Toomars – қыздарға арналған танымдық жоба. Жобаның миссиясы –  қыздардың тұлғалық дамуына көмектесу. Болашақта бұл жоба шетелде оқығысы келетін ауыл қыздарына кеңес беріп, қыздардың тұлғалық дамуына арналған алаң болғысы келеді.
Baribar.kz тілшісі Toomars жобасының авторы Қадиша Әділден жобаның маңызы мен болашағы туралы сұрады.

Жоба не туралы?

Toomars – танымдық жоба. Бұл жоба Instagram-парақшада қыздарға түрлі кеңес беріп, тұлғалық дамуға қатысты ақпарат жариялайды. «Ерте тұрмыс құру», «Өзін-өзі қорғау әдістері», «Ерте оянудың пайдасы» деген сияқты тақырыптарды талдаған. «Үндестік» айдары аясында танымал тұлғалармен сұхбаттасып, қыздарға түрлі кеңес береді. Жобаның «Toomars» деп аталуы да бекер емес.

Toomars атауы «Тұмар» және «To mars» деген екі сөзден құралған. «To mars» «Марсқа қарай» деген мағынаны білдіреді. Бұл жоба әр қыздың жүрегіне сенім мен қорғаныш сыйлайтын тұмар болсын деген ниет бар. Қыздар сенім арқылы Марсқа да жетелейтін армандарына қол жеткізеді деп ойлаймыз. «Сенімділіктің тұмарын тағып, Марсқа бірге ұшайық!» – дейді жоба авторы Қадиша Әділ.

Қадиша Әділ осы жоба арқылы ауылдағы қыздарды ғылым мен мәдениетке қызықтырғысы келген. Ол ақпараттық кеңістікте ғылым, білім, мәдениет туралы мәліметтің жеткіліксіз екенін жеткізіп, жобаны жасаудағы мақсатына тоқталды.

Италияда оқып жүрген уақытта Еуропа мәдениетімен жақын таныстым. Осы сәтте Қазақстанға сырттан қарауға мүмкіндік болды. Сырттан қарағанда қазақ қыздарына білімге деген құлшыныс, жаңашылдыққа деген ұмтылыс жетпейтінін байқадым. Бұл мәселе білім мен жаңашылдықты қыздар қаламағанынан емес, ақпараттың жетіспеуінен екенін де түсіндім. Бізде мектеп бітірген әр қыздың санасында университет оқу немесе тұрмысқа шығу деген екі таңдау ғана тұратынын білемін. Қай қызбен сөйлессем де әңгіме осы арадан аспайды. Осындай себептерге байланысты ауыл-аймақтағы қыздарды ғылым мен мәдениетке қызықтырғым келді, – дейді жоба авторы.

Қадиша Әділ, жоба авторы
Қадиша Әділ. Фото жеке архивінен

Жобаның болашағы

Жоба авторы болашақта ауылдағы қыздарға шетелде білім алу туралы ақпарат беріп, түрлі трениң өткізгісі келеді. Ол осы мақсаты үшін әртүрлі ізденіс жасап, білім алып жүр.

Әр қыз ғылыми еңбек жазып, мәдениетке үлес қосса деген ойым бар. Ауыл-аймақтағы мектеп оқушыларына шетелде тегін білім алудың қолжетімді жолдарын, көп айтыла бермейтін мүмкіндіктерді жеткізгім келеді. Осы мақсатқа жету үшін өзім де университет мүмкіндіктерін пайдаланып, тұлға ретінде дамуыма қадам жасадым. Өнермен және мәдениетпен жақын таныстым, – дейді Қадиша Әділ.

Қадиша Әділ Toomars жобасы аясында ғылыми жаңалықтарды да қолдағысы келеді.

Жобаның жасалуына елге деген махаббат түрткі болды. Жоба арқылы өзімізде бар білім мен ақпаратты жеңіл әрі түсінікті қылып жеткізгіміз келеді. Шетелде тұруға, шетелде оқуға көмектессек дейміз. Болашақта ауыл-аймақты аралап, кездесулер ұйымдастырғымыз келеді. Шетелде оқып жатқан қазақ студенттерімен байланыс орнатып, ауыл қыздарына кеңес беруді де жоспарладық. Марафон өткізіп, ғылыми жаңалықтарды да қолдасақ деген ойымыз бар. Біз әр аймақтағы қыздардың дамуына мүмкіндік беретін алаң болуды ойлап отырмыз, – дейді ол.

Қадиша Әділ достарымен
Қадиша Әділ достарымен. Фото жеке архивінен

Балалық шақ

Жоба авторының «Мәдениетке үлес қосу» деген арманы балалық шақта пайда болған.

Оқушы кезімде әртүрлі ортада болдым. Сан мәрте мектеп ауыстырдым. Әр мектептегі алғашқы айларда адаптация кезеңі қиын болды. Жаңадан келген әрі сабақты жақсы оқитын қызды көп адам ұната бермейді. Бірақ мені мұғалімдерім алға сүйреді. Ғылыми жоба мен түрлі жарысқа қатыстырды. Осы арқылы оқу-білімге қызығушылығым оянды. Жарыстарға қатысып, әртүрлі қалаға барып, дарынды жандарды кездестірдім. Бұл адамдар маған шабыт сыйлады. Менің тұлға ретінде дамуыма жолымда кездескен әр адамның үлесі бар. «Мен де өскенде мәдениетке үлес қосқым келеді» деген тілек сол кезде пайда болды, – дейді ол.

