Спорт әлеміндегі қыздарға жігерлі әрі табанды болу қажет. Оның ішінде хиджаб киетін қыздардың екі есе мықты болғаны абзал, себебі олар жарыстағы қарсыласымен ғана емес, жаулыққа қатысты таптаурын ойдағы адамдармен, спорттағы кедергілермен де күреседі. Baribar.kz 1 ақпан — Хиджаб күніне орай, жаулық тағатын спортшы қыздармен спорт және олардың киім үлгісі туралы сөйлесті.

«Қазір орамал тақпай тұрғаның дұрыс болар деді»

23 жастағы Меруерт Есенова — 10 жыл кәсіби жекпе-жекпен айналысқан спортшы. Ол түрлі халықаралық жарысқа қатысып, жүлделі болып, Қазақстанның туын биікке көтерген. Спортшы қыз үш жыл бұрын киім үлгісін өзгертіп, орамал таққан.

Ол уақытта Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жекпе-жек құрамасында болдым. Командадағы ағайларым “Қазір орамал тақпай тұрғаның дұрыс болар” деді. Онда әскери тәртіп болған соң, олардың не айтқысы келгенін түсіндім. Оның үстіне сол уақытта аяқ-қолым қайта-қайта шығып, сынып, көп жарақат алдым. Әбден ойлана келе, «денсаулығыма мән берейін» деп бұл спорт түрін тастадым. Кейін орамалды да таға бастадым, – дейді Меруерт Есенова.

Дегенмен Меруерт жекпе-жектен кеткенінің негізгі себебі орамал таққанынан емес дейді. Мәселен, алғашында жекпе-жектен бірден кете алмапты. Сүйікті ісі болған соң, кейін де бірнеше мәрте жарысқа қатысыпты.

Кейін жарыстағы суреттерімді қарасам, басымда жаулық, ал беті-басым қан-қан. Өрескел көрінеді екен. Сөйтіп ақырындап жекпе-жекті қазақ ұлттық спортына ауыстырдым, – дейді спортшы.

Қазіргі уақытта ол садақ атумен және ат үстінде садақ атумен айналысады. Өзінің Тарлан деген тұлпары, Ақсауыт деген тазы иті бар.

Әрине, мұнда да киім үлгім сәл қиын болды. Етегі кең әрі ұзын көйлекпен ат үстінде шабу ыңғайсыз, көйлегімнің етегі ер-тоқымға қыстырылып қалатын. Дегенмен киімім ыңғайсыз екен деп, одан бас тарта салмадым. Динара деген қыздың хиджаб киетін қыздарға арнап спорт киімін тігетін көріп қалдым. Динарадан киім алатын болдым. Одан бөлек киімімді өзім ыңғайлап аламын, – дейді ол.

хиджаб, орамал
Меруерт Есенова. Фото жеке архивінен

Меруерт кез келген адам сүйікті кәсібі мен өмірлік құндылығын байланыстыруына болатынын айтады. Ол үшін өзгенің сөзіне мән бермеу керек дейді.

«Қоғамның хиджабқа қатысты ойы өзгерсе деймін»

Ауыр атлетика – күш-қуатты, сабыр мен жігерді талап ететін спорт түрі. 22 жастағы ауыр атлет Аиша Омарова тек жетістігімен емес, спорттағы мәдени ерекшелігімен көзге түседі. Аиша 12 жылдан бері ауыр штанганы көтеріп жүр. Қазір Қазақстанның ауыр атлетика ұлттық құрамасының мүшесі. Бір жарым жыл бұрын хиджаб киюді жөн көріпті. Аиша киіміне қатысты ешкімнен қысым көрмегенін айтады, бірақ спорттағы сәтсіз кездерін образымен байланыстырғандар болған екен.

Қазақстан — демократиялы ел. Спортта «жаулық тақпа», «хиджаб киме» деп ешкім нақты тыйым салмады, шектеу қоймады. Дегенмен біздің қоғам исламды толықтай қабылдамайды, бұл киім үлгісіне сыни көзбен қарайтындар бар. Мысалы, 2022 жылы шамамен күзде жаулық тақтым. Жылдың соңына қарай спортта шаршай бастадым, соның салдарынан ауыр атлетикадағы көрсеткіштерім төмендеп кетті. Сол кезде бапкерлерім «Мұның бәрі хиджабтың кесірінен» деп те айтқан. Бірақ кейін ол кісілер оның еш қатысы жоқ екенін түсінді. Менің жаңа образыма көзі үйреніп, қолдау білдіретін болды. Спорттағы қатарластарым басынан-ақ демеп жүрді. Бір орыс жігіт «Жаулығың саған жарасады екен» деп қуантып қойды, — дейді спортшы.

Аиша хиджаб киген қыздарға қатысты түрлі стереотип бар екенін айтады. Бірі оларды даттап жатса, біреулер қабылдағысы келмейді. Аиша қоғам адамның қандай киім киіп-кимейтіні, не жеп-жемейтіні өз таңдауы екенін түсінсе екен дейді.

Әдетте, жыл соңында қорытынды жасайды ғой. Бір іс-шарада «Жыл спортшысы» деген номинация болды, соған менің портфолиомды сұрады. Сол кезде маған қатысты деректерді жинаған адамдар «Хиджабсыз түскен суретің бар ма?» деп қалған еді. Кішкене таңғалып әрі түсінбей қалдым, — дейді ол.

