Маржан Аябекова

27 жастағы бүгінгі кейіпкеріміз Маржан Аябекова – Қызылорда облысындағы шағын мекенде туып, сол жақта білім алған ауылдың қызы. Қазір қазақ балаларын шетелде оқуға дайындайтын Marzhan’s Online School жетекшісі.

Маржан жоғарғы сынып оқушысы болған кезде шетелде оқуды армандайды. Мектеп бітірген соң Еуразия ұлттық университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Дәл осы ордада ол арманына апарар алғашқы қадам жасап, ағылшын тілін нөлден бастап өз бетінше үйренеді. Нәтижесінде IELTS тапсырып, мүмкін деген 9 балдың 8-ін алып, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Еуропаға оқуға кетеді.

«1-курста «put», «cut» сияқты қарапайым сөздерді де айта алмайтынмын. Бірақ, ақырында, бір-екі жылдың ішінде IELTS-тен жоғары балл жинап, Италияның тарихы тереңге жайылған ең беделді Ла-Сапиенца университетіне шақырту алдым. Осы қиын жолды көрген мен ауылдағы талантты ұлдар мен шалғайдағы еңбекқор қыздарға көмектескім келеді. Олардың Кембридж не Оксфорд туралы арманын ата-анасына қиындық тудырмай-ақ орындай алғанын қалаймын», — дейді орталық басшысы.

Маржан Аябекова

Marzhan’s online language school-да 10 маман жұмыс істейді. Оның 5-еуі оқушылар мен студенттерге ағылшын тілін үйрететін, IELTS-тен жоғары балл алған мұғалімдер болса, қалған 5-еуі – университетке түсу үшін құжаттарды жинауға көмектесетін, ұйымдастырушылық кезеңдерге жауапты менеджерлер.

Маржан Нұрлыбекқызы бастаған тіл орталығының тағы бір ерекшелігі – шетелде тегін оқу мен ай сайын шәкіртақы алуға берілетін кепілдік. Соңғы жылдары қазақстандық үздік ЖОО-да бір жылдық оқудың ең төменгі бағасы 850 мың теңге болғанын ескерсек, бұл орталық арқылы Еуропаға оқу барудың тиімді екенін түсінуге болады.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, біздің елде бакалавр дәрежесін алған студенттер магистратураны шетелде оқуға тырысады. Себебі екі елдегі білімді қаржылық және академиялық тұрғыдан салыстырғанда, Еуропада оқу барлық жағынан ұтымды екені белгілі болып отыр.

Орталық жетекшісінің айтуынша, бұдан бөлек әлемнің үздік университеттеріне магистратураға тапсыру үшін талапкер тек портфолио жасап, сұхбаттан өту керек болса, отандық ЖОО-ға түсу бұдан әлдеқайда қиын. Өйткені бұл жолда студент бірнеше кәсіби және жалпы пәндерді қамтитын арнайы тест тапсыруы қажет.

2019 жылы өз жұмысын бастаған тіл орталығы бүгінге дейін 3000-нан астам студент оқытып, қысқа уақыттың ішінде жүздеген талапкердің арманын орындаған.

Мектептегі онлайн форматтағы оқудың арқасында әлемнің түкпір-түкпірінен келген шетелдік студенттер де білім алады. Ал заманауи әдістеме бойынша әр студент жеке қызығушылығына байланысты білім алу мүмкіндігіне ие.

«Еуропаға бару мен үшін әрқашан алыс, қымбат және қорқынышты боп көрінетін. Бірақ басқалар сияқты фильмдегі Еуропаның әйгілі тар көшелерімен серуендеуді, Ежелгі Рим ескерткіштерін өз көзіммен көруді қалайтынмын. Мұның бәрі бертінге дейін арман ғана еді. Алайда бір күні достарымнан Marzhan’s online language school туралы естіп, толық ақпарат алдым. Содан кейін қорқынышым мен күмәнімнің бекер екенін түсіндім, — дейді орталық студенті. — Маржан – білімді заңгер. Ол қай жерде қандай құжаттар қажет екенін жақсы біледі. Оған қоса Маржанның өзі де Еуропада оқып, елге оралған. Осы себептен де менің және ата-анамның уайымы су сепкендей басылды».

Орталық қазақтілді балаларға ерекше көңіл бөледі. Мәселен, 2021 жылы тіл мектебіне келген 30 оқушының тек 5%-і ірі қаладан болса, қалған 95% талапкер – ауыл балалары.

Дәл осы факт орталықтың негізгі мақсаты мен идеясын айқындап тұр. Өйткені Маржанның өмір жолы да мына бір дүниені дәлелдейді: шетелде оқу үшін оқушының қайдан шыққаны, қайда білім алғаны, қандай тілді білетіні емес, қалай оқығаны маңызды! Себебі білім мен Marzhan’s online language school кез келген адамға ай сайын шәкіртақы алып, Еуропаның үздік университетінде тегін оқуға көмектеседі.