Елімізде 10 мыңға жуық азаматтың несиесі кешірілді

Банкрот деп танылған 10 мыңға жуық азаматтың несиесі кешірілді. Бұл шамамен 20 миллиард теңгедей қаржы. 

Бұл туралы КТК арнасы хабарлады. 

Жеке тұлғалардан 86 мың өтініш келіп түскен. Оның жартысынан көбі мақұлданбаған. Себебі, бұл азаматтардың берешегін кешіктіріп төлеу мерзімі 12 айдан аспаған.

Банкпен несие рәсімдеген құжатын да жоғалтып сергелдеңге түскендері бар. Ал енді не өзінде, не отбасы мүшелерінде тіркеуде мүлкі барларының өтініші мақұлданбаған.

Айта кетейік, «Жеке тұлғаларды банкрот деп тану туралы» заң былтырдан бастап күшіне енген. Бұл санатқа кіргендер бес жылға дейін банктен кредит ала алмайды. Сонымен қатар оның қаржы ахуалына үш жыл бойы бақылау жүргізіледі. Жеті жыл ішінде өзін қайтадан банкрот деп жариялай алмайды.

9 871 қазақстандықтың несиесі кешірілді. Соның ішінде, 944 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Бұл азаматтардың енді қаржы сауатын арттыру үшін жұмыс істейміз, – деді мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов.