Фитнес-йога маманы Аруна Шерімнің айтуынша, бұрын адамдар йогадан қорқып, оны Кришнаға табыну деп қабылдайтын. Қазір көбі йогамен спорт ретінде айналысады.

Йога үнді тілінен аударғанда “байланыстыру”, “ойды жинақтау”, “қабылдау” дегенді білдіреді. Басты мақсаты – жан, ой мен денені бір арнаға біріктіру. Йога өзіңді тануға, жүйкені тыныштандыруға, денені физикалық тұрғыдан жаттықтыруға көмектеседі.

Физикалық және тыныс алу жаттығуларын жасау арқылы барлық бұлшықет қозғалып, ағзаға оттегі барады. Сондықтан дене жұмсақ болып, адам өзін жайлы сезінеді, көңіл-күйі де көтеріледі. Қан айналымы, ас қорыту жұмысы жақсарып, жүйке жүйесі тынышталады. Йогамен айналысатын адамдар депрессия мен стресстен тез жазылып кетеді, – дейді Аруна шерім.

Йога
Фото: Аруна Шерімнің жеке архивінен

Аруна Шерімнің айтуынша, әр адам йогамен айналасуы керек. Өйткені қазір көбі жұмыста компьютер алдында отырады, олардың мойын бұлшық еттері және арқасы жиі ауырады. Ал йоганың арқаға арналған жаттығуларын жасасаңыз, денеңіз жеңілдейді. Бірақ йога жаттығуларын өз бетіңізше жасауға болмайды.

Қазір интернетте йоганы видео арқылы үйрететін түрлі онлайн курс бар. Бірақ маманның қабылдауына жазылған жөн.  Йога ерлер мен әйелдерге кез келген жаста пайдалы. Ең жиі кездесетін бас ауруы, семіздік, арқадағы ауруды фитнес-йога жаттығуларын жасау арқылы емдеуге болады. Күнделікті жаттығуларды орындау арқылы денеңіз бір қалыпқа келіп, зиян әрекеттерден арыласыз. Адам өзін жеңіл сезінеді. Ағзадағы энергетикалық арналар тазарып, бұлшықетіңіз жаттығып, денеңіз иілгіш болады, – дейді фитнес-йога маманы.

Йоганың пайдасы қандай?

  • Адамның бұлшықеті иілгіш болады. Йогамен айналысатын адамдар шпагатқа қиналмай отырады. Әртүрлі физикалық жаттығуды істей алады.
  • Йоганың кей түрлері артық салмақтан арылуға көмектеседі.
  • Йогамен айналысатын адамның  сүйегі берік болып, артроз, остеопорозға шалдықпайды.
  • Йогамен айналысқанда бұлшықетіңіз қатайып, тік жүре бастайсыз.
  • Денеңізде ауыртпалық болмайды. Өйткені медитация жасау арқылы өзіңізді жеңіл сезінесіз.

Қазір адамдар депрессия мен стресске бейім. Йоганың психологиялық жағынан пайдалы екенін көбі біледі. Йога физикалық тұрғыдан да пайдалы. Психологтардың тренингі мен әлеуметтік желідегі онлайн марафонының әсері ұзаққа бармайды. Йогамен айналысуды спорт ретінде қабылдасаңыз, денсаулығыңыз жақсарады. Адам физикалық тұрғыдан өзін жақсы сезінсе, жүйкесі де тынышталады, – дейді Аруна Шерім.

Йоганың қандай түрі бар?

  • Аштанга йога
  • Айенгара йога
  • Бакрим йога
  • Кундалини йога
  • Хатха-йога

Хатха-йоганы көпшілік жақсы біледі. “Хатха” сөзі қарама-қарсы бастамалардың жалғыз күші дегенді білдіреді. “Ха” – күн,  “тха” – ай деген мағынада қолданады. Адам жалғыз өзі қоршаған ортамен ылғи қарсылықта болады. Хатха-йогада физикалық, тыныс алу және жүйкені тыныштандыратын жаттығулар бар, – дейді фитнес-йога жаттықтырушы.