Qyzqaras – қазақстандық киноөндірістегі әйелдердің дарынын көрсетуге бағытталған жоба. Бұл жоба әйелдердің даусы мен оқиғасы көрерменге жеткенін қалайды. Жобаның басты мақсаты – әйел көзқарасының ескерілуі.
Baribar.kz тілшісі режиссер, сценарист, Qyzqaras жобасының негізін қалаған Малика Мұхамеджаннан жобаның маңызы мен әйел режиссерлардың проблемасы туралы сұрады.
Бұл жоба неліктен маңызды?
Малика Мұхамеджан киноиндустриядағы әйелдердің еленбейтінін, көп жағдайда көлеңкеде қалатынын айтты.
Мен өзім — режиссермын. БМКИ-де (С.А.Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институты – ред.) оқыдым. Елге оралғаннан кейін біздің киноиндустриямыз әйелдерді мүлде қабылдамайтынын байқадым. Өкінішке қарай, кино саласында аса дарынды режиссер, оператор, суретші әйелдер жиі көлеңкеде қалып жүр. Мен мұны өзгерткім келді, – дейді ол.
Режиссер осы мақсатын орындау үшін Qyzqaras деген жобаның негізін қалаған. Qyzqaras жобасы қазақстандық киноиндустриядағы әйелдердің туындысын насихаттайды.
Qyzqaras жобасы қазақстандық киноиндустриядағы әйелдерді қолдауға және олардың жұмысын көрсетуге бағытталған. Біз көрермендер үшін жаңа есімдерді таныстыруға және әйел режиссерлардың көзқарасын жеткізуге тырысамыз. Демек, әйелдер түсірген фильмді көрсететін алаңбыз. Кинодағы әйелдерді ескеру және қолдау — феминизм қозғалысының ажырамас бөлігі. Бұл – әйелдердің мүмкіндігі мен құқығын кеңейту, – дейді Малика Мұхамеджан.
Малика Мұхамеджанның сөзіне қарағанда, режиссура мен операторлық өнерді тек ерлер мамандығы деп есептейтіндер де бар.
Қазақ киноиндустриясында ер адамдар басым. Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде солай. «Режиссура мен операторлық өнер — тек ерлердің мамандығы» деген пікірді жиі естуге болады. Бұл – ақымақтық. Әйелдер де кинематографиямен ертеден айналысты, бірақ оларға енді ғана көңіл бөлініп жатыр. Тең мүмкіндіктер туралы айтуға әлі ерте. Мысалы, қазақ киноиндустриясында әйелдерді басты позицияға қоймайды. Осындай себептерге байланысты әйел режиссерларды көрсету, олар жайлы айту, біздің бар екенімізді, жақсы кино түсіре алатынымызды білдіру маңызды, – дейді ол.
Режиссер Малика Мұхамеджан әйелге қатысты түрлі таптаурын болса да берілмейтінін жеткізді.
«Әйелдер тек қызықсыз, аянышты кино түсіреді» деген таптаурынды жойғым келеді. Әйел режиссерлар аз емес. Бұл режиссерлардың бәрі де ерекше, түрлі көзқарастағы фильм түсіреді. Кез келген режиссер үшін ең қиыны – толықметражды фильм түсіру. Ал әйелдер үшін Қазақстанның сексистік киноиндустриясында толықметражды фильм түсіру одан да қиын. Біз жағдайдың өзгеретініне сенеміз. Әйелдер де кинода толық қанат жаяды. Біздің әр көрсетілімімізге көптеген адам келеді. Осы адамдар қиындықты жеңуге болатынын сездіреді. Берілмейміз, – дейді ол.
«Үлкен мәселе – сексизм»
Малика Мұхамеджанның айтуынша, әйелдерге қатысты таптаурын сексизмнен туындайды.
Кинодағы әйелдер үшін үлкен мәселе – сексизм. Барлығы да сексизмнен басталады. Мысалы, әйелдерді білікті маман ретінде қабылдамайды. Грим мен костюмге жауапты болуды ұсынады. Неге олай? Басты себеп – студиялардың, продюсерлік орталықтардың басшылығында мизогиндік көзқарасы бар ер адамдар отыр, – дейді ол.
Режиссер киноиндустриядағы таптаурын пікірлерді тізіп шықты.
Киноиндустрияда әйелдерге қатысты таптаурын өте көп. «Әйелдің жалғыз рөлі – әйел әрі ана болу» деп қабылдайтындар да бар. «Сендер режиссер боласыңдар ма?» «Оператор боламын дейсіңдер ме?» «Әйел түсірілім тобын қалай басқарады?» «Кім әйел операторды тыңдайды?» «Әйел оператор камераны қалай көтереді?» деген пікірлер де жоқ емес. Әйелдер топты басқара алатынын, құрметке лайық екенін, режиссер болуға құқылы екенін қайта-қайта дәлелдеуі керек, – дейді Малика Мұхамеджан.
Малика Мұхамеджанның пікірінше, әр әйел өз оқиғасын айтуға лайық.
Әйел режиссерлардың көпшілігі өз фильмдерінде әлемге өзге көзқараспен қарайды. Біз әлемге, өмірге түрлі қөзқараспен қарап, әртүрлі оқиғаны көріп, әртүрлі эмоцияларды сезіне аламыз. Өнер осы үшін қызық емес пе? Менің ойымша, әйелдер өз оқиғасын айтуға әбден лайық, – дейді режиссер.
Әйел режиссерлар
Малика Мұхамеджан талантты әйел режиссерларды да атады.
Мен үшін кино өнеріндегі ең маңызды режиссерларды атайын: Аньес Варда, Шанталь Акерман, Кира Муратова, Лариса Шепитько, Жейн Кэмпион, Майя Дерен, Вера Хитилова, Клэр Дени, Лукресия Мартель, Келли Райхардт. Бұл тізімді бірнеше бетке жалғастыруға болады. Сонымен қатар бірнеше қазақстандық әйел режиссерды атап өткім келеді: Жанна Исабаева, Шәрипа Оразбаева, Айжан Қасымбек, Катерина Суворова, Жаннат Алшанова, Шұғыла Сержан, Мәдина Мұстафина, Кристина Михайлова және тағы басқалары. Бұл режиссерлер туралы жақын арада бүкіл әлем естиді деп үміттенемін, – дейді ол.
Qyzqaraz қандай фильмдер көрсетеді?
Qyzqaraz жобасы аясында Шұғыла Сержанның «Анамның аты — бақыт» фильмі көрсетілді. Бұл фильм мектепті жақында ғана бітірген Самал туралы. Самал қаладағы университетке түсуді армандайды. Ол түрлі ситуацияға байланысты оқуға бармай қалады. Осы сәтте Самал отбасында анасының үні естілмейтінін сезіп, үйден кеткісі келеді. Ол үйден кетіп бара жатқанда, анасының қалып бара жатқанын түсінеді. Анасының есімі — Бақыт. Фильмде анасы мен қызының ішкі сезімі көрсетіледі.
Qyzqaraz жобасы жас режиссерлардың туындысын ғана емес, қалыптасқан режиссерлардың фильмдерін де көрсетеді. Осы жоба аясында Жанна Исабаеваның «Нағима» деген фильмі көрсетілді. Жанна Исабаева — танымал режиссер. Ол тәуелсіз кинодағы басты дауыс ретінде аталады. «Нағима» фильмі балалар үйінің түлегі Нағима туралы. Нағима Аня деген құрбысымен Алматыда пәтер жалдап тұрады. Аня бала босанған сәтте қайтыс болып кетеді. Фильмде Нағиманың қиындыққа толы жолы мен анасын табуға деген талпынысы көрсетілген.
Qyzqaraz жобасы «Women make dogs» ұжымымен бірігіп «Нағыз ерлер әлеміндегі Әтіркүл» деректі фильмінің көрсетілімін жасады. Бұл фильм Әтіркүл деген әйел туралы. Қырғызстан мен Тәжікстанда көк бөрі ойыны дәстүрге айналып кеткен. Ойынның мақсаты – ат үстінде отырып қарсылас топтан серкені алып қашу. Қоғамда көк бөрі сияқты қатал ойынды ерлер ғана ойнайды деген түсінік бар. Әтіркүл осы түсінікті бұзып, қатал ойынға кіреді. Бұл деректі фильм әйелге қатысты таптаурындарға өзге призмадан қарауға шақырады.
Qyzqaras жобасы 2023 жылдан бері фильмдердің көрсетілімін жасап, түрлі талқы ұйымдастырып келеді. Фильмдер негізінен Алматыдағы «Бұлт» өнер кеңістігінде көрсетіледі.
***
Тағы оқыңыз: