Былтыр Қазақстанда әйел мен бала құқығы қалай қорғалды?

Бұл бағыттағы жұмыстың негізгі бөлігін Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия жүргізді. 2023 жылы ұжым ұжым әйелдер мен бала құқығын қорғау мәселелерін шешуге ден қойды. Baribar.kz былтыр бұл мақсатта не істелгенін шолып шықты.

Заң жобалары

Ұлттық комиссияның эксперттері Әлеуметтік кодекс әзірлеуге, «Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы» кодекске, сонымен қатар ҚР қылмыстық кодексіне түзетулер мен толықтырулар енгізуге белсене атсалысты.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді. Бұл заңның қабылдануы отбасындағы және тұрмыстағы қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейтеді.

Барлық мүдделі құрылымдармен (ҚСМ, Әділет министрлігі) қудалаудың алдын алу мәселесі бойынша жұмыс жүргізілді. Елдегі жағдай сараланып, эксперттердің пікірлері мен халықаралық тәжірибе зерделенеді. Ұлттық комиссия заңнамаға түзетулер енгізу бойынша мынадай бірқатар бастама ұсынды:

  • тек еңбек саласында ғана емес, өмірдің басқа салаларында да «жыныстық қудалаудың» алдын алу:
  • қудалаудың алдын алу мәселелері бойынша жұмыс берушілер мен кәсіподақтар үшін әдістемелік база дайындау;
  • кәсіпорындар мен ұйым басшыларын жаппай оқыту курстарын ұйымдастыру.

Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарының ауылдық жерлеріндегі әйелдердің әлеуметтік жағдайын кешенді зерттеу, сонымен қатар балаларды сауықтыру мекемелерін тексеру шаралары ұйымдастырылды. Нәтижесінде әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту және оларды жұмысқа тарту, ауыл әйелдерінің жағдайын жақсарту, балалардың бос уақытын және демалысын ұйымдастыру үшін қауіпсіз жағдай жасау бойынша ұсыныстар әзірленді.

Ұлттық комиссия мүшелерінің қатысуымен Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында ұжымдардағы жанжал деңгейін төмендету, орта буын басшыларының құқықтық сауаттылығын арттыру және «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның 200 қызметкеріне еңбек дауы бойынша семинарлар өткізілді.

Балалардың құқығын қорғау саласындағы жағдайға баға берілді. Жекеменшік мектепке дейінгі мекемелердегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі жан-жақты зерттелді.

Нақты шаралар

Жергілікті атқарушы органдардың өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылармен және балалармен жұмысты ұйымдастыруын, мәселені уақытылы анықтауын мониториңдеу нәтижесінде бірқатар бастама әзірленді:

  • мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік тапсырысты іске асыратын барлық мемлекеттік және жеке мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау;
  • лицензия беру рәсімінің ашықтығын қамтамасыз ету тетіктерін әзірлеу;
  • өңірлердегі қорғаншылық және қамқоршылық органдарының штатын толықтыру, оларға балаларға қарсы қылмыстардың алдын алу саласында бақылау құзіретін беру;
  • балаларға қатысты қылмыс деңгейі жоғары аймақтарға ерекше назар аудара отырып, жеке профилактика ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарау.

Жеті әлеуметтік маңызы бар жоба, оның ішінде «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп үш қайырымдылық жобасы жүзеге асырылды, олар:

  1. Astana hub-пен бірлесіп жасалған IT-Aiel жобасының арқасында екі мың әйел фриланс-платформаларда біліп алып, табыс көзін арттыруға мүмкіндік алды.
  2. One Stop Service — зорлық-зомбылық құрбандарына құқықтық және психологиялық көмек беруге арналған жоба. Жоба аясында балалар мен әйелдерге қатысты 36 қылмыстық іс жүргізіліп, 11 оқиға қатаң бақылауға алынды.
  3. Отбасылық құндылықтарды дәріптеу жобасының аясында балалар мен жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу мәселелері бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл қамтамасыз етілді.

Отбасы, гендерлік саясат және демография мәселелері бойынша 12 зерттеу ұйымын біріктіретін Ұлттық консорциум құрылды.

Ұлттық комиссияның мұрындық болуымен ұйымдастырылған «Ұрпақтар сабақтастығы» республикалық ата-аналар форумы ата-аналар комитеттері мен қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың және еліміздің сарапшылар қауымының кең тобының басын қосты.

Биылдан бастап отбасылық жанжалдарға ықпал ету мақсатында тұрмыстық зорлық-зомбылық істерін қарауға ақсақалдар кеңесін тарту тәжірибесі енгізілді. Биыл олардың қатысуымен заңсыз мінез-құлық бойынша 1,5 мыңнан астам іс қаралды.