Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр жауады

«Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Исмағұлова 10 сәуірдегі ауа райы жағдайына қатысты мәліметтерді жариялады.

Қазақстан аумағының басым бөлігінде құбылмалы ауа райы сақталады, жаңбыр жауады. Республикамыздың солтүстік-батысында, солтүстігінде, шығысында, оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында түнгі кезде жаңбыр мен қар, ал күндіз нөсер жауады, — деді ол орталық коммуникациялар қызметіндегі брифиңде.

Оның сөзіне қарағанда, еліміздің оңтүстік-батысында, оңтүстігінде күн жауын-шашынсыз болады.

Синоптиктердің мәліметінше, республика бойынша тұман түсіп, жел күшейеді. Елдің батысында, оңтүстік-шығыста найзағай ойнайды.