– Баян Жүсіпова, омыртқа жарығы неден пайда болады?

– Омыртқа арасындағы дискте фиброз сақина бар. Фиброз сақина жарылып, омыртқа дискісінің орнынан қозғалуы, ядросының сыртқа шығып кетуі “омыртқаның жарығы” деп аталады. Омыртқаның ортасындағы дисктер қан тамырымен қоректенбейді. Дисктерге омыртқаның диффузиясы, яғни тұрақты қимыл-қозғалыс қорек болады. Қозғалыс болмаған жағдайда фиброз сақина бұзылады. Фиброз сақинаны жарып шыққан дисктің ядросы – омыртқаның жарығы.

– Омыртқа жарығымен кімдер және қай жасында ауыруы мүмкін?

– Қай елде, континентте болмасын, адамның қимыл-қозғалысы аз. Сондықтан омыртқа жарығы өте кең таралған. Көбіне отырып жұмыс істегеннен омыртқаның қоректенуі бұзылады. Артық салмақ пен семіздікке шалдыққан адамдардың омыртқа жарығына ұшырау қаупі басым. Себебі артық салмақ адамның қозғалысына жүк түсіреді. Омыртқа жарығы тек жасы ұлғайған адамдарда болмайды. Омыртқа жарығы немесе остеохондроз 25 жастан асқанда басталады. Бірақ қозғалыссыз өмір сүретін адамда бұлар ерте болуы мүмкін. Оған зиян әдеттер, артық салмақ, аз қозғалу себеп болады.

Баян Жүсіпова
Баян Жүсіпова. Фото жеке архивінен

– Белгілері қандай?

– Омыртқа жарығының белгілері қай жерде пайда болуына байланысты. Жарық мойын омыртқасында пайда болса, бас айналып, қан қысымы көтеріліп, ауру иыққа, қолға, адамның кеудесіне бойлайды. Бірақ мойын омыртқасының жарығы сирек кездеседі.

Кеуде омыртқасының жарығы кезінде адамның денесі, арқасы, жүрек тұсы ауыруы мүмкін. Сондықтан көбіне кеуде омыртқасының жарығын жүрек ауруымен дифференциялайды, яғни жіктеп емдейді. Қазір ең тиімді әрі нақты әдіс – магнит-резонанс томографиясы.

Ең жиі кездесетін омыртқа жарығы бел мен сегізкөзде. Ауру бөксе мен балтырға дейін бойлауы мүмкін. Асқынған жағдайда кіші жамбасқа әсер етіп, потенцияның әлсіреуіне, дәрет шығару жүйесінің бұзылуына алып келеді. Омыртқа жарығының мұндай түріне шалдыққандардың аяғы жансызданып, көп жүргенді көтере алмайды.

– Омыртқа жарығын қалай емдейді?

– Омыртқаның жарығын бастапқы кезде консерватив түрде емдейді. Қабынуға қарсы стеройд емес препараттар қолданылуы мүмкін. Бұдан нәтиже болмағанда хирургтың көмегіне жүгінуге болады. Олар операциямен жарықты алып тастайды. Бірақ хирургтың көмегіне жүгінбеген абзал. Себебі кез келген операциядан кейін асқыну болуы мүмкін. Сондықтан оны дәрі-дәрмекпен, емдік дене шынықтырумен, физиотерапиямен және мануал терапевтің көмегімен емдеген дұрыс.

Омыртқа жарығын емдеуде науқастарға ұсынылатын спорт – суда жүзу. Жүзуге аптасына екі-үш рет барған дұрыс. Суда жүзу омыртқа жарығын емдеуде ғана емес, бүкіл бұлшықет тонусын бірқалыпты ұстағанға жақсы, өте пайдалы. Себебі жүзгенде омыртқаға қатты жүк түспей, барлық бұлшықет жұмыс істейді.

Омыртқа жарығын болдырмаудың бір жолы бар. Ол – көп қозғалу, спортпен айналысу.

– Кеңесіңізге рақмет!