Компьютер алдында отыру балаға қай жағынан зиян?

Бала теледидарды шамадан тыс көрсе, смартфонға үйір болса, бұл оның көру функциясының дұрыс қалыптаспауына себеп болады. Мысалы, 1-2 жасар бала ұшып келе жатқан допты қаға алмайды. Ол түсінікті. Ал 3-4 жастағы бала олай істей алмаса, қауіпті белгі болып саналады. Мұндайда бала ебедейсіз, қопал, баяу қимылдайды деп ойлаймыз. Шын мәнінде ол кеңістіктегі заттарды көрмей тұрған болуы да мүмкін.

Бала мультфильм қарап отырғанда, оның тек бір сезім мүшесі жұмыс істейді. Тез ауысатын кадр, жылдам жыпылықтайтын сурет баладағы бүкіл анализаторды сөндіреді. Мұндайда нейрокоррекция қажет, – дейді балалар психологы.

Сонымен қатар бала мультфильмдегі сөздерді мағынасын түсінбей қайталай берсе, толық айта алмаса, ал өмірде өз бетінше аз сөйлесе, бұл да зиян. Бұдан бөлек экран алдында көп отыратын бала әлдебір дүниені саусақпен көрсету қабілетін жоғалтады. Мұндайда дефектологқа немесе нейропсихологқа жүгіну қажет.

Гаджетке үйір болып кетті деп, балаға ұрсып, қолындағы смартфонды тартып алсаң, бала неврозға ұшырауы мүмкін. Себебі үлкендердің іс-әрекеті оны ызаландырып, агрессия көрсетуіне жол беріп тұр. Әрине, барлық бала мұндай реакция танытпайды. Бірақ осындай жағдай байқалса, психологтың көмегі керек.

3 жасқа дейін балаға гаджет ұстатпаған дұрыс, теледидарға да үйір етпеген жөн. Жеті жасқа дейін бала көп қозғалып, денесінің мүмкіндігін зерттейді, сыртқы әлемді ойын арқылы қабылдайды. Бұл кезең бала үшін өте маңызды. Себебі баланың интеллекті қозғалу арқылы дамиды. Ал экран алдында ұзақ отыратын баланың қимыл-қозғалысы азаяды, – дейді маман.

Айнұр Алдашева
Айнұр Алдашева. Фото жеке архивінен

Қуаныш гормоны мен гаджеттің байланысы

Бала дүниеге келген сәттен бастап жан-жағына қарап, әлемді тануға тырысады. Жаңа нәрсе көргенде, оны зерттегенде, қуаныш гормоны дофамин бөлінеді. Бірақ экрандағы түрлі-түсті картина да дофамин бөледі. Тек мұндай дофамин үшін қозғалудың, еңбектенудің қажеті жоқ. Экран дофаминді тегін беріп жатыр. Сондықтан бала орнынан қозғалғысы келмейді, айналасына қызықпайды, таным белсенділігі төмендейді. Нейропсихологтың сөзіне қарағанда, канадалық ғалымдар дәл осы мәселені зерттеп, үш сағат гаджетте отырған баланың және есірткіге тәуелді адамның миының магнит-резонанс томографиясы ұқсас екенін байқаған.

Бала мультфильмді түрлі-түсті картинасы, жылдам ауысатын кадры үшін көреді. Басқаға назар аудара алмай қалады. Сөзін дұрыс тыңдамауы да мүмкін. Көріп болған соң не туралы екенін, мазмұнын сұрасаңыз, айтып бере алмайды. Мұндай балалар өсе келе ақпаратты есінде сақтай алмайды, бірден жауап бермейді. Сондай-ақ баланың үнемі алдына қарап отыра беруі оның бүйірден көру қабілетін тежейді, нәтижесінде ол айналасындағы оқиғаны байқаудан қалады, – дейді Айнұр Алдашева.

Клиппен ойлау жүйесінің балаға зияны қандай?

Қазір клиппен ойлау жүйесі деген ұғым бар. Ол – визуал кадрдың жиі өзгеруі нәтижесінде ақпаратты үстіртін қабылдау. Видеоның алғашқы үш секунды қызықтырмаса, қолданушы әлеуметтік желі лентасымен ары кете береді. Қазір Tik-tok желісі осы жүйемен жұмыс істеп келеді. Мұның зияны қандай?

  • Бір-бірімен байланысы жоқ видеоларды көру ақпаратты үстірт қабылдауға үйретеді;
  • Ақпараттың қайсысы маңызды, қайсысы қажет емес екенін анықтауға мүмкіндік бермейді, адам мәліметті сүзгіден өткізу қабілетінен айырады;
  • Бала көріп отырған нәрседен белгілі-бір байланыс, себеп-cалдар іздемейді, ақпаратты жүйелей, бағалай алмайды.
  • Жарнама, әлеуметтік желідегі видеолар ақпаратты біртұтас қабылдауға мүмкіндік бермейді, оның 80%-і баланың есінен шығып кетеді.

Баланың гипербелсенді болуы, ал зейінінің керісінше төмендеуі сабақ оқуға кесірін тигізуі мүмкін. Мектеп бағдарламасы клиппен ойлау жүйесіне лайықталмаған. Мектепте бала оқып, оны талдап, көп көлемдегі ақпаратты игере алуы керек. “Балам оқи алмайды, мектеп бағдарламасы қиын” деуден бұрын клиппен ойлау жүйесінің әсері жоқ екенін тексеріңіз, – дейді маман.

Бала гаджетті жиі қолданбауы үшін не істеу керек?

  • Тілі уақтылы шықпай, кешеуілдеп жатқан балаға гаджет ұстатпаған дұрыс. Әсіресе, сөйлемейтін кейіпкері бар мультфильмді көрсетпеңіз. Ұйықтар алдында, тамақтану кезінде видео қарамағаны, ойын ойнамағаны дұрыс. Сосын Кеңес дәуірі кезінде шыққан мультфильмдердің зияны аздау.
  • Балаға кітап оқуды үйретіңіз. Алғашында көлемді мәтінді оқу қиын тиеді. Өзі қызығатын кітапты алып беріп, бірте-бірте үйреткен жөн.
  • Бала өзі қалаған дүниені дұрыс жеткізіп, түсіндіре алуға үйренуге тиіс. Керек болса, презентация қорғап жаттығуға болады. Мысалы, бала ата-анасынан әлдебір ойыншықты алып беруді сұраса, неге дәл сол ойыншықты таңдағанын, оның пайдалы жағын жүйелеп айтып берсін. Бұл балаға ой нақтылап, оны дәлелдеуге үйретеді.
  • Дебат – клиппен ойлау жүйесін жеңудің оңтайлы әдісі. Ол үшін міндетті түрде дебат клубына қатысудың қажеті жоқ. Үйде бір тақырыпты талқылап, соған қатысты ойын айтуға дағдылап көріңіз.
  • Сонымен қатар эссе жазу, күнделік жазу балаға ойын жүйелеуге көмектеседі.
  • Контент ұсынғанда тек бір түрін емес, бірнеше нұсқасын көрсетіңіз. Мысалы, бүгін мультфильм көрсе, келесі күні балаларға арналған деректі фильм тамашаласын.
  • Бала гаджетке тәуелді болмауы үшін ата-ана оған үлгі болуы керек.