Таңнан кешке дейінгі дайындық, би сабақтары, бітпейтін диета мен аптасына бірнеше рет кешке сахнаға шығу — балет артистерінің шаршауға да уақыты жоқ. Бірақ олар ештеңеге қарамастан, жұмысын сүйіп істейді. Бұған көз жеткізу үшін Baribar.kz тілшілері бір күнін Абай атындағы опера және балет театрының артисі Гүлнұр Амангелдиевамен бірге өткізді.
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Гүлнұр Амангелдиева 24 жаста. Ол Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрына 17 жасында жұмысқа тұрған.

Алматы хореография училищесін бітіргенмін. Театрда 2017 жылдан бері істеймін. Жеті жасымнан бастап Атырау қаласында кіші өнер академиясында балет класында оқыдым. Кейін әжем Алматыға ертіп келіп, училищеге түсірді. Былай қарағанда, ес білгелі балетпен айналысады екенмін, — дейді ол.

Таңғы дайындық. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Гүлнұрдың жұмыс күні сағат 10-да басталады. Өзіне жұмыстың қиын тұсы да — осы.

Таңертең 9-да келіп, денемді қыздыра бастауым керек. Одан соң би сабағы болады. Күн сайын ерте тұру қиындау. Кейде ұйқымды ашып үлгермеймін, — дейді ол.

Гүлнұрдың бүгінгі жұмыс кестесі тым қарбалас. Бүгін театр артистері концертте өнер көрсетеді. Гүлнұр қазір дайындыққа кіргелі жатыр.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Концертте екі қойылымға қатысамын. Қазір «Абай» операсының «Тойбастар» деген үзіндісінің дайындығы болады, — деді ол асығып.

Дайындық залына ерте кірген артистердің бәрі денесін қыздырып, хореографты күтіп отыр. Кейбірі бидің үзінділерін қайталап жатыр. Біз осы кезде Гүлнұрды әңгімеге тарттық.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Біз күн сайын жаттығу жасаймыз. Күн сайын денемізді созамыз. Содан болса керек, қандай трюк жасасақ та, денеміз мүлдем ауырмайды. Тек тұмауратып қалғанда денеміз қаттырақ ауыратыны бар. Бірнеше күн жаттықпай қалып, қайта қосылғанда да бұлшықет кішкене ауырсынады. Бірақ әдетте демалыста болсақ та, денеміз өзі жаттығуды сұрап тұрады. Аяқты созып, жаттыққымыз кележі. Әсіресе, еңбек демалысында жаттығуды сағынып кетеміз, — дейді ол.

Расымен артистердің қарапайым тұрысына қарап-ақ жаттығу жасап тұр ма деп қаласың. Гүлнұрдың айтуынша, кейбір балет элементі артистер үшін күнделікті әдет болып кеткен.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бір күн жаттығудан қалып қойсақ, келесі күні біршама қиналамыз. Сондықтан, байқасаңыз, артистер үнемі денесін қыздырып отырады. Үнемі аяғын созып, шпагатта отырады. Балет артистері жұмыс уақытында аяғын жинап, қарапайым адам сияқты отыра бермейді, — дейді ол күліп.

Бірер минуттан кейін залға хореограф келді. Артистер орындарынан тұрып, дайындыққа кірісті.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Дайындықта артистерді концертмейстер Зәуре Жұбанова фортепианомен сүйемелдеп отырды.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ал дәл осы сәтте сахнада оркестр қызу дайындық жүргізіп жатты. Опера және балет театрының артистері сахнада тек үлкен оркестрмен өнер көрсетеді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жұмыс кестесі бойынша, артистер осы дайындықтан соң түскі үзіліске шығуы керек. Бірақ Гүлнұр бүгін үзіліске де уақыт қалмауы мүмкін дейді.

Түскі үзіліске шығуға уақыт болмайтын сияқты. Кейде солай да болып қалады. Мүлдем реті келмей жатса, жүре береміз. Тіскебасар жеп алып, дайындықтан босағанша күтеміз, амал жоқ, — дейді ол.

