Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Бүкірлік денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін. Адам оны дер кезінде емдеп, арқасын түземесе, мүгедек болып қалуы да ғажап емес. Дәрігер-ревматолог Жібек Әсіл Baribar.kz тілшісіне бүкірлік неден болатыны туралы және одан қалай құтылуға болатыны жайлы айтып берді.

Бүкірлік неден болады?

Дәрігер Жібек Әсілдің айтуынша, бүкірлік көбіне жүре пайда болады. Адамның арқа сүйегі түзу болуы үшін ата-ана баласына мұқият болуы қажет.

Бүкірлік жайдан жай болмайды. Бұл — күрделі физиологиялық процесс. Оған қоса бүкірлік туа бітетін немесе бір сәтте пайда болатын дүние емес. Бала жастан бастап адамның дене бітімі табиғи жолмен өзгеріске ұшырап, арқа сүйегінде түрлі иілу пайда болады. Екі айлық бала басын көтере бастаған соң, мойын лордозы пайда болады. Бұл — бірінші иілу. Алты айлық бала отыра бастайды. Бұл кезде кеуде кифозы пайда болып, омыртқа бағанының дөңестенуінің екінші кезеңі басталады. Одан кейін бала жүрген соң, бел тұсы иіліп, осылай омыртқа сүйегі түзіледі. Бала міндетті түрде еңбектеуі керек. Еңбектемей жүріп кетуіне болмайды. Әйтпесе, оның арқа сүйегі қисық бітуі мүмкін, — дейді ол.

Жібек Әсіл. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Дәрігер жасөспірімдердер арасында бүкірлік көп кездеспейді дейді. Ол мұны мектептегі қатаң тәртіп арқасында деп есептейді.

Мектеп оқушылары үнемі қадағаланатындықтан, жаңағы иілулер де сол қалпында қала береді. Балалар мектепте тік отырады, күнде физикалық белсенді болып, далада ойын ойнайды, дене шынықтыру сабақтарына қатысады. Таңғы жаттығу да — мектептерде міндетті шара. Өтпелі кезеңде кей бала кенет өсіп, бойынан қысылған соң, бүкірейе бастауы мүмкін. Мұндайда ата-ана бірден балаға бүкіреюге болмайтынын түсіндіруі керек. Ал адамдарың көбі қазір — жұмыс істей бастаған соң арқасы қисайғанын байқайды екен. Қазір көбі түрлі гаджетпен жұмыс істейді. Мұндайда адам көп қозғалмайтын өмір салтына бейімделіп кетеді. Ал омыртқа бұлшықетпен қоршалып тұр. Ол бұлшықетті үнемі тонуста ұстау керек. Бұл үшін адам қимылдап, қозғалып жүруге тиіс. Бұлшықет әлсіз болса, сүйек те қисая береді, — дейді дәрігер.

Бүкірліктің алдын алуға бола ма?

Оның айтуынша, гаджетті қолданғанда дұрыс отырған адамның бүкірлікке шалдығу ықтималдылығы сәл де болса аздау. Дәрігер жұмысы компьютер немесе телефонмен тікелей байланысты адамдарға дұрыс отыру қағидасын берік ұстану керек дейді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Адам компьютер экранынан 50-75 сантиметр қашық отыруы керек. Сонымен қатар компьютер үстелі көз деңгейінде тұруы қажет. Әдетте үйден жұмыс істейтін адамдар ноутбукты тамақ ішетін үстел үстіне қойып жұмыс істей береді. Бұл — қате. Қазір тіпті «Компьютер мойын» деген термин пайда болды. Адамның басы төрт-бес келі болады. Кеудеміздің күші сол төрт-бес келіні көтеруге ғана күші жетеді. Біз алға қарай иілген сайын, кеуде үшін бастың салмағы ауырлай береді. Адам 15 градусқа иілсе, кеуде тұсы үшін бастың салмағы 12 келіге теңеседі. 30 градусқа иілсе, 18 келі, 45 градуста 22 келі, ал бас 60 градусқа иілгенде, кеудеге 27 келілік салмақ түседі. Бұл — адам мойнына бір баланы көтеріп жүргенімен бірдей. Осыдан бүкірлік пайда болады, одан соң түрлі түсініксіз ауру мазалайды, — дейді маман.

Дәрігердің айтуынша, адам ойламаған түрлі ауру дәл осы бүкірліктен болуы мүмкін. Дұрыс отырмағанынан тіпті тісі ауыруы немесе көру қабілеті нашарлауы да мүмкін екен.

Денеміз — үлкен бір жүйе. Бүкір адамның бұлшықеті қысылып қалатындықтан, көру қабілеті нашарлайды. Қысым болған соң, мұндай адамдардың басы да ауырады. Бүкірейгеніміз тыныс алуымызға да кері әсер етеді. Бүкірейгенде кеуде қусымыз қысылып қалады. Сондықтан өкпе еркін әрі кең тыныс ала алмайды. Жиі тыныс алатындар, ентігіп қала беретіндер мен мұрны бітеліп қиналып жүргендер де арқасын түзегені дұрыс, — дейді Жібек Әсіл.

Бүкірлік тіс түзулігіне әсер ететіні рас па?

Маманның сөзіне қарағанда, арқаны тік ұстау адамның ажарына да әсер етеді. Сондықтан ол тісін түзегісі келгендер бірден брекет тағуға асықпауы керек дейді.

Жібек Әсіл. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Арқамызды тік қылып ұстап тұрған — омыртқа. Омыртқаның мойын, кеуде, бел деген бөліктері бар. Әрқайсының арасында дискілер болады. Адам отырып-тұрғанда сол дискілер ашылып-жабылып тұрады. Компьютер алдында еңкейіп отыра берген соң, мойынға түсетін салмақ та өзгереді. Кітап оқығанда да үнемі басты тік ұстау қажет. Жатып оқисыз ба, тұрып оқисыз ба, өз еркіңіз. Бірақ басты төмен салбыратуға болмайды. Әйтпесе жаңағы дискілердің ашылып-жабылу реті бұзылып, адамның жағы, одан кейін беті қисая бастайды. Сондықтан тіс қисайғанда бірден стоматологқа жүгіруге болмайды. Жалпы дененің бір жері қисайғанын байқасаңыз, ортопед дәрігерге бару қажет. Салдарымен емес, себебімен күресу қажет, — дейді маман.

Арқаны түзеуге арналған корсет кию қаншалық дұрыс?

Сонымен қатар дәрігер арқаны түзейтін корсеттерді дәрігер тағайындамай кимеуге шақырды. Мұндай корсетті дұрыс кимеген адам керісінше денсаулығына зиян келтіріп алуы мүмкін.

Дәрігер адамның денесі қаншалық қисайғанын көруі керек. Тек содан кейін корсет киіп түзеуге болса, нақты қанша минут киюге болатынын айтады. Оны әдетте біршама уақыт киіп, содан соң біраз уақыт демалу қажет. Ал мұндай корсеттер қазір көптеп сатылып жатқан соң, адамдар дәрігерге қаралмай, өз бетінше сатып алып, күні бойы киіп жүре береді екен, — дейді ол.

Маман бұрын бүкірлік пен арқа ауруларына орта жастан асқан адамдар шағымданатын дейді. Қазір осындай дертпен келетін жастар көбейген.

50 жастан асқан әйелдер өздігінен бүкірейе бастауы мүмкін. Мұндай жағдайда адам бірден ревматолог дәрігердің қарауына баруы керек. Бұл сүйек тінінің жұқарып кеткенінен болады. Бұлай болса, уақтылы ем тағайындаған маңызды. Сәл кешіксе, сүйектер әлсіреп, сынғыш болып кетуі мүмкін. Сүйек сынса, соңы мүгедектікпен бітуі де мүмкін, — дейді маман.

Бүкірліктен қалай құтыламыз?

Бүкірліктің алдын алу үшін де, онымен күресу де үшін гимнастикамен айналысу қажет. Дәрігердің сөзіне қарағанда, ересек адамға арқасын түзеу үшін ұзақ уақыт қажет.

Бүкірліктен құтылудың басты амалы — бұлшықетті қатайту. Бұл үшін гимнастика, йога және жүзумен айналысқан жақсы көмектеседі. Түрлі созылу жаттығуларын жасауға болады. Бірақ жаттыққанда, керісінше, омыртқа сүйегіне салмақ салып алудан абай болу керек. Сондықтан бастапқыда арнайы жаттықтырушы маманнан көмек сұрауға болады, — дейді ол.

Дәрігер компьютер алдында отыратын адам күн сайын қарапайым жаттығулар жасауы керек дейді. Бұл бұлшықетті тонуста ұстауға көмектеседі.

Бүкірейіп қалғысы келмейтіндер үшін қарапайым бірнеше жаттығу бар. Қабырғаға жақын тұрып, екі қолды шынтақ тұсын 90 градус етіп көтеру қажет. Осы қалыпта бір минут арқаны тік ұстап тұрыңыз.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Осыдан соң бір қолыңызды иықтың үстімен, екіншісін иықтың астымен әкеліп, арқа жақтан кілт қылып байлаңыз. Дәл осы қалыпта да бір минут тұрыңыз. Жаттығуларды жұмыс арасында сағат сайын қайталап тұрған артық болмайды.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Сонымен қатар спорт тауарлары сатылатын дүкеннен массаж ролигін сатып алуға кеңес беремін. Аптасына екі-үш рет тек осы  роликпен түрлі жаттығу жасасаңыз да, бұлшықет мықты болады, — дейді ол.

Дәрігердің айтуынша, ересек адамға арқасын түзеу үшін бірнеше ай қажет болуы мүмкін. Адам емді қаншалық ерте қолға алса, арқа соншалық тез түзеледі. Сондықтан ол арқа буындары ауырып жүрген адамдарды дәрігерге жазылуға шақырды.

***

Тағы оқыңыз:

Қорылдың салдары қауіпті — сомнолог