Қадиша Әділдің пікірінше, дұрыс бағдар болған жағдайда орындалмайтын арман жоқ.

Мектептегі пәндер маған қызық емес еді. Класта отырып «Әлемнің ең мықты университетінде оқимыз, әлемге саяхаттаймыз» деп жиі айтатынмын. Әрине, қалжыңдап. Ол уақытта ағылшын тілін білмесем де, өзімде ештеңе болмаса да бір күні шетелде білім алып, ұзақ уақыт шетелде тұратыныма сенетінмін. Бірақ шетелде оқудың мүмкін екенін, оқып келген кісілердің бар екенін де білмейтінмін. Бұл менің бала арманым еді. Уақыт өте мүмкіндіктер өзі туды. Шетелде оқып жүрген жандармен таныса бастадым. Ол жандар өзіме сенуіме ықпал етті. 19 жасымда әлемнің 15 еліне саяхат жасадым. Италия, Польша елдерінде білім алдым. Бала арманым әрекет пен еңбекке баулыды. Адамның барлық арманы орындалады. Бастысы – дұрыс бағдар беру, – дейді ол.

Қадиша Әділ, жоба авторы
Қадиша Әділ. Фото жеке архивінен

«Оқушы кезімде білмеген мүмкіндіктерім туралы айтқым келеді»

Жоба авторы мектепте оқып жүрген уақытта шетелде оқу туралы ақпарат болмаған. Ол осы үшін де ауылдағы қыздарға шетелде оқу мүмкін екенін, шетелде көптеген жеңілдік қарастырылғанын айтқысы келеді.

Мектеп оқушыларына шетелде оқудың мүмкіндіктері туралы айтыла бермейді. Олар үшін шетелде оқу мүмкін еместей көрінеді. Өзім де сол қатарда болдым. Мысалы, мектеп оқып жүргенде Америка құрама штаттарында тегін оқудың мүмкін екенін ешкім айтпады. Америкада оқу қол жетпейтін арман сияқты еді. Мен осы жоба аясында мектеп уақытында білмеген мүмкіндіктерім туралы айтқым келеді. Себебі қарапайым мектепте оқып жүрген қаншама дарынды қыз бар екенін білемін. Сол қыздардың ішіндегі шоқты қозғаудың жолы – әлемге саяхаттау, білім алмасу. Шетелде оқу локация ауыстыру ғана емес, ол – жаңа нейрондардың пайда болуы, әлемге жасалған қадам. Қазақ қыздарының білімді болғанын қалаймын. Бізде де Мария Кюри, Жейн Остин, Симона де Бовуар сияқты ғылымға үлес қосатын тұлғалар шығатынына сенемін, – дейді Қадиша Әділ.

Қадиша Әділдің сөзіне қарағанда, біздің санаға «шетелде тұру, оқу қымбат» деген таптаурын сіңіп кеткен.

«Шетелде өмір сүру қымбат» деген таптаурын біздің санаға сіңіп кеткен. Мысалы, Қазақстанмен салыстырғанда басқа мемлекеттегі университеттердің құны арзанырақ. Ол мемлекеттерде гранттар мен күнкөріс шығынын толықтай жабатын стипендиялар да қарастырылған. Біздің қоғамымыз шетел университетіне түсуді мүмкін еместей көреді. Негізінде профиль пәндер мен ағылшын тілін білу жеткілікті. Лингвистикалық ақпаратқа сүйенсек, ағылшын тілі — әлемдегі ең оңай тілдің бірі, – дейді ол.

Қадиша Әділ, жоба авторы
Қадиша Әділ. Фото жеке архивінен

Бұл жоба не үшін маңызды?

Қадиша Әділ ауылда тұратын қыздардың шетелде білім алып, тұлға ретінде дамығанын қалайды.

Мен — ауданнан 30 шақырым жердегі шағын ауылда өскен қарапайым қазақ қызымын. Бала кезінде Қазақстаннан басқа ел бар екенін де білмеген қыз қазір Еуропада білім алып жатыр. Сол кезде маған біреу осылай деп айтса сенбес едім. Себебі ауыл мектептерінде ешкім ағылшын тілін оқыңдар, шет елге оқуға түсулеріңе болады деп айтпайды. Сол сәтте шетелге түсу жолдарымен таныстыратын сабақтар, ағылшын тілі курстары, шетелге барып келген жандармен сұхбат болғанда ғой. Көптеген дарынды әрі ақылды қыздар жай ғана ауылда қалып қоймай, өздерін әлемге танытатын еді. Сондықтан бұл жобаның ауыл-аймақта тұратын қыздарға пайдасы зор деп ойлаймын, – дейді жоба авторы.

***

Тағы оқыңыз:

«14 елге мемлекет ақшасына бардым». Студент шетелге қалай тегін шыға алады?