Таптаурынға қарсы. Алматыда «Нағыз ерлер әлеміндегі Әтіркүл» деректі фильмі көрсетілді

1 наурыз күні Алматыда Қырғызстанның режиссеры Жаңыл Жүсіпжанның «Нағыз ерлер әлеміндегі Әтіркүл» деректі фильмі көрсетілді. Деректі фильмнің көрсетілуіне Орталық Азияның документалистерін қолдайтын «Women make dogs» ұжымы мен «Qyzqaras» жобасы бастамашы болды.
Baribar.kz тілшісі деректі фильмді тамашалап, сарапшылардың сөзін тыңдап қайтты.

Қырғызстан мен Тәжікстанда көк бөрі (көкпар – ред) ойыны дәстүрге айналып кеткен. Ойынның мақсаты – ат үстінде отырып қарсылас топтан серкені алып қашу. Қоғамда көк бөрі сияқты қатал ойынды ерлер ғана ойнайды деген түсінік бар. Әтіркүл осы түсінікті бұзып, қатал ойынға кіреді. Деректі фильм атауын естіген сәтте көпшілік Әтіркүл атқа мініп, көкпар шабатын шығар деп ойлауы мүмкін. Алайда ол мүлдем басқа жолды таңдаған.

Әтіркүлдің арманы – ерлерден жасақталған өз көкпар командасын құру. Ол осы арманын орындау үшін түрлі қиындық көріп, түрлі кедергіден өтеді. Деректі фильмде саяси-әлеуметтік мәселелер де көтерілген. Мысалы, фильмде Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасының жабылып қалуы, күнкөріс үшін Ресейге ағылған қырғыз жастары және тағы басқа мәселелер туралы сөз болады.

Шара басталғанда АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы Мишель Еркін сөз сөйледі. Ол деректі фильмнің маңызы мен идеясына тоқталды.

Бүгін біз бір әйелдің дәстүрлі түрде ерлер үстемдік ететін көкпар әлеміне саяхаты туралы қырғыз деректі фильмінің көрсетіліміне жиылдық. Әтіркүлдің хикаясы – Орталық Азия призмасы арқылы баяндалған теңдіктің бәрімізге ортақ хикаясы. Фильмде Әтіркүл өзінің мәдени мұрасын сақтауға және гендерлік таптаурындарға жол бермеуге тырысады, – деді ол.

Бас консул әйелдер табысқа жетсе қоғам өркендеп, ел гүлденіп, әлем тұрақты болатынын да айтты.

Өзіңіз сенетін идеяларды қорғауға және шындық үшін күресуге батылдық қажет. Әтіркүлдің күреске шығуының өзі көп нәрсені аңғартады. Әйелдер табысқа жетсе қоғам өркендеп, ел гүлденіп, әлем қауіпсіз әрі тұрақты жерге айналатыны бәрімізге мәлім, – деді Мишель Еркін.

Режиссер Айжан Қасымбек Әтіркүлдің өміріндегі ситуациялар көп әйелдің өмірінде де болып жатқанын айтты.

Ерлердің Әтіркүлге қарым-қатынасы, оның істеп жүрген ісіне көзқарасы дұрыс емес екенін көреміз. Бұл жағдай өмірде де болады. Мысалы, мен — режиссермын. Кинематографияда әйел режиссерлардың еңбегін құнсыздандыру бар. Көп адам сені жай ғана хоббиімен айналысып жүр деп ойлайды. «Қазір айналысып, күйеуге шыққанда тастап кетесің» деген сияқты сөздер де айтылады. Осы тұрғыдан фильм өте қызық, – деді ол.

Ал режиссер Малика Мұхамеджан фильмде геосаяси жағдайдың жақсы көрсетілгеніне тоқталды.

Маған бұл деректі фильм геосаясаттағы мәселені қозғағаны үшін де ұнады. Мысалы, фильмде бір адам Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасының жабық екенін айтады. Бұл екі халық өте жақын екенін білеміз. Қырғыздардың саяси мәселеге байланысты Тәжікстанда тұратын туыстарымен байланыса алмауы ақымақтық. Бұл жағдай Орталық Азияның көптеген мемлекетінде де бар. Режиссер осы нәрсені өте жақсы көрсете алған, – деді режиссер.

Бұл деректі фильм әйелге қатысты таптаурындарға өзге призмадан қарауға шақырады. Фильмнің трейлерін мына жерден көруге болады.