Аишаның айтуына қарағанда, спортшыларға арнайы спорт киімі беріледі. Бірақ оның көбінің етегі қысқа, денеге жабысып тұрады. Дегенмен ол мұны үлкен кедергі деп есептемейді, сол себепті сол киімін өз бетімен өзгертіп, түрлендіріп алады екен.

Спорт киімімді барынша өзіме ыңғайлы етіп аламын. Бірде бізге санға жабысып, ал балтыры кең тұратын шалбар берді. Мен жай ғана басқа шалбар кие салдым. Дегенмен мұны да түсінбейтіндер болды. Бір күні бір адам TikTok-қа жариялаған суретіме «Сенің кигенің хиджаб емес. Осылай да кие ме екен? Ауыр атлетика мен хиджаб — үйлеспейтін нәрсе» деп пікір жазды. Дегенмен мен бұл сөздерге аса мән бермеймін. Екеуі де менің қалауым, таңдауым. Сондықтан қазіргі мәселе киімде емес, адамдардың түсінігінде деп ойлаймын, — дейді Аиша Омарова.

«Орамал таққан соң, хиджаб киетін қыздарға арнап спорт киімін тіге бастадым»

Динара Сайлаубекова — спорт десе ішкен асын жерге қоятын қыз. Спортшылардың отбасында өскен соң, түрлі спорт түрімен шұғылданады. Кішкентайында жүгірумен айналысты, волейбол, баскетбол ойнады. Қазір көбіне джиу-джитсуға, аралас жекпе-жекке басымдық береді. Динара орамалды 15 жасынан бастап тағып жүр.

Ол уақытта 11-класс оқушысы едім. Мектепте жаулыққа рұқсат бермейтін, сол себепті мектепте орамалсыз жүрсем, мектептен шыққан соң, орамал тағатынмын. Мектепті тәмамдағаннан кейін, Алматыдағы университеттің біріне оқуға түстім. Осы кезден бастап жаулығымды шешпейтін болдым. Университетте ешкім шектеу қоймады, дегенмен кей оқытушы қарсылығын білдіретін, — дейді спортшы қыз.

Динара Сайлаубекова. Фото жеке архивінен

Динараның айтуынша, жаулық тақпаған кезінде қысқа шалбар, ашық киім киіп, волейбол ойнап жүретін. Орамал таға бастаған соң, күреске қатысқан. Алғашында қатты қиналған. Тіпті күресіп жатқанында бар ойы спортта емес, жаулығында болғанын айтады.

Басында ыңғайсыз жаулық тағатынмын. Кейде күресіп жатқанымда дем жетпей қалатын, орамалым басымнан сырғанып түсіп кететін. Күресіп жатып «Шашым, мойным көрініп қалмаса екен» деп уайымдайтынмын. Бар ойым сонда болды. Негізі кәдімгі киімді киіп жаттықсаңыз да, терлеп, ыстықтап кетесіз. Жаулықпен де солай. Ал арнайы спорт киімі өте ыңғайлы, — дейді Динара.

Динара Сайлаубекова. Фото жеке архивінен

Осыдан кейін Динара спортта тағуға болатын орамал түрлерін, жабық киімдерді іздей бастаған. Сол кезде қыздардың спорт киімі көбіне ашық болатынын байқаған екен. Тіпті ер балаларға арналған спорт киімін сатып алып, киіп жүрген кезі болыпты.

2019 жылы Дубайға саяхаттап бардым. Сол жерде бір дүкеннен 20 мың теңгеге жаулық сатып алдым. Өте ыңғайлы екен, соны таққан соң, еш алаңсыз бар назарымды спортқа аудардым. Біраз уақыттан соң ол түтіліп, матасы созыла бастады. Екі-үш ай сайын Дубайдан 20 мың теңгеге жаулық алып отыру маған қиын әрі тиімсіз. Түркияға саяхаттап барғанымда дәл осындай орамалды тіктіртіп алдым. Негізі Қазақстанда спортта жүрген, хиджаб киетін қыз көп. Олар әлгі орамалымды көргенде қайдан алғанымды сұрап кетті. Тіпті әлеуметтік желі арқылы шетелден адамдар сұрап жазды. Осы кезде бұл үлкен мәселе екенін, көбі мен сияқты қиналып жүргенін түсіндім, — дейді ол.

Осы жағдайдан соң Динара жаулық тағатын спортшы қыздарға арнап спорт киімін, жаулық шығаруды жөн көріпті.

Енді қыздар жеке шұғылдана алатын залдар, әйел жаттықтырушылар болса екен деймін. Болашақта өзім де осыған үлес қосқым келеді, — дейді спортшы қыз.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от 🇰🇿1 SPORT HIJAB | БУРКИНИ (@n31.kz)

Динараның айтуынша, әлем бойынша бірнеше спорт түрінде қыздарға жаулық тағып шығуға рұқсат етілмейді. Мысалы, самбомен шұғылданатын қыздар орамал таға алмайды. Ол мұны адам құқығын бұзу деп ойлайды. Болашақта осындай мәселелердің шешілгенін қалайды.

Үш спортшы қыз да адам өзі қаласа, хиджаб киіп те спортпен шұғылдануға болатынын айтады. Ең бастысы адамның мақсаты айқын болуға тиіс.

***

Тағы оқыңыз:

«Осындайлардан қорқу керек»: Хиджабтағы қыздардың әңгімесі