«ЕНДІ СЕН ҚЫЗ БАЛАСЫҢ ҒОЙ»

25 жастағы атыраулық Ботакөздің (есімі кейіпкердің өтініші бойынша өзгертілді — А.) мамандығы бойынша жұмысқа тұрғанына бес жыл болған. Қызметі жайлы, кеңсесі кең, жалақысы да көңілінен шығады.

Алайда Ботакөз жұмыс орнында «әйелдер ерлерден төмен тұруы керек» деген түсінікке сенетіндер көбін айтады.

— Жұмыста бес қызбыз, қалғаны — жігіттер. Бір күні біздің бөлімге жаңа маман ретінде бір жігіт келді. Бірлесіп бір жобаны бастадық. Бірақ оның жұмыс істеуден гөрі өз істеріне жұмсайтын уақыты көп. Басшымыз — ер адам. Әлгі жас маманға кешіріммен қарайтынын байқадым. Ал мен жұмыс уақытында сұрансам, басқа істермен айналыссам, ескертпе ретінде жазып отырады. Жаңа маманмен сөйлесе келе, бірдей қызметте болсақ та, айлығымның одан төмен екенін естідім. Бұл мәселеге басшымнан «сен қыз баласың ғой» деген жауап алдым. «Екеуміз де бойдақпыз, бірдей қызметтеміз, қай негізге сүйендіңіз?» деген сұрағыма «Есік әне, сенің неге тұрмысқа шықпай жүргенің белгілі болды» деп жауап қайтарды, — дейді бойжеткен.

Жұмыстағы сексизм
behance.net

Бұл даудан соң басшысы Ботакөздің қателері жайлы дөрекі ескерту жасауын жиілеткен.

— «Міне, былай істемепсің, енді сен қыз баласың ғой» деп айта беретін. Ең қызығы, бірнеше айдан соң жұмыстағы әлгі жаңа маман «Сен бекер мына жұмысқа уақытыңды құртып жүрсің, одан да әйел болуға, ана болуға дайындалмайсың ба?!» деп бетіме айта салды. Көзіне тік қарап отырып, қарсы сөз сөйлегеніммен, жауабымды түсінбейтінін сеземін», — дейді ол.

«ҮНДЕМЕЙТІН ЖІГІТ БОЛСА ДА, ТИІП АЛ»

Сүлейман Демирел Университеті құқық кафедрасының аға оқытушысы Әйгерім Құсайынқызының айтуынша, ер мен әйел туралы жалған түсініктің қалыптастуына кітап, фильм, жарнаманың әсері мол.

Қарапайым мектепте қыз баланы староста етіп сайлау қалыпты саналады. Себебі ол жайлы «тиянақты, барлық қиындықты жеңіп шығады» деп ойлайды. Ал ірі компанияда әйел адам басшылыққа келген кезде сол қызметке өзін лайықсыз секілді сезінуі мүмкін. Қыз балада психологиялық тұрғыдан кері тарту бар. Яғни өзін-өзі бағалай алмайды. Қандай да бір қызметке сай келіп тұрса да, «менен үлкендер болсын», «ер азамат болсын», «үлкендер лайық» деген пікір айтуы мүмкін.

Сарапшы «ерлер бір саты жоғары» деген сияқты стереотиптің сіңуіне отбасындағы тәрбиенің де әсері бар деген ойда.

— Отбасында үлкендер қыз баланың «орнын» айтып отыратындықтан, ол бейсаналы түрде өзін екінші орынға қояды. «Әйел бастаған көш оңбайды», «Байтал шауып бәйге алмас» деген сынды мәтелдер менің заңгер ретінде, қазақ қызы ретінде намысыма тиеді. Себебі мұны айту арқылы сіз бүкіл қазақ қызының еңбегін жоққа шығарасыз. Ең бастысы, «әйел адам басшы болуға лайық емес», «әйел ер адамнан төмен болуы керек» деген стереотиптен арылу керек. Бұл үшін қоғамдағы әр адамның санасы өзгеруі керек, — дейді заңгер.

Ерлер дискриминациясы
austinchronicle.com

Ботакөз жұмысында ғана емес, отбасында да «ер адам сенен үстем» деген түсінік барын айтады.

Жұмыстағы жағдайды анама баяндап берген едім, «Қызсың ғой, ер адаммен таласпа, оның үстіне ол сенен үлкен», — деген жауап алдым. Қоғамдағы кейбір қазақы стереотип осындайда адам ретінде құқығыңды шектейтіні көңіліме қатты тиді.

Ботакөз «қыз бала бақытын отбасынан табады» деген стереотиппен көпшілік жиналған жердің бәрінде бетпе-бет келеді. Тіпті, достарынан да «тұрмысқа шығу — бақыт» деген пікірді жиі естиді. Оған құлағы әбден үйреніп кеткен.

— Туған күн отырыстарында достарым, әріптестерім ылғи «бақыт деген жұмыс емес, бақыт — тұрмысқа шығу, үндемейтін жігіт болса да, күйеуге тиіп ал» деп жиі қалжыңдайды. «Қыз секілді көйлек киіп жүр» деп тұрмысқа шыққан «жанашыр» әпкелерім де үнемі кеңесін аямайды, — дейді Ботакөз.

Ерлер түскі астан соң ыдысын бір жерге жинайды да, «Ал енді қыздар тазаласын» деп отырады. Әбден әдет боп қалған. Бір күні шыдамай кетіп: «Бір рет қолданатын стақандар алайық, болмаса әркім ыдысын өзі жусын» дедім. Бәрі ашуланып, «қыздар еркектен бір саты төмен тұрған, сен неге бізге қарсы шығасың?» деп айқай шығарды. Бірақ қазір әркім өз ыдысын жуатын болды.

«БАРЛЫҚ САЛАДА ӨЗГЕРІС БОЛУЫ КЕРЕК»

Заңгер Әйгерім Құсайынқызы «Қазақстан әйел басшыға әлі дайын емес» дейді.

— Жалпы, Қазақстан қоғамындағы мұндай стереотиптің пайда болуы біздің шығыс халқы болуымызға, дәстүрімізге, дінімізге байланысты деп ойлаймын. Тіпті ауыз әдебиеті мен фольклор болсын, өнер болсын әйелді екінші орынға қояды. Бір отбасында үш қыз қатарынан дүниеге келсе, «Ұлболсын», «Ұлтуар» деген есім таңдайды. Қазақ қоғамында қызды қанша төрге отырғызып сыйласа да, қоғамдағы мәртебесі бойынша үнемі ұл балалардан төмен қоюы қазіргі қазақтың әйел басшыға дайын еместігін көрсетеді, — дейді маман.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, бүгінде Қазақстан парламенттегі әйелдер үлесі – 21,9%, саяси мемлекеттік қызметшілер арасындағы үлесі — 11,7%.

Құқық қорғаушылар еңбек нарығында жалақы төлеуде де жыныстық алалау барын айтады. БҰҰ дерегінше, әйелдердің жалақысы ерлердікінен 34%-ке аз.

Ғылыми зерттеуде мынадай мысал бар. Ұл мен қыздың есеп шығару әдісінде қате кетсе, ұлдар қатені есептің берілу нұсқасынан көреді екен. Ал қыз бала кінәні өзінен іздейді. Осы эксперименттің өзі ұл мен қыздың бір оқиғаға екі түрлі көзқараста қарайтынын, кінәні кімнен іздейтінін көрсетеді. Бұдан қыз қай істе де кінәні өзінен табуға тырысатыны жайлы қорытынды шығаруға болады. Себебі қоғамда қыз баланы мықты етіп тәрбиелейтін орта жоқ. Қоғам оған «ер баладан да мықты боласың» деген кезде ғана гендерлік теңдік пайда болады, — дейді Әйгерім Құсайынқызы.

Әйелдер қолдауы
magazin.mk

Заңгер қоғамға стереотиптен арылу үшін «санаға төңкеріс керек» деп санайды.

— Дүниежүзіндегі көзқарас бойынша, әлемде гендерлік теңдік болуы үшін 249 жыл қажет екен. Ал Қазақстанда барлық салада теңдік орнауы үшін 130 жыл керек. Осы уақытты азайтамыз десек бізге өзгеріс қажет. Ол сіздің қарындас-сіңліңізге деген көзқарасыңыздан басталады. Қыз балалардың кез келген мамандықты батыл таңдауы, «қыз болғаным үшін жалақым төмен» деген пікірден арылуы, өзінің мықты тұстарын көрсетуден қорықпауы, ғылыммен айналысуы маңызды. Қыз өзінің болашағын тек отбасыдан ғана емес, қоршаған ортаға пайдалы адам ретінде көре білетін қоғам пайда болғанда бұл стереотиптерді өзгерте аламыз, — дейді маман.

Әлеуметтік желі, телеарна, қоршаған орта — осының бәрі қазір таптаурын пікірлердің қалыптасуына әсер етеді. Бізде барлық салада үлкен өзгерістер керек. Ал ол өзгерістер үшін санаға төңкеріс болмай, гендерлік стереотиптер ешқашан жойылмайды.

Ботакөз қоғамдағы «қыз ер адамнан бір саты төмен» деген көзқарас өзгергенін қалайды және солай боларына сенеді.

— Қазір басшысымыз ауысты, жаңа адам келгеніне 2 ай болды. Бұл кісі алдыңғы басшыдай емес, бірақ іштегі қызметкерлер өзгермегендіктен, атмосфера әлі сол қалпы. Мені бөлім басшысы қызметіне ұсынған кезде орта жастағы ер адамдардың көбі «қыздарға сенім жоқ, ертең байға шығады да кетеді» деп қасымдағы басқа бір жігітті басшылыққа қойды. Қоғамдағы «қыз бала ер адамнан бір саты төмен» деген көзқарас өзгергенін қалаймын. Сол күні білікті маман ретінде басшылыққа келетініме сенемін, — дейді Ботакөз.

* * *

Автор: Айзада Жайыққызы

Материал Internews Kazakhstan ұйымдастырған Сторителлинг мектебі аясында жарияланып отыр.