Алматыда 24 сәуір мен 31 мамыр аралығында Батыс Желтоқсан көшесінің М. Ганди көшесінен Тимирязев көшесіне дейінгі аралығында көлік қозғалысы ішінара шектеледі.
Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлады.
Уақытша шектеулер магистральдық құбырды ауыстыру және жол төсемін орташа жөндеу қажеттігіне байланысты енгізілді.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, қызмет нормативтеріне сәйкес есептелген учаске 1992 жылдан бері қолданысқа енген. Мониториң кезінде кейінгі бес жылда мұнда 17 рет ақау болған.
Құбырды жөндеу жұмыстары кезінде күн сайын сағат 07.00-ден 22.00-ге дейін Батыс Желтоқсан көшесі бойынша көлік қозғалысы солтүстік бағытта бір жақты болады. Күн сайын сағат 22.00-ден 07.00-ге дейін және демалыс күндері қозғалыс екі жаққа да жабылады. Ганди көшесінен оңтүстік бағытта әл-Фараби даңғылына шығатын жол Қозыбаев көшесі бойынша ұйымдастырылады, — делінген хабарламада.
2 мамырдан бастап қалалық мобильділік басқармасы әл-Фараби даңғылынан Тимирязев көшесіне дейін Батыс Желтоқсан көшесінде орташа жөндеу жұмыстарын бастайды.
Ең алдымен тротуарлар мен арық желілері жөнделеді, бүлінген жиектер ішінара ауыстырылады, содан кейін асфальт жабыны фрезерленеді. Құбырды және асфальт жабынының төменгі қабатын төсегеннен кейін жолдың бүкіл еніне полимерді қолдана отырып, асфальтбетон төсеу жүргізіледі, — делінген хабарламада.
Қозғалыс толығымен 1 маусымға дейін қалпына келтіріледі.
Әкімдік жүргізушілерден мәжбүрлі қолайсыздықтарға түсіністікпен қарап және көрсетілген учаскені айналып өту жолдарын алдын ала қарастыруды сұрайды.