Бүгін Гүлнұр түскі үзіліске шығуға шынымен уақыт таппады. Ол тек бес минутқа асханаға кіріп-шықты.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Кішкене жүрек жалғап алған соң, кезекті дайындыққа кірісіп кетті. Бұл жолы ол «Аққу көлі» қойылымына дайындалады. Гүлнұр дереу киімін ауыстырып, залға пуант аяқ киімдерін (балет артисінің арнайы аяқкиімі — ред.) ала кірді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Пуант аяқты ауыртпайды. Оның бас жағы, керісінше, өте ыңғайлы етіп жасалған. Бірақ кешке, әдетте аяқтың ұшы жара болып, ісіп кетеді. Кейде тіпті тырнақ түсіп қалуы мүмкін. Мұның алдын алу үшін жапсырмамен орап қоюға тырысамыз, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Артистер қайтадан орындарынан тұрып, «Аққу көлінің» дайындығын пысықтады. Дайындық шамамен бір сағатқа созылады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Залдағы дайындық аяқталған соң, артистердің бәрі сахнада бір билеп көрді. Сахнадағы дайындықты оркестр сүйемелдеді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Дайындық біткен соң артистердің бәрі грим бөлмесіне кетті. Ер адамдардың бөлмесі оң қанатта, қыздар сол қанатта орналасқан. Бірақ Гүлнұр бүгін гримді өзі жағады.

Кейде қиын сахналық образ жасағанда бірінші қабатқа түсеміз, кәсіби грим маманы бояндырады. Ал бүгін өзім бояна беремін. Басында келгенде тіпті осылай да бояна алмайтынмын. Қазір үйреніп алдым. Бізде жігіттер де бояна алады. Тек кейбіреуі еркелеп, енді бірі шынымен қолынан келмеген соң, грим мамандарына барады, — дейді ол.

Гүлнұр әзірге тек екінші деңгейлі рөлдерді ойнап жүр. Біз одан басты рөлді ұсынса, қай кейіпкерді сомдағысы келетінін сұрадық.

«Шехрезада» қойылымын жақсы көремін. Өсе келе, біздің театрдың сахнасында сондағы Забейданың рөлін сомдағым келеді. Негізі басты рөлді ойнау үшін тек еңбектену керек. Мен қазір кордебалет сапында өнер көрсетемін, бұл  екінші категория болып есептеледі. Солист — бірінші категория. Одан кейін жетекші солист атануға да болады, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Гүлнұрдың айтуынша, кордебалетте өнер көрсету де оңай емес. Кордебалет — балеттегі көп адамдық сахна.

Кордебалетте әдетте кемі сегіз, ары кетсе 32 адам болады. Кордебалет артистері сахнада спектакльдің басынан соңына дейін тұра береді. Ал солистер өз партиясын орындап болып, сахна артына кетіп қалады. Сондықтан кордебалет артистеріне де қиын. Аяқ ісіп кетеді. Ондайда үнемі массаж жасаймыз. Есейе келе түсінгенім, мұндайда қойдың майына жетері жоқ екен, — дейді ол күліп.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Гүлнұрдың боянуына шамамен 30-40 минут кетті. Осы аралықта біз одан балет артисіне қойылатын талаптар туралы сұрадық. Ол балет артистері туралы ең көп тараған миф — мәңгі диета туралы әңгіме дейді.

Өз басым, мүлдем диета ұстап көрмеппін. Ген жағынан әкем де, анам да — арық адамдар. Қалағанымды жей беремін. Негізі театрға келген артистерге салмақ немесе бой бойынша талап қоймайды. Тек ер адамға қызды көтеру, жұпта жұмыс істеу қиын болса, қыздар салмақ тастап жатады, — дейді Гүлнұр.

Таңертеңгі дайындық. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Гүлнұрдың жұмыс күні 21.00-22.00 шамасында бітеді. Үйге жеткенше сағат 00.00-ге таяйды. Оның айтуынша, көп жағдайда артистер таңға дейін қалыпқа келіп үлгермейді. Бірақ сахнаға шыққан сәтте, көрермен шапалағын естігенде шаршағаныңның бәрі ұмытылып кетеді дейді. Гүлнұр кейінгі кездері балетке қызығатын қазақ жастары көбейгенін байқаған.

Балет қойылымдарында мүлдем сөз болмайды. Біз бәрін ым-әрекет арқылы түсіндіреміз. Сондықтан көрермен залға кірмес бұрын балет сюжетін оқып алуы керек. Сонда бәрі түсінікті болады. Балетті уақыт өте түсінуге болады. Сондықтан қазақ көрерменге бір келген «түсінбейміз» деп қоя салмаған жөн деп ойлаймын. Көре-көре түсінік те, талғам да қалыптасады. Байқағаным, қазақтардан көбіне қазір жастар келіп жүр. Ал ересек буыннан келетін көрермен — көбіне шетел азаматтары, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Гүлнұр аптасына бір рет балаларға биден сабақ береді. Ол болашақта педагогика саласына кететіне сенімді.

Сахнада өнер көрсететін артистердің ең ересегі 35 жаста. Артист шамасы жеткенінше, сахнада жүре береді. Жасы келгенде көбі педагогикаға бет бұрады. Сабақ береді. Жеке студияларын ашады. Кейде жалақы ұнамағаннан кетуі мүмкін. Бастапқыда менің де жалақым өте аз болды. Жеті жыл бұрын 70 мың теңгедей болатын. Сол кез үшін жаман емес те болар. Бірақ кейінгі жылдары театрға «ұлттық» статус қосылып, жалақымыз да жыл сайын аз болса да, өсіп отыратын болды, — дейді ол.

Костюмерлер артистердің сахнаға киетін киімін үтіктеп, дәлізге әкеп қояды. Гүлнұр бетін әрлеп болған соң, сахнаға киетін костюмдерін алуға кетті. Жолай ол жалақысының көп бөлігі жұмыстың керек-жарағына кетіп қалатынын айтты. Оның айтуына қарағанда, балет артистерінің дайындық киімдері арзан емес.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Дайындыққа сапалы, ыңғайлы киім алғанды жөн көремін. Бірақ ондай костюмдер, пуант аяқкиім — ешқайсы арзан тұрмайды. Бізге театр маусым сайын бір жұп пуант береді. Ол бір маусымға жетпейді. Сол үшін өзім сатып аламын. Оның өзі шамамен 80 мың теңге тұрады, — дейді Гүлнұр.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Гүлнұрдың дайындық киімінің аса сапалы болғанын қалайтыны да бекер емес. Себебі балет — артист жарақат алып қалу ықтималы жоғары өнер түрі.

Дайындықта, тіпті сахнада да жарақат алуымыз мүмкін. Мұндайда артистер көбіне соңына дейін шыдап, ауырса да өнер көрсетіп шығады. Кәсіби болу деген де сол шығар. Сахнада қиындық туса, құлап қалса, білдірмей жіберу керек. Себебі бір адам құласа, басқа артистердің барлығының назары соған ауып кетуі мүмкін. Өзім құлап көрмеппін. Бірақ әріптестерім сахнада, дайындықта құлағанда үнемі тоқтап, оған көмектесуім керек пе, әлде биді жалғастыруым керек пе деген екі ойдың арасында қалып қоямын, — дейді ол күліп.

Сағат 18.00-ге таяп қалды. Күн әдемі болып ұясына кіре бастады. Киініп, сахна жаққа кетіп бара жатқан аққу Гүлнұрды көріп, көрермен келмей тұрып, көшеде суретке түсуді ұсындық.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Театр алдында адам қарасы көбейді. Бірі кешкі серуенге шыққан, енді бірі бүгінгі кешке келген деп болжадық.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ал Гүлнұр сахна сыртына асықты. Дереу қазақша көйлегін киіп алды. Екінші нөмірге киетін киімін де дайындап кетті.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Кейде екі нөмір арасы қысқа болып қалады. 27 сәуірде «Анна Каренинаны» қоямыз. Сол жерде бізге екі сахна арасында киім ауыстыруға небәрі 3-4 минут беріледі. Сондайда киімдерімізді жақын жерге әкеліп қоямыз. Костюмдер де жай бір көйлек емес. Костюмерлердің көмегінсіз дереу кие салу да қиындау, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Сағат 18.40-ты соққанда барлық артист сахнаның артына жиналсын деген дауыс естілді. Гүлнұр әріптестерімен әзілдесіп, сахна артындағы орындыққа жайғасты. Қатты толқып тұрмаған сияқты.

Дайындық залына қарағанда сахнада өзімді еркінірек сезінемін. Әрине, кеш басталуға санаулы минут қалғанда жүрек толқып кетеді. Бірақ сахнаға шыға салысымен, бәрі ұмытылып кетеді, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Біз көрермен залына өттік. Зал ақырындап тола бастады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Келген көрерменнің бәріне концерт бағдарламасы жазылған парақ таратылды. Бірнеше минуттан соң залдың жарығы сөндіріліп, сахнаның пердесі түрілді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Таңертеңнен бері дайындықта жүрген артистің бәрі кезек-кезек сахнаға шығып, көрермен ықыласына бөленді. Опера көрерменінің сөздік қорындағы «Браво!» сөзі бұл кеште өте көп айтылды.

***

Тағы оқыңыз:

Сахна сырты: Әуезов театры артистері қойылымға қалай дайындалады?