Қазақстанда 59 теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтеді. Бұл туралы көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазір жөндеуден өтуге тиіс 59 теміржол вокзалы айқындалған. Оның төртеуі ғана Түркістан, Қызылорда, Шымкент және Павлодар қалаларында қазір күрделі жөндеуден өтіп жатыр.
Өкінішке қарай, қалғандарына мүлдем қаржы да бөлінбеген, жай-күйі де төмен. Әр вокзалдың өз табысы 50-60% ғана қамти алады. Осыған байланысты барлық әкімдік жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп жатыр. Осы жылдың соңында біз оны қаржы бөлу жағын бюджеттен қарастырамыз ба деп отырмыз, — деді Марат Қарабаев сенат отырысында.
Оның айтуынша, «Қазақстан темір жолы» компаниясының өз ақшасы вагон алуға, локоматив алуға жұмсалып жатыр.
Мұнда әкімдермен келіскеніміз – ғимаратты жөндеуді республикалық бюджеттен қарастырамыз деп отырмыз. Теміржол вокзалының ауласын әкімдік бюджеті есебінен келісеміз. Бірақ жобалық-сметалық құжаттаманы әкімдердің өздері дайындап жатыр. Теміржол вокзалдарын жаңарту сапаның артуына септігін тигізеді, — деді министр.