Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

«9 жерден пышақтаған». Алматыда жасөспірімдер арасындағы жанжал адам өлімімен аяқталды

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Алматыда 12 жастағы баланың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қайғылы оқиға 10 маусым күні Түрксіб ауданында болған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Марқұмның туыстарының айтуынша, жасөспірімге бірнеше рет пышақ жарақаты салынған. Оқиға туралы алғаш болып баланың әпкесі әлеуметтік желіде жазба жариялаған.

12 жастағы жиенімді өлтіріп кетті. 13 жастағы екі жасөспірім оған тоғыз рет пышақ сұққан, – деп жазды ол.

Алматы полиция департаменті аталған деректі растады. Ведомствоның мәліметінше, қылмыс жасады деген күдікпен 13 жастағы қала тұрғыны ұсталған.

Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті мен жәбірленуші бір-бірін бұрыннан таныған. Тергеудің бастапқы нұсқасына сәйкес, қайғылы жағдай кәмелетке толмағандар арасында туындаған жанжал барысында болған. Қазір күдікті арнайы мамандандырылған мекемеге орналастырылды, — делінген хабарламада.

Полиция аталған факті бойынша адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлап отыр. Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті түрде анықтауға бағытталған қажет тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар құқық қорғау органдары тергеу қорытындысына сәйкес күдіктінің ата-анасының бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындау мәселесін де қарастыратынын мәлімдеді.

Қазір іс құқық қорғау органдарының бақылауында.

Мақалаға реакция