Наргизахон Мұратова — Еуразия ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінің түлегі. Қазір Қытайдағы Шанхай шет тілдері университетінің магистратурасында оқиды. Қытай, ағылшын, орыс тілінде ілеспе аударма мамандығы бойынша білім алып жатыр.

Наргизахон Мұратова. Фото: Анастасия Краснюк

Коронавирус тарамай тұрып, алғашқы оқу семестрі аяқталған соң әуелі Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулге саяхатқа бардым. Кейін Нұр-сұлтанда анамның жанында 2 апта болып, Шанхайға қайтуды жоспарладым. Ол кезде әлемде пандемия жарияланады деп ойламадым. Ноутбук, планшет секілді оқуға қажет құралдарымды Шанхайда қалдырып кеткен едім. Оқуымыз ақпанда басталуы керек еді. Қытайға қайтпайтын болып, қашықтан оқуға көштік. Онлайн оқуға алдын ала дайындық жүргендіктен оқуды уақытынан 2 апта кеш бастадық. ClassIn және Шанхай университетінің Blackboard платформасы арқылы қашықтан оқимыз. Смартфонмен оқу ыңғайсыз болған соң қайтадан ноутбук сатып алуға тура келді. Сабаққа қатысуға күніне 5-6 сағат уақыт кетеді. Сабақтарымның көбінде аударма жасайтындықтан оқуға көп уақыт арнаймын, — дейді студент.

Оның айтуынша, онлайн сабақтан тыс уақытта группаластары волонтерлікпен айналысады. Олар балаларға арналған кітаптарды жапон, испан, неміс, ағылшын, француз және орыс тілдеріне аударды. 4000 иероглифті аудару оңай болғанымен бала тілінде түсінікті етіп жеткізу үшін біраз еңбек ету қажет. Студентердің бұл еңбегі жарыққа шықты. Оны әлем тілдерінде онлайн форматта оқуға болады.

Наргизахон Қытайда студенттерге онлайн оқуға жағдай жақсы жасалғанын айтты. Мұғалім сабақ басталғанда тікелей эфирге шығады. Білім алушылардың сұрағына сол жерде жауап береді. Қандай да бір себеппен студент сабақты өткізіп алса, эфирді кейін көруіне мүмкіндік бар. Өткен сабақтардың жазбасы міндетті түрде сақталады.

Оқытушылар онлайн оқып жатқанымызға қарамастан үй тапсырмасын үйіп береді. Естуімше біздің елде онлайн сабақтар Zoom платформасы, WhatsApp желісі және Skype арқылы болып жатыр. Басқа елдерде сабақ өтуге арнайы платформалар жасалған. Бізде үй жұмысын орындамайтын студент жоқ. Мұғалімнің де талабы өте жоғары. Сондықтан әр студент сабаққа жауапкершілікпен қарайды. Бұл бұрыннан келе жатқан қағида. Университетте жүргенде сабақтан шығып, кітапханаға баратынбыз. Қазіргі кезде ондай мүмкіндік жоқ, сол себепті оқытушылардан көп нәрсе біліп алуға тырысамыз. Мұнда бір сабақты орындамай, сылтау айтып, үй жұмысын өткізбеу деген  атымен жоқ. Білім грантынан айырылып қалмау үшін барымызды саламыз, — дейді Наргизахон Мұратова.

Маржан Әбітай Тараздағы Ұстаз университетінде оқиды. Академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Литваға оқуға кеткен. Мамандығы – дизайнер. Коронавирус Литва халқына жұға бастағанда елге қайтуды ойлаған. Дегенмен кейін вирус Қазақстанға да жеткенін естіп, Маржан Литвада қалуды жөн көріпті.

Маржан Әбітай. Фото жеке архивінен

Қазір университет жатақханасында тұрамын. Мұнда қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады. Онлайн сабақты университеттің Moodle және StudentUs платформаларында оқимыз. Барлық сабақ ағылшын тілінде өтеді. Менің мамандығым көп практиканы талап етеді. Бұрын университетте оқып жүргенде түрлі аппаратпен фотоларды өңдеп, әртүрлі эксперимент жасайтынбыз. Онлайн оқу жүйесіне ауысқаннан кейін берілген тапсырманы жатақханада орындап, жұмыстарымызды Moodle-ға жүктеп отырдық. Мұғалімдеріміз күн сайын жағдайымызды сұрайды. Сабақ аяқталғанда: «Бүгінгі күніңіз сәтті өтсін! Сізге бар жақсылықты тілеймін. Сабақты түсінбесеңіз, сұраңыз. Жауап беруге дайынмын», — деп сыпайы сөйлеседі. Бұл бір жағынан студенттің көңілін көтеріп, оқуға ынтасын арттырады. Олардың студенттермен тығыз байланыста жұмыс істегені қатты ұнады,- дейді Маржан Әбітай.

Маржанның айтуынша,  Литвада білім беру жүйесі онлайн да, офлайн да жақсы дамыған. Қашықтан  білім алуға көшкенімен оқу жүйесі мен сабақ кестесі бұрынғыдай.

Мұғалімдер сабақтың бір аптаға арналған кестесін электрон поштамызға алдын ала жібереді. Емтихандарды онлайн ауызша, жазбаша және тест түрінде тапсырып жатырмыз. Әр сабақты тапсыру дедлайны бар. Студент сол уақыт аралығында тапсырып үлгеруі тиіс,- дейді Маржан Әбітай.

Дидар Мұрат Түркияның Сельчук университетіне магистратураға түскен, кино және телевидение факультетінің студенті. Карантинге байланысты оқу орындары көктемгі семестрді қашықтан оқитын  болып, өзі елге оралған.

Дидар Мұрат. Фото жеке архивінен

Наурыздың ортасында қашықтан оқуға көштік. Түркиядағы білім жүйесінің ұтатын тұсы студенттермен жеке жұмыс істейді және көбіне дәрісті тәжірибеге сүйеніп өткізеді. Онлайн оқудың артықшылығымен қатар, кемшілігі де бар. Мәселен, дер кезінде білгіміз келген тақырыпты мұғаліммен бетпе-бет отырып, талқылай алмаймыз. Магистратурада ғылыми зерттеумен айналысатындықтан көп уақытымды ғылыми жұмысқа арнаймын, сұрақтар топталып қалады. Күніне 2-3 сағат сабақ оқуға кетеді. Емтихандар ғылыми мақала жазып, өткізумен бағаланады, — дейді білім алушы.

Оның айтуынша, оқу уақытының аяқталу мерзімі 15-20 күнге созылды. Өйткені пандемия басталғанда 2 апта оқуға үзіліс берілген еді.

Мамандықты онлайн оқуды қолдамаймын. Себебі онлайн оқу тек теориялық білім алуға мүмкіндік береді. Практикалық жұмыстың бәрі офлайн болғаны дұрыс. Кез келген дүниені көзбен көріп, қолмен істегенге, адамдармен бетпе-бет сөйлесуге ештеңе жетпейді. Төтенше жағдай кезінде қауіпсіздік үшін қашықтан оқуға тура келді. Пандемия аяқталған соң Түркияға барып, оқуымды жалғастырамын, — дейді Дидар Мұрат.