Ішкі істер органдары террористік тұрғыдан осал объектілерде, оның ішінде сауда және ойын-сауық орталықтарында, қоғамдық тамақтану орындарында және басқа да нысандарда жоспарлы тексеріс жүргізіп жатыр.
Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Бүгінгі таңда террористік шабуылдарға осал деп танылған адам көп жиналатын 17 мыңнан астам нысан аймақтық тізімдерге енгізілді.
Биыл осы санаттағы 1 723 объект тексерілді, анықталған заң бұзушылықтар бойынша 525 басшы мен меншік иесіне оларды жою туралы нұсқама берілді, — делінген хабарламада.
Тексеру барысында қызметкерлердің білімі мен дағдылары, сонымен қатар әртүрлі дағдарыс жағдайларындағы іс-қимылдар бойынша объектілерді күзету деңгейі қаралады. Сонымен бірге аталмыш нысандардың 36 мыңнан астам қызметкеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, су тасқынына байланысты Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының жекелеген қалалары мен аудандарында тексеріс уақытша тоқтатылды.