Жүктілікке дайындық — ата-ана болғысы келетін адамдардың саналы әрі маңызды қадамы. Бұл тек әйелге емес, ер адамдарға да қатысты. Ерлер әйелінің жүктілігіне қалай дайындалуы керек? Уролог-андролог дәрігері, PhD Ұлан Жапаров айтып берді.

Жүктілікті жоспарламас бұрын ер адам не істеуі керек?

1. Уролог-андрологқа барып тексерілуі керек

Ерлі-зайыпты баланы дүниеге әкелуді жоспарламас бұрын ері уролог-андрологқа, әйелі гинекологқа барып қаралуы қажет. Денсаулығы дұрыс па, дұрыс емес пе, инфекция жұқтырып-жұқтырмаған ба — бәрін тексеруі керек. Баланы жоспарлау — ата-ана болғысы келетін адамдардың саналы қадамы.

2. Спермограмма анализін тапсыруы керек

Бұл анализ ұрықтың сапасын, қозғалысын, патологиялық формасы бар-жоғын көрсетеді. Спермограмма анализін тапсыру үшін де дайындалу қажет. Мәселен, екі апта темекі тартпаған, ішімдік ішпеген дұрыс. Ұйқыны реттеу керек. Оған қоса анализге дейін ер адам кемінде үш-бес күн жыныстық қатынасқа түспеуі керек. Спермограмма мастурбация арқылы ғана арнайы емханада тапсырылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандартына сәйкес, ер адам ұрығының Крюгер бойынша морфологиясы (сперматозоидтардың сыртқы құрылымын бағалау — ред.) қалыпты жағдайда 4%-тен жоғары болуы қажет. Ұрық қозғалысы да А, B, C, D кластары деп санатқа бөлінеді. Кейбірінікі жылдам, кейбірінікі баяу, енді бірінікі бір орында қозғалатын немесе қозғалмайтын болады. Біз жылдам әрі баяу қозғалатындарды қарастырамыз. Олардың қозғалыс көрсеткішін қоса есептегенде 32% болуға тиіс. Ұрықтың саны мен көлемі де маңызды. Қалыпты жағдайда ұрықтың көлемі 2 миллилитрден жоғары, ал саны 15-20 миллионнан көп болғаны дұрыс.

Спермограмма анализін арасына екі-үш апта салып, кем дегенде екі рет тапсырғаны абзал.

3. Қан және зәр анализін тапсыруы керек

Кейбір ер адам отбасын құрғанға дейін де жыныстық өмірді бастап кетуі мүмкін. Мұндай кезде қан және зәр анализін тапсыру міндеттеледі. Өйткені жыныстық жол арқылы түрлі инфекция жұғуы мүмкін. Ер адам өзінде осындай аурудың, вирустың, инфекцияның бар-жоғын анықтауы керек. Болған жағдайда емделуі керек.

Ер адамда инфекция бар кезде әйелі жүкті болып үлгермесе, қажет жағдайда ем-дом ретінде әйеліне де, күйеуіне де жеңіл антибиотиктер беріледі. Антибиотиктер іштегі балаға зиян емес. Мұндай жағдай болмас бұрын алдын ала тексерілген дұрыс.

уролог-андролог бедеулік
Ұлан Жапаров. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

4. Резус-факторын тексеруі керек

Әр адамның қаны белгілі бір қан тобына және резус-факторға жатады. Ер адамның резус-факторы оң, ал оның әйелінікі теріс болды делік. Бұл жағдайда резус-конфликт пайда болды деген сөз. Мұндай кезде әйелі жүкті болса, оның ішіндегі баласымен қан айналымы сәйкес келмей қалады. Сөйтіп, бұл түсік тастау сияқты қауіптерге әкелуі мүмкін. Дегенмен қазір бұл қорқынышты мәселе емес. Қазір медицина мұның шешімін тапқан. Десе де әр адам өзінің резус-факторын білгені артық етпейді.

5. Дұрыс тамақтануы керек

Ер адам уақтылы, дұрыс тамақтануы қажет. Біздің қоғам ет, лағман, палау сияқты ауыр, майлы тағамдарды жеп үйреніп қалған. Адам рационына жеңіл әрі пайдалы тағамдарды қосқаны жөн. Көбірек көкөніс, жеміс-жидек тұтынуы қажет.

