Қазақстанда бала деген – 18 жасқа толмаған азамат. Еліміздің конституциясы бойынша, бала өз құқығын 18 жасқа дейін қорғай алмайды. Осы тұста «Бала құқығын кім қорғайды?» деген заңды сауал туындайды.
Baribar.kz тілшісі заңгер, құқық қорғаушы Ләззат Рақышеваға «Бала құқығын кім қорғайды?» «Баланың қай құқығы көп бұзылады?» «Cуреті рұқсатсыз жарияланған бала өз құқығын қалай қорғайды?» деген сұрақтарды қойды.

– Баланың қандай құқығы бар?

– 1989 жылғы 20 қарашада қабылданған бала құқықтары туралы конвенция бар. Осы конвенцияға сәйкес Қазақстанда «Бала құқықтары туралы» заң қабылданған. Бұл заңда баланың құқықтары толық жазылған. Заңнамаға сәйкес бала өз отбасында тәрбиеленуге, туыстарымен араласуға, пікірін еркін білдіруге құқылы.

– Елімізде баланың қай құқығы көп бұзылады?

– Елімізде баланың таңдау құқығы көп бұзылады. Біздің қорғауымызда 12 жасында зорланған 14 жастағы қыз бар. Осы қызды апасы «Сен намаз оқы. Намаз оқысаң – зорланбайсың» деп мәжбүрлеп отыр екен. Бұл дұрыс емес. Баланы мәжбүрлеуге болмайды. Бала намаз оқу/оқымауды кәмелет жасқа толған кезде шешеді. Намаз оқуы немесе оқымауы, қандай дінді қабылдайтыны баланың өз пікірі мен ойына байланысты болуы керек.

– Баланың таңдауын өзгерту құқықбұзушылыққа жата ма?

– Иә, біздің елде баланы мәжбүрлеу көп байқалады. Мысалы, оқу орнына түсетін сәтте ата-ана «Мұғалім боласың. Мұғалімнің айлығы жақсы» деп мәжбүрлеуі мүмкін. Бұлай болмауы керек. Таңдауды бала жасауы қажет. Бір бала математикаға бейім болса, бір бала гуманитар пәндерге бейім болуы мүмкін. Осы үшін бала қай салаға бейім екенін ескеріп, өз қалауымен оқуға түсуі керек.

Ләззәт Рақышева, құқық қорғаушы
Ләззат Рақышева. Фото жеке архивінен.

– Cуреті Instagram-парақшаға рұқсатсыз жарияланған бала өз құқығын қалай қорғайды?

– Баланың суретін үшінші тарап әке-шешесінің рұқсатынсыз жарияласа, бұл – заңсыз. Бұл жағдайда ата-анасы полицияға арыз жазуына болады. Мысалы, былтыр «Asarume» қайырымдылық қорымен алты баласы бар анаға үй әпердік. Осы кезде анасы балалардың фото-видеосын жариялауға рұқсат ететін арнайы келісімшарт жасалды. Бұл – заңды. Қандай жағдай болса да, келісімшарт болуы керек. Ал бала ата-анам суретімді рұқсатсыз жариялады дейтін болса, ол бала 18 жасқа толғаннан кейін ата-анасына арыздануына болады. Бірақ бізде ондай жағдай болмаған.

– Мемлекет тарапынан тағайындалған әлеуметтік көмек балаға жұмсалмаса, бала шағымдана ала ма?

– Кейбір адам ата-анасы жоқ балаларды асырап алады да, баланың төлемақасын өзі алып, оны жұмыс істеуге мәжбүрлейді екен. Бұл дұрыс емес. Баланы жұмысқа мәжбүрлеуге болмайды және баланың мүліктік құқығы деген бар. Баланың әкесінен алимент түскен жағдайда баланың тәрбиесіне, біліміне, тамағына жұмсалуы керек. Мүгедектігі бар балалардың жәрдемақысы да өзіне ғана қолданылуы қажет. Маған «Алты балаға жәрдемақы аламын. Осы ақшаны күйеуім араққа, құмар ойындарға жұмсайды» деген хаттар келеді. Осы жерде баланың құқығы тапталады. Себебі үкіметтен берілетін жәрдемақы балаға есептеліп беріледі. Жәрдемақы әр баланың өзіне ғана жұмсалса жеткілікті болады.

– Сізге зорлық көрген балалар мен ересектер түрлі хат жазады. Бұл хаттарды «Ләззатқа келетін хаттар» деп жариялап жүрсіз. Балалардан қандай хат келеді?

