттандырылды. Бұрын меншік иесіне ерікті түрде бұзу туралы хабарлама жіберілген. Сот шешімін орындауға қожайын тарапынан ешқандай әрекет болмағандықтан, нысанды сот орындаушылары бұзды. Ауданда заңсыз құрылысты бақылау күшейтіліп, төрт коммерциялық нысан бұзылды, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар бүгінгі күні Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына тағы жеті заңсыз құрылысты бұзуға талап-арыз жолдаған. Олардың ішінде Бәйдібек би ауылындағы тағы екі заңсыз нысанды бұзу жоспарланып отыр.