Қазақстан экономикасы бір айда 3,9%-ке өсті

Биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 3,9%-ке өсті. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлімдеді.

Биылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,9% болды. Оның ішінде нақты сектор – 3,8%-ке, ал қызмет көрсету саласы 3,5%-ке өсті. Салалар арасында ең жоғары өсімді құрылыс, көлік және қоймалау, ақпарат және байланыс, сонымен қатар өңдеу өнеркәсібі көрсетті, – деді Нұрлан Байбазаров үкімет отырысында.

Оның айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 0,6% болды.

Алдын ала қорытынды бойынша, 2023 жылы сыртқы сауда тауар айналымы 3,2%-ке өсіп, 140 миллиард долларға жуықтады. Экспорт 79 миллиард долларға жақындады, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 25 миллиард доллардан асады. Тауар импорты 61 миллиард доллардан асты. Жалпы, оң сауда балансы 18 миллиард долларға жуық.

Министрдің айтуынша, өңдеу өнеркәсібінде де оң өсім сақталып отыр. Өндіріс көлемі 6,9%-ке өсті. Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісі 18%-ке, оның ішінде автомобиль жасау – 30%-ке және электр жабдықтарын жасау 44%-тен астамға өсті.

Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 0,2%-ке жоғарылады. Бұл ретте тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету – 6,2%-ке, металл кендерін өндіру – 6,1%-ке, газ өндіру – 0,5%-ке, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру – 3,3%-ке артты. Көмір өндіру – 4,7%-ке, мұнай өндіру 1,7%-ке төмендеді, — деді министр.