– Иә, маған түрлі хат келеді. Хаттарға анализ жасаймын. Мысалы, 10 жастан 17 жасқа дейінгі балалардан «Менің әкем тиран. Шешемді ұрады. Күнде ішіп келіп сабайды. Біздің көзімізше боқтайды», «Мектепке барғанда сөмкем болмады. Мектепте балалар мазақтады», «Маған көңіл бөлмейді. Менің киімім нашар», «ҰБТ-ға дайындалғым келеді. Бірақ үйдегі ұрыс-керіс мүмкіндік бермейді» деген сияқты хаттар келеді. Мысалы, «туған ағасы зорлаған» деген қыздан өтініш түсті. Ол қыз екі рет жылап хабарласты. Осы кішкентай ғана қыздың құқығы тапталып жатыр. Себебі тергеу амалдарында түсініктемелерді өзгерткен, қызға қысым жасаған. Шешесі «Туыстардың алдында абыройымды төктің» деп сөккен. Бұл жерде шешесі зорланған қыздың абыройын емес, өз абыройын ойлап тұр. Ол «Ұят болды», «Масқара болды» деп қызының құқығы тапталып жатқанына мән бермей тұр. Мұның арты суицидке апаруы мүмкін.

Ләззәт Рақышева, құқық қорғаушы
Ләззат Рақышева. Фото жеке архивінен.

– 2023 жылғы дерек бойынша, Қазақстанда 169 жасөспірім өзіне қол салған. Балалар арасында мұндай жағдайдың көп болуына не себеп?

Буллиң. Мектептегі буллиңге мән беру керек. Мектеп басшылары буллиңге мән бермей, «балалар өздері шешеді», «ойын ғой» деп көз жұмады. Бұл көз жұматын нәрсе емес. Өйткені буллиң кесірінен суицид көп болып жатыр. Мысалы, менің тәжірибемде мектепте бес ұл бір ұлға сексуалды буллиң жасап, нешетүрлі әрекет істеген іс болды. Соны сотта дәлелдеп, жеңіп шықтық. Директорға айыппұл салынды. Дер кезінде жұмыс істемеген құқық қорғау органдарына да ескерту жасалды. Сондықтан мектеп басшылары, мұғалімдер, психологтар буллиңге көз жұмбауы керек.

– Суицидке ата-ана факторы қаншалық әсер етеді?

– Тәжірибемде болған тағы бір жайтты айтайын. 18 жасқа толған қыз күйеуге шыққысы келеді. Ол қызды әкесі ұрып-соғады. Ұрған себебі – қыз өз руласына күйеуге тигісі келген. Әкесі қызды өзге ауылға апарып, туысқанының үйінде қамап ұстаған. Бұл жерде қыздың құқығы тапталып тұр. Іске полиция араласып, әке-шешесі жауапқа тартылды. Осы секілді ата-ана суицидке итермелеген жағдай өте көп. Әлеуметтік жағдай төмен болып, ата-ана баланың қажетін өтемей, баламен ашық сөйлеспей, дұрыс қарым-қатынас орнатпағандықтан да суицид жасалып жатады. Әке-шеше ажырасқан жағдайдың көп болуы да баланың суицидіне апарып соғады. Өйткені бала өзін кінәлі сезінеді. Балаға «Ата-анам мен үшін ажырасты» деген ой келеді. Психологиялық тұрғыдан қарағанда ажырасудан бала көп травма алады.

– Тағы қандай факторлар бар?

– Түрлі ойынға кіріп кетіп, ақша үшін де суицидке баратын балалар бар. Қыздарға интим-фото арқылы қоқан-лоқы көрсетіп жатады. Ол қалай болады? Әке-шешеден мейірім көрмеген қыздар сырттан жылу іздейді. Интернет арқылы бір адаммен танысады. Ол «Интим фотоңды жіберші. Мен сені жақсы көрем» деп алдайды. Қыз фото жібереді. Танысқан жігіт «Егер менімен жатпасаң, мына фотоларды әлеуметтік желіге жариялаймын. Әке-шешеңе көрсетемін» деп қысым жасайды. Өкінішке қарай, осылай зорланып жүргендер бар. Бұл жағдай суицидке де апаруы мүмкін.

– Еліміздегі балаларға қатысты ең өзекті мәселе қандай?

– Біздің еліміздегі ең өзекті мәселе – баланың зорлануы. Туысы, әкесі, ағасы, жақыны зорлаған балалар өте көп. Бұл мәселе – бала құқығына байланысты ең маңызды мәселе. Осы мәселеге мән беріп, шешу керек.

– Әңгімеңізге рақмет. 

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz