Қазақстанда балалардың 14-тен 65%-іне дейін мектепте буллинг көреді. Сарапшылар мұндай жағдайлар көбіне балалар суицидіне себеп болатынын айтып отыр.

Анна Орлованың үшінші класта оқитын ұлы оқу жылының басында жоғары класс оқушыларынан қысым көрген. Бір топ бала тоғыз жасар жеткіншекті мектептің спорт залында күштеп ұстап, мазақ еткен, терезеден лақтырып жібереміз деп қорқытқан. Аннаның ұлы осы оқиғадан кейін мектепке барудан бас тартқан. 

«Бір күні әдеттегіше ұлымды мектептен алып қайтып бара жатып, оның өзін жайсыз сезініп тұрғанын байқадым. Алақаны терлеп, дауысы дірілдеп, қобалжып, күмілжи берді. Не болғанын сұрай берген соң ғана мән-жайды айтып берді. Жоғары класс оқушылары балаға ойына келгенін істепті», — дейді ол.

Анна мектептегі буллингті тыю үшін ең әуелі білім мекемесінің әкімшілігі мәселеге мән беруі керек деп есептейді. Оның сөзінше, директор оқиғаны жылы жауып қоя салған.

«Мектеп әкімшілігі жайбарақат отыр. Класс жетекшісіне хабарласып, шағымданғанымда мектеп директоры хабардар екенін айтты. Кейінірек директорға барып, буллерлерге қатысты ешқандай шара қолданылмағанын білдім. Әуеліде мұндай жағдай болғанын мойындағысы келмеді, кейін өзімізді кінәлап шықты. Мектеп әкімшілігіне баланың моральдық, психологиялық жағдайы мүлдем қызық емес. Сондықтан амалсыздан мектеп ауыстыруға мәжбүр болдық», — дейді ол.

Анна мектеп әкімшілігі тиісті шара қолданбағаннан кейін «Балаларды қолдау» қорына жүгінген. Жыл басталғалы ұйымға буллинг туралы 42 шағым түскен. Қор жетекшісі, Just Support ұйымының атқарушы директоры, психолог Светлана Богатырева мектеп ауыстырумен мәселе шешілмейді дейді. Маман оқушылар арасындағы әлімжеттік кейде кісі өлімімен аяқталуы мүмкін екенін ескертті.

Светлана Богатырева. Фото: Kazakhstan press club

«Мектеп оқушылары арасындағы әлімжеттік қоғамның құлдырауына себеп болады. Буллингке шыдай алмаған көп жеткіншек өзіне қол салып, өліп кетіп жатады. Ал буллерлер есейген соң басқа біреудің өліміне себеп болуы мүмкін. Себебі тұрмыстағы зорлық-зомбылық — сол буллингтің есейгендегі түрі. Кішкентайында біреуге қысым көрсетіп, мазақ етіп үйренген адам мұны кейін де жасай береді. Сондықтан қауіпсіз қоғам қалыптастыру үшін буллингпен бәріміз бірлесе күресуіміз керек», — дейді Светлана Богатырева.

Психолог баламен үнемі сөйлесіп, мектептегі өмірі жайлы қызыға сұрап отыру да маңызды екенін айтты. 

«Баланың мінез-құлығындағы, көңіл-күйіндегі өзгерісті байқау үшін онымен үнемі сөйлесіп отыруыңыз керек. Оқу күні, аптасы қалай өткенін сұрап отыру да маңызды. Балаңызға буллинг тікелей жасалмаса да, оқиғаның жай ғана куәгері болса, ол мұның өзінен күйзеліске тап болуы мүмкін. Ата-ананың көбі баласынан мектептегі буллинг жайлы естіп-білсе де, үнсіз отыра береді. Бұл дұрыс емес. Бала буллинг оқиғасына неғұрлым ұзақ куә болған сайын психологиялық тұрғыда соғұрлым әлсірей түседі. Буллинг куәгері роліндегі бала үнемі бір күні өзі де буллингке тап боламын деген қорқынышпен, үреймен өсуге мәжбүр болады. Сондықтан ата-ана үнсіз қалмауы керек», — дейді ол.

Светлана Богатыреваның сөзінше, мектеп оқушылары арасында әлімжеттіктің болуына кейде мұғалім себепші болады екен. Сарапшы мектептің көп жағдайда буллингтің бар екенін мойындамауының себебі де осыдан дейді.

«Негізі көп нәрсе мұғалімге байланысты. Көп жағдайда бала өміріндегі алғашқы буллер — класс жетекшісі. Олар бір баланы «үздік», екіншісін «дұрыс оқымайды», «сауатсыз» деп бөліп жарады. Сосын балалар арасында жақсы оқитынымен араласып, үлгерімі төмен баламен дос болмау керек деген түсінік пайда болады. Алайда мұғалім мұны жай ғана тәрбиелеу тәсілі деп есептеп, бірін мақтап, екіншісінің оқуға құштарлығын оятамын деп ойлауы мүмкін, бірақ оқытудың бұл тәсілі ескіргенін мойындауымыз керек. Мұғалімдер мұның буллинг екенін түсінуі керек», — дейді ол.

Ал құқық қорғаушы, Алматының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Халида Әжіғұлова мектептегі әлімжеттікпен күрес жай қозғалыс деңгейінде қалмай, заң жүзінде міндеттелуі керек дейді.

Халида Әжіғұлова
Халида Әжіғұлова. Фото: Kazakhstan press club

«Осы уақытқа дейін балалар арасындағы буллинг бойынша мектеп директорларымен бірнеше дөңгелек үстел өткіздік. Шара аяқталған соң біреуі келіп, проблема барын айтып, оны шешу үшін үшін көмек сұраған емес. Мектептердің буллингпен күресуге ешқайсының құлшынысы жоқ. Шараға келді, тыңдады, кейін бәрі қайтып кетті. Бұлай болмауы керек. Мәселе тезірек шешімін тауып, мектептегі әлімжеттік тыйылуы үшін мұнымен күресті мектептерге міндеттеп қою керек. Қазір оқу-ағарту министрлігі осыны қолға алды», — дейді Әжіғұлова.

Психолог Светлана Богатырева да осы уақытқа дейін мектеп ұжымдарына буллингтің алдын алу, онымен күресу жолы жайлы тренингтер өткізгенін, алайда мұның көбіне нәтижесі болмағанын айтып, мысал келтірді.

«Мектеп әкімшіліктеріне арнайы дәріс өткіздік. Алайда мектептер бәрібір буллингтің бар екенін мойындамайды, оқушылардың бірін біріне әлімжеттік жасағанын көре қалса, бетін жылы жауып қоя береді. Мұғалім де, директор да «Балалар солай бір-бірімен ұрысып, кемсітіп-келемеждеп жүріп өседі» деген пікірді ұстанады. Сол себепті енді бір топ мұғалімді жинап, буллинг бойынша дәріс өткізбейміз деп шештік. Оның орнына буллинг жайлы шағым келіп түссе, сол класпен жұмыс істейтін арнайы маманды жібереміз. Ал класс жетекшісі оның жұмысын бақылай отырып, іс жүзінде баламен қалай жұмыс істеу керек екенін түсінеді. Әзірше осы әдіс жақсы нәтижесін беретін шығар деп үміттеніп отырмыз. Осыдан кейін мектеп ұжымы өз мекемесінде буллинг барын мойындаса, білім мекемесі жаман дегенді білдірмейтінін түсініп қалар?! Қазір мұндайды мойындап, баланың академиялық білім алуымен қоса, оның психологиялық, моральдық саулығын ойлайтын мектеп ерекше жоғары бағаланады», — дейді маман.

Ата-ана баласы мектепте буллингке тап болғанын білсе, Instagram-дағы Bullyingkaz парақшасында электрон өтініш қалдыра алады. Кейін өтініш беруші тарап пен сарапшы, мамандар арасында Zoom платформасында онлайн жиналыс ұйымдастырады. Мәселенің мән-жайын түсінген соң мамандар тиісті деңгейде көмек береді.

Анна Орлова да қазір ұйымдағы құқық қорғаушы мамандармен бірлесіп, тәуелсіз кешенді тексеру өткізуді талап етіп жүр.

«Балам бұдан әрі қиналмауы үшін уақыт созбай құжаттарымызды алып, мектеп ауыстыруға мәжбүр болдық, бірақ мұнымен мәселе шешілмейді ғой. Сондықтан қазір адвокат көмегімен болашақта өзге балаларға қауіп төнбеуі үшін тәуелсіз кешенді тексеру өткізуді сұрап жүрмін», — дейді ол.