6. Ұйқы режимі дұрыс болуы қажет

Қазір көбі «жұмыс» деп денсаулығына, ұйқысына мән бермей жүр. Кейбірі түнделетіп те жұмыс істейді. Балалы болуды қалайтын адам ұйқы режимін түзегені дұрыс.

7. Ішімдік пен темекіден бас тартуы керек

Балалы болуды жоспарлап жүргендерге ішімдік ішпеуге, темекі шекпеуге және насыбай, есірткі сияқты зиян заттарды мүлдем қолданбауға кеңес береміз. Кейбірі “менің танысым ішеді, шегеді, бірақ баласы бар ғой” дейді. Бұлай ойлауға болмайды. Себебі әр адамның ағзасы, физиологиясы әртүрлі. Дені сау ұрпақты қалайтын адам зиян заттан аулақ болғаны дұрыс.

уролог-андролог бедеулік
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

8. Артық салмақтан арылуы керек

Адамның денесіне май жиналғанда әйел гормоны — эстроген мөлшері жоғарылайды да, тестостерон гормоны азаяды. Ал тестостерон – ер адам үшін өте маңызды гормон. Бұл гормон ер баланың бұлшықетіне, дауысына, шашына әсер етеді. Тестостерон төмен болса, ер адамның ұрығының сапасы төмендейді, потенцияға, эректилді дисфунцияға ұшырауы мүмкін. Ер адамның мүшесі дұрыс істемесе, әйелімен немесе серіктесімен жыныстық қатынасқа түсе алмайды. Салдарынан бедеулік те пайда болуы мүмкін.

9.Температура жоғары жерде болмауы керек

Температураның жоғары болғаны аталық безге зиян. Сол себепті балалы болғысы келетін ер адамдар моншаға түспегені жөн. Моншаға барса, ыстық жерінде ұзақ отырмағаны дұрыс. Анатомия бойынша, аталық без ұмада орналасқан. Ол дұрыс жұмыс істеуі үшін қалыпты температурада болғаны абзал. Мәселен, адам денесінің қалыпты температурасы 36 градус болса, аталық бездікі 34-35 градус болуға тиіс. Жоғары немесе өте төмен температура ұрықтың сапасы төментеді.

Жүктілік кезеңі

Әйел жүкті болған соң, ер адамға физиологиялық жағынан қойылатын талаптар мен міндеттер аяқталады. Енді алдағы тоғыз ай бойы әйел адам ауруханаға барып, тіркеліп, анализ тапсырып, тексерілуі керек. Ер адамның міндеті — әйелінің денсаулығына мән беру.

уролог-андролог бедеулік
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жүктіліктен кейінгі кезең

Медицинада «жүктіліктен кейінгі күйзеліс» деген терминология бар. Әйелдер баланы дүниеге әкелген соң, осы күйзеліске ұшырауы мүмкін. Мұны әр адам әртүрлі өткереді. Бірінде жеңіл болса, енді бірі өз-өзіне қол жұмсауға баруы да мүмкін. Сол себепті бұған бей-жай қарамаған дұрыс. Әйелдің жүктіліктен кейінгі кезеңді қалай өткеретіні оның психикасына және күйеуінің қолдауына тікелей байланысты. Өкінішке қарай, бізде көп ер адам балалы болған соң, балаға қатысты шаруаның бәрін әйеліне ысырып қояды. Балаға қарап, үйде отыру оңай шаруа емес. Әйелдер содан шаршайды. Мұндай жағдайда олар күйеуінен үлкен қолдау күтеді. Ер адам да балаға қарауы қажет және әйелінің бос уақыты болуы керек екенін ескеруі керек.

уролог-андролог бедеулік
Ұлан Жапаров. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Суперпапа қандай курс?

Балалы болуды жоспарлап жүрген ер адамдарға арнап «Суперпапа» курсын әзірлегенмін. Онда видео-сабақ бар. Оны алғандар сол жерден анализді, спермограмманы қашан тапсыруы керек екенін, терең зерттеуді қажет ететін анализ түрлерін біле алады. Көп ер адам мүшесінен жағынды (мазок) алғаннан қатты қорқады. Курста барлық анализ түрлері, оның пайдасы, не үшін қажет екені туралы ақпарат айтылған. Оған қоса онда анализ тапсырған соң қандай да бір мәселе шыққан ер адамдарға витамин терапиясын дайындағанбыз. Бұл видео-курсты ерлер кез келген уақытта тыңдап, көре алады.

***

Тағы да оқыңыз: 

Уролог жыныстық қатынаc туралы жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді