Жұптарға жыныстық қатынысқа қатысты мәселені шешуге арнайы сексолог маманы көмектеседі. Бүгінгі материалда Сексолог Айгүл Әділова жыныстық қатынасқа байланысты көп тараған проблеманы тізбектеп айтып берді.

1. Жыныстық қатынастың болмауы

Жыныстық қатынастың болмауына себебі әртүрлі. Мысалы, ер мен әйелдің бір-біріне сезімі болмаса немесе өшсе, тәжірибесі аз болса, жыныстық қарым-қатынас азайюы немесе болмауы ықтимал.

Бұл проблеманы шешпесе, соңында әйел не еркек жұбының көзіне шөп салуы мүмкін. Себебі жыныстық қатынас — адамдарға тән, қажет нәрсе. Адам жұбымен жыныстық қатынасқа түспесе, сырттан іздеп, басқа адаммен қосылып жатады. Сол себепті мұндай жағдайда жұп өзара сөйлесіп, қарым-қатынасты жақсартуы қажет.

2. Жыныстық сауаттың болмауы

Көбіне жыныстық өмірді енді бастаған адамдар жыныстық тұрғыдан сауатсыз болып келеді. Кейде енді отбасы құрған жұптар жыныстық қатынасқа қалай түсерін, жалпы процесті, жеке гигиенаны, өзінің жыныс мүшесінің құрылымы қандай екенін білмейді. Салдарынан бірнеше ай жыныстық қатынасқа түсе алмай қиналып жатады. Оған қоса олар жыныстық қатынаста не ұнап-ұнамағанын тәжірибе жинамағанша білмей жүреді.

Гигиенадан, өзінің жыныс мүшесінен хабары жоқ әйел өзінің бойында гинекологияға қатысты инфекция не басқа да аурудың бар екенін білмейді. Сәйкесінше оның белгілерін де байқамай, ауруды асқындырып алуы мүмкін.  Сол себепті ер де, әйел де физиологиясын зерттеп, жыныстық қатынаста ұнап-ұнамаған сәттерін түртіп алып, кейін бір-біріне айтып отырғаны жөн.

Жыныстық қатынас көп болған сайын, тәжірибе де жиналады. Уақыт өте келе жыныстық қатынас қызықсыз болып, жұп арасында құмарлық азаяды. Мұны болдырмас үшін жұп жыныстық қатынастағы машығын арттыруды жөн көреді. Бұл — дұрыс шешім. Себебі бұл нәрсе әйел мен еркек арасындағы қарым-қатынасты жақсартады.

Айгүл Әділова. Фото жеке архивінен

3. Оргазмның болмауы

Жыныстық қатынастан, мастурбациядан кейін ерлерде оргазм болады. Еркектер үшін оргазм — физиология процесі, бірақ бірнеше себептің салдарынан ер адамда оргазм болмауы мүмкін. Мысалы, күйзеліс, артық салмақ, алкоголь, шылым және тағы басқа. Оргазмды алу үшін еркек зиян әрекеттерден аулақ болып, тестостеронды көтеретін іспен айналысуы керек. Мысалы, спорт — тестостеронды көтеретін ең тиімді тәсіл.

Әйелдерде оргазм бола бермейді. Олар оны алуды үйренеді. Біздің қоғамда қыздарды бала шағында «жыныстық қатынас — өте жаман нәрсе, тыныш жүр, тұрмысқа шықпағанша еркекпен жақындаспа» деп қорқытып жатады. Оған қоса әйел кішкентайында зорлық-зомбылық көреді, енді бірін ата-анасы оны тұлға ретінде қабылдамай, үнемі ұрсып жатады. Әйелдің басынан өткен бұл жағдайдың бәрі кейін оның жыныстық өмірінде қиындық тудырады. Себебі қыз кішкентайынан сезімін іште сақтап, қалауын айта алмай, ересек өмірде де сол қалпында қалуы мүмкін. Әйел өзін-өзі еркін сезінбесе, еркекті қанағаттандыру үшін ғана жыныстық қатынасқа түссе, процестен ләззат алмайды.

Әйел оргазм алу үшін жамбас қуысының түбінің бұлшық етіне (мышцы тазового дна) арналған жаттығуды жасауы керек. Оған қоса әйел жыныстық қатынастағы қалауын ер адамға айтуы керек.

4. Важинизм

Важинизм — ер адамның мүшесі қынапқа кіргенде жамбас бұлшықетінің еріксіз немесе тұрақты түрде жиырылуы. Мәселен, ер адамның мүшесі әйел адамның қынабына кіргенде әйелдің мүшесі қатты ауырады. Содан қыз қорқып, қынабы жиырылып қалуы әбден мүмкін.

Жоғарыда айтқанымыздай, кейбір қыз жыныстық қатынасты тыйым салынған, жаман нәрсе деп біледі. Кейін жұбымен жыныстық қатынасқа түскенде, күйзеліске түсіп, уайымдап, босаңсымай, тіпті кейін өзін-өзі кінәлауі мүмкін. Важинизм психологиялық ауру болғандықтан, оны сексологтың, психологтың және гинекологтың көмегі арқылы емдеу қажет. Оған қоса бұл — өзінен-өзі жойылатын ауру емес.

Айгүл Әділова . Фото жеке архивінен

5. Порнографияға тәуелді

Адамдар порнографияны көбіне тез оргазм, ләззат алу үшін көреді. Оған қоса адам порнографияның түр-түрін көріп, өзін қанағаттандырып, жыныстық қатынасты керек етпеуі мүмкін. Ал жұбының қатынасты қажет етпейтінін байқаған адам оның көзіне шөп салуы ықтимал. Сол себепті порнография көруді сиретіп, нағыз жыныстық қатынастан ләззат алған дұрыс.

6. Либидоның төмендеуі

Либидо — бұл сексуал құштарлық, жыныстық инстинкт, жыныстық қатынасқа ықылас.

Кейбір әйел белгілі бір кезеңде — жүкті кезінде, баланы емізгенде жыныстық қатынасқа түскісі келмейді. Бұл уақытта олардың либидосы төмендейді. Ал ер адамдар мұндай жағдайға 35-40 жастан кейін ұшырайды. Оған күйзеліс, тамақ, алкоголь, шылым, жүрек-қан тамырларды емдеуге арналған дәрілер әсер етеді.

Либидоны көтеру үшін жамбас қуысының түбінің бұлшық етіне (мышцы тазового дна) арналған арнайы жаттығуды жасау керек.

Өз-өзінен ұялу

Көбіне ер адам жыныс мүшесінің үлкен не кіші болғанынан ұялса, әйел адамдар дене бітімінен ұялады. Бұл жыныстық қатынасқа деген құштарлықтың азаюына, процестің дұрыс болмауына ықпал етеді. Бірақ жыныс мүшесінің өлшемі — жыныстық қатынаста айтарлықтай маңызы нәрсе емес. Сол себепті оған аса мән берудің қажеті жоқ.

***

Тағы оқыңыз: Жыныстық қарым-қатынас туралы 12 миф