Ғылымды табыс көзіне айналдыру. InnoBoost қандай бағдарлама?

InnoBoost — жобасын дамытып, инвестор тартқысы келетіндерді қолдауға бағытталған жоба. Бағдарламаны Алматы менеджмент университетінің технологияларды коммерцияландыру орталығы, ҚР президенті жанындағы ұлттық ғылым академиясы және Thunderbird жаһандық менеджмент мектебі (Arizona State University бизнес-мектебі) серіктесіп жүзеге асырады. InnoBoost оқыту бағдарламасы туралы Baribar.kz тілшісіне бағдарламаның директоры Динара Молдағалиева айтып берді.
Динара Молдағалиеваның айтуынша, бұл — Қазақстанның ғылым саласын дамытуға арналған бірегей жоба. Ол жоба қатысушыларына инвестор тартуға кепілдік береміз дейді.

InnoBoost бағдарламасы — ғылыми жаңалықтарды қолданбалы салаға бейімдеп, зерттеу жұмыстарының авторларына инвестор табуға көмектесуге бағытталған бағдарлама.  Биыл бағдарлама алғаш рет жүзеге асырылғалы отыр. Бұл жоба аясында ғылым саласы өкілдері кәсіп құруды үйреніп, бизнес-жоспар бойынша дәріс алады. Сонымен қатар, бастысы, түрлі қаржыландыру қорларынан инвестиция тарту жолдары үйретіледі. Осылай, ғылыми жаңалықтар қағазға түсірілген 100 беттік зерттеу жұмысы деңгейінде қалмайды, — дейді бағдарлама директоры.

Бағдарлама аясында қатысушыларға аптасына екі рет арнайы дәріс ұйымдастырылады. Сонымен қатар білікті мамандар шеберлік сағаттары мен коуч-сессиялар өткізеді. Спикерлер — технологияны коммерциялизациялау орталығының мамандары. Бағдарламаны іске асыруға Дүниежүзілік банк қолдау білдіріп отыр.

Динара Молдағалиева

Бағдарлама AlmaU университетінің базасында ұйымдастырылып жатыр. Дәрістерді осы университет оқытушылары жүргізеді. Сонымен қатар еліміздегі жетекші университеттер де қолдап, білікті мамандарын осы бағдарлама қатысушыларына дәріс оқу мүмкіндігін берді. Спикердің көбі — бизнес саласының өкілі. Олардың қатарында бизнес инкубаторлармен тікелей жұмыс істейтін эксперттер бар. Бұған қоса бағдарлама спикерлері өздері жасаған ғылыми жобаларын таныстырады. Жобаны қалай іске асырғанын, қалай инвестор тапқанын, кеңесін айтады. Қатысушылар шетелден келген білікті мамандардан да білім алады. Спикерлер қатарында әлемдік бизнес мептептерінде сабақ беретін кәсіби бизнес тренерлер де бар, — дейді Динара Молдағалиева.

Бағдарламаны дайындауға шамамен алты ай кеткен. Авторлар мұндай жобалар ғылымның дамуы үшін маңызы зор аспект екенін айтады.

Басты мақсатымыз — бизнес пен ғылым арасында байланыс орнату. Демек, әуелі екі тарапқа бір-бірімен «әңгімелесуді» үйретуге мән беруіміз керек. Бизнес үшін ғылымның, ғылым үшін бизнестің өте маңызды екенін түсіндіруіміз керек. Бизнес өкілдері кәсібін кеңейту үшін нарыққа жаңа нәрселер ұсынып, мықты инвесторларды тарту үшін жаңалықтарын ғылым деңгейінде растауы керек. Бизнес өкілдері идеяларын ғалымдарға айтса, олар оны зерттеп, жаңалықтың ғылыми тұрғыдан қаншалық тиімді болатынын дәлелдеп берер еді. InnoBoost бағдарламасының аясында сондай қызық коллаборациялар пайда болады деп үміттеніміз, — дейді бағдарлама директоры.

Динара Молдағалиева дәл осы формула жүзеге асатынына сенімді. Себебі бұған дейін сәтті кейстер болған. InnoBoost бағдарламасы іске қосылмас бұрын, осыған ұқсас бағдарламаны Динара Молдағалиева AlmaU-дың Технологияларды коммерцияландыру орталығында да жасап көрген.

Ауыл шаруашылығы, биомедицина, энергетика саласы бойынша іске асырылған бірнеше сәтті кейс бар. D. A. R Detox бірегей әрі табиғи өнім ұсынатын компаниясымен серіктестік орнаттық. Компания өнімнің ғылыми әлеуетін көтеру үшін ғалымдармен жұмыс істегісі келді. Ал біз өз кезегімізде С.Асфендияров атындағы ҚАЗҰМУ «Қалыпты физиология» кафедрасының ғалымдарымен келіссөз жүргіздік. Өнімнің денсаулыққа пайдасы бар екенін дәлелдеу үшін арнайы зерттеу жұмысын жүргізіп жатыр. Бұл зерттеу болашақта мемлекеттік қаржыландыру алу үшін қажет. Дәл сол сияқты «Аgrokhair» компаниясы егіс алқаптарын ұлғайту, жоңышқа мен күздік қара бидай өнімін көбейту үшін отандық тыңайтқыш іздеді. Ал тыңайтқыш өзіміздің «Жалын» деген ғылыми өндірістік-техникалық орталығынан табылды. Отандық өнімді нарыққа шығаруды көздеген ғалымдарға бизнес өкілдерімен серіктестік құруға себепкер болдық, — дейді ол.

InnoBoost бағдарламасының алғашқы маусымына қатысуға 180 өтініш түскен. Соның арасынан 45 жоба бағдарлама қатысқан.

Алғашқы маусымға қатысатындар ретінде коммерциялауға дайын тұрған жобаларды іріктеп алдық. Енді олар екі кезеңдік оқу курсын өтеді: InnoBoost Science және InnoBoost Business. Бірінші бөлімде идея деңгейінде тұрған, біздің ойымызша, инвестицияға әбден лайық жобалармен жұмыс істейміз. Жобаның құрылымын пысықтап, түрлі инвесторлық қорларға өтініш жіберуді, гранттық қаржыландыруға өтініш жіберуді үйретеміз. Ал екінші кезеңде бұған дейін инвестиция алып көрген, патенті бар, түрлі жерге жарияланған жобалардың ауқымын кеңейту бойынша жұмыс істейміз. Бұл кезеңде жобаларды бизнеспен кіріктіріп, табысын қалай арттыруға болатынын үйретеміз, — дейді бағдарлама директоры.

Қатысушылардың оқуы ақпанда басталып кетті. Бағдарламаның бірінші маусымы 27 наурыз күні аяқталады. Ал екінші маусым қыркүйек айына жоспарланған.

Бұл бағдарлама Қазақстанның ғылымын, ғалымдарды қолдау мақсатында жүзеге асырылып отыр. Сондықтан барлығы тегін болады. Бастысы — іріктеуден өту. Әзірге бірінші түлектер қандай нәтижеге жететінін бақылап көреміз. Екінші маусымға қатысты жаңалықтар да сол кезде белгілі болады, — дейді ол.

Бағдарлама директоры InnoBoost жобасының бірінші маусымында осындай сәтті кейстер көп болатынына сенеді.