Қазақстанда электрон қызметтермен байланысты рәсімдер жеңілдетілді

Қазақстанда ЕАЭО шеңберінде салықтық есепке қою және электрон қызметтерге қосымша кіріс салығын төлеу рәсімі жеңілдетілді.

Қазақстан сенаты Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа электрон нысанда қызмет көрсету кезінде жанама салықтарды алу тәртібін айқындауға қатысты өзгерістерді мақұлдады.

Хаттаманы ратификациялау ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер бюджеттерінің қажеттігін қамтамасыз етуге, экономикалық конъюнктураны жақсартуға, электрон нысанда қызмет көрсететін кәсіпорындардың табыстылығын арттыруға және сайып келгенде – ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты, сонымен қатар басқа елдермен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді, — деді депутат Сұлтанбек Мәкежанов.

Оның айтуынша заң:

  • ЕАЭО ішінде, сонымен қатар қосымша кіріс салығын төлеудің ашық және айқын тетігі бар үшінші елдермен салық салудың тең жағдайларын жасауға;
  • салықты басқаруды жеңілдетуге;
  • электрон қызметтер саласында бизнесті жүргізуді жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Түзетулер бойынша электрон нысанда көрсетілетін қызметтердің тізбесі қалыптастырылады, барлығы – 14 қызмет. Сонымен қатар электрон нысанда қызмет көрсету кезінде қызметті жүргізу орнының тәртібі мен шарттары және ҚҚС төлеу тәртібі айқындалады. Бұған дейін ЕАЭО-да интернет-сауданың жаңа ережелері әзірленіп жатқаны хабарланған болатын.