«Дені сау ұлт» жобасы. Ауылдағы медицина саласы дамуы үшін не істеу керек?

Елімізде бірнеше жыл бұрын «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы басталған еді. Жоба 2021-2025 жылдар ішінде жүзеге асуы қажет. Мақсаты — Қазақстан Республикасының әрбір азаматына сапалы және қолжетімді медицина көмегін беру.

Жобаға толығырақ тоқталайық. Жобаның стратегиялық мақсаты төрт бағыттан тұрады:

  • біріншісі – медицина көмегінің қолжетімді болуы және оның сапасын арттыруға қатысты;
  • екінші бағыты эпидемиологиялық болжау мен әрекет етудің заманауи жүйесін қалыптастыруға арналған;
  • үшіншісі отандық фармацевтика саласының дамуына ықпал етеді;
  • төртіншісі салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыруға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.

Жоба 2025 жылы жүзеге асырылғаннан кейін қарапайым азаматтардың өмір сүру сапасы жақсарады деп күтілетіні, олар азаматтардың өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін ұлғайту арқылы белсенді ұзақ өмір сүруге және әлеуметтік функцияларды толық орындауға қол жеткізетіні айтылды.

Сонымен қатар жобаны жүзеге асыру нәтижесінде нәресте өлімін 1000 тірі туғанға шаққанда 7,2-ге, ана өлімін 100 мың тірі туғанға шаққанда 10,0-ге дейін азайту көзделген. Ал ел тұрғындарының медицина мекемелері көрсететін қызмет сапасы мен қолжетімді екені қанағаттану деңгейін 80 процентке дейін арттыру жоспарланып отыр.

Оған қоса денсаулық сақтау саласындағы негізгі капиталға инвестицияның өсімі 2019 жылғы деңгейден 372,2%-ке дейін өсуге тиіс. Сондай-ақ қазақстандық дәрігерлердің орташа жалақысын кезең-кезеңімен 2,5 есеге арттыру жоспарланған еді.

Жобаның басында әр сала бойынша міндеттер, нәтиже көрсеткіштері мен жүзеге асыру шаралары белгіленгені айтылды. Денсаулық сақтау саласында қандай олқылықтар бар? Енді не істеу керек? Осы сауалдарға жауап беріп көрейік.

Қазақстанның жері кең болғандықтан, әр аймақтағы медицина қызметі әртүрлі. Мысалы, оңтүстік халқы тығыз орналасқан, ал солтүстік халқы бір-бірінен қашық орналасқан. Оңтүстіктің бір ауданының халқы миллиондап саналып, мегаполистермен бірдей болуы мүмкін. Ал солтүтүстіктегі аудан халқы 10 мыңға зорға жетуі ғажап емес.

Тағы бір айырмашылықты айта кеткен жөн. Мәселен, оңтүстік өлкеде жақын қашықтықты басып өтіп-ақ аудан орталығындағы медицина мекемесіне жетуге болады. Ал солтүстік аймақтағы аудандарда жақын маңдағы ауруханаға жету үшін мыңдаған шақырымды жүріп өту қажет.

Осындай өзгешелікті ескерсек, «Дені сау ұлт» жобасы қазір аса өзекті. Қазір бұл жоба аясында жұмыс «пациент дәрігерге емес, дәрігер пациентке барады» деген принциппен істеледі. Ал кей жағдайда дәрігер артық қол керек медицина мекемлерінде жұмыс істеу үшін арнайы аймақтарға барып тұрады.

Халыққа сапалы қызмет көрсету көп жағдайда қажет мамандардың білігі мен қолжетімді болуына байланысты екенін ескере отырып, ұлттық жобаның бірінші бағыты бойынша, арнайы медицина мамандарында резидентурада білім алуы үшін гранттар санын 3800-ге дейін арттыру жоспарланған еді. Әлемдегі жетекші орталықтарда қарқынды терапияның халықаралық стандарттары бойынша, дәрігерлерді көптеп дайындау қажет.

Арнайы медицина мамандарының, мысалы, инфекционистер мен эпидемиологтардың қажеттігі, олардың жетпейтіні пандемия уағында қатты сезілді. Сондықтан жоба аясында осындай мамандарды көптеп оқытуды және грант бөлуді қарастыру керек.