Басты бетЖаңалықтарҚуандық Бишімбаевтың...

Қуандық Бишімбаевтың соты 2 мамырға шегерілді

Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша 29 сәуірге жоспарланған тараптар жарыссөзі өтпеді. Сот отырысы 2 мамырға шегерілді.

Таңертең айыпталушылар сот ғимаратына жеткізілмегендіктен сот отырысы 14.30-ға шегерілді.

Түстен кейін мемлекеттік айыптаушы екінші сотталушы Бақытжан Байжановқа тағылған айыптардың бір бөлігін алып тастау тауралы өтінішті оқыды. Осыған байланысты сот отырысы кейінге шегерілді.

Айыптаушы тарап Бақытжан Байжановты ҚР қылмыстық кодекстің 434-бөлігі бойынша айыптаудан бас тартады. Б. Байжановты қылмыстық кодекстің 432-бабында көзделген аса ауыр қылмысты алдын ала уәде бермей жасырып, қылмыс жасады деген айыппен қылмыстық істі қарауды жалғастыруды сұрайды. Қылмысты жасыру — сот төрелігіне қарсы тұрудың бір түрі, бұл қылмысты ашуды және кінәліні жауапқа тартуды қиындатады. Сондықтан Б. Байжановқа қатысты айыптаудың жаңа тұжырымын қабылдауыңызды сұраймыз, — деді прокурор Саяхат Нұрбеков.

Келесі сот отырысы 2 мамырда сағат 10.00-де өтеді.

Айта кетейік, Қуандық Бишімбаевтың ісі Астана сотына жіберілген болатын. Оған екі бап бойынша айып тағылып отыр. Олар:

  • Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігінің 6-тармағы – адам өлтіру, басқа адамды қасақана аса қатыгездікпен адам өлтіру қазаға ұшырату (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру);
  • Қылмыстық кодекстің 110-бабы, 2-бөлігінің 1-тармағы — адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi не кiнәлi адамға материалдық немесе өзгедей тәуелдi адамды қинау (төрт жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немес осы мерзімге бас бостандығынан айыру);
  • Ал Бақытжан Байжанов қылмыстық кодекстің 432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу) және 434-бабы (аса ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша айыпталып отыр.

Еске салайық, былтыр 9 қарашада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың елордадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып, өлтіргені туралы хабар тарады.

12 қарашада Қуандық Бишімбаевқа қатысты екі айға қамауға алу туралы бұлтартпау шарасы қабылданғаны белгілі болды.