«Дәрі табу оңай»: Daribar сервисі қалай істейді?

Әйгерім Авезбаева
Әйгерім Авезбаева
Daribar.kz — дәрі табуды жеңілдететін онлайн-дәріхана жобасы. Жобада product manager болып істейтін Әйгерім Авезбаева қолданба қалай істейтінін, пациенттер дәріні қалай іздейтінін және фармацевтика саласы қалай дамып жатқанын айтып берді.

Қолданба туралы

Daribar.kz — Алматыдағы, Астанадағы 300-ден аса дәріхананы бір қолданбаға біріктірген жоба. Қазір қолданбада 20 000-нан аса дәрі препараты сатылады.

Онлайн-дәріханамызға қазірдің өзінде 300-ге жуық дәріхана тіркелді. Дәрінің де алуан түрі бар. Қазіргі заманда мұндай сервистің болғаны дұрыс сияқты. Қолданушы саны да күннен күнге артып келеді. Google Market-тің медицина саласындағы қолданбалары арасында Daribar.kz үздік үштікке енді. Ай сайынғы белсенді қолданушы саны 80 мыңға жетті. Мұның өзі — медицинаны цифрландыруға сұраныс жоғары екенінің белгісі, — дейді Әйгерім Авезбаева.

Қалай қолданамыз?

Қолданбаны жүктеу тегін. Қолданушы тек сатып алатын дәрі үшін ақы төлеуі керек. Авторлар интерфейстің барынша қолайлы әрі түсінікті болуына мән берген.

Қолданбаны App Store және Google Market желісінен тегін жүктеуге болады. Бұған қоса кез келген дәріге қатысты сұраққа фармацевт-операторларымыз тегін жауап береді. Бұл — дипломы бар, жоғары білікті мамандар. Қолданбаның интерфейсі де түсінікті. Тапсырыс беру үшін тіркелу міндетті емес. Қолданбаның басты бетінде дәрілік препараттар қажетіне қарай жіктелген. Нақты қандай дәрі керегін білмей тұрсаңыз, бірінші беттегі «Бас ауруы», «Бактерияға қарсы», «Дене қызуы көтерілгенде» және тағы басқа бағанның бірін таңдай аласыз. Осыдан соң онлайн-оператордан кеңес алып, қажет дәріні сатып ала аласыз, — дейді Әйгерім.

Әйгерім Авезбаева. Фото: Айшолпан Керім

Ал нақты бір дәріні сатып алғыңыз келсе, оның атауын бірден іздеу бағанына жазуға болады. Экранға бұл дәрі жақын маңдағы қай дәріханада бар екені шығады.

Қолданба арқылы үйге жеткізу қызметін таңдауға болады. Тапсырыс шамамен 20 минутта дайын болады. Ал жеткізу уақыты мен ақысы қашықтыққа байланысты есептеледі. Сонымен қатар дәріні брондап, клиент өзіне қолайлы уақытта дәріханаға барып алып кетуге де болады, — дейді ол.

Daribar.kz қолданбасымен серіктес болуға тағы 200 дәріхана ниет білдірген. Демек жақында бұл сайтта сатылатын дәрілік препарат саны да артуы мүмкін. Әйгерімнің айтуынша, сатылым тек заң жүзінде жүзеге асырылады.

Дәрігердің нұсқау парағынсыз сатылмайтын дәрілер де бар. Мұндай жағдайда тапсырыс беруші біздің сервисіміз арқылы дәріні өзі қалаған дәріханадан брондап қоя алады. Содан соң дәріханаға барып, дәрігер парағын көрсетіп әкетуіне болады, — дейді Әйгерім.

Әзірге қолданбаны Алматы мен Астана тұрғындары пайдалана алады. Жоба авторлары жақын арада тізімге Шымкент қаласын қосуды жоспарлап отыр.

Ақпан айының аяғына дейін қолданбаға Шымкенттегі дәріханалар да енеді. Бәрі дайын болып қалды. Аздаған техникалық жұмысты аяқтау керек. Ал жыл соңына дейін елдегі тағы төрт қаланы қосуды жоспарлап отырмыз, — дейді Әйгерім.

Қолданба несімен пайдалы?

Әйгерім қолданба елдегі науқастар үшін тиімді құрал екенін айтады. Себебі қолданба адамға дәрі-дәрмегін тез сатып алуға ғана емес, дұрыс әрі уақтылы ішіп отыруына көмектеседі.

Дәрілерді сатып алғаннан кейін адам қолданбаға арнайы баптаулар енгізе алады. Дәрігердің жазып бергені бойынша, дәріні қанша уақыт, күніне неше рет ішуі керек екенін жазып қоюға болады. Сонда уақыты келгенде қолданба дәрі ішу керегін ескертіп отырады. Біз, осылай, емнің толық әрі тиімді болуына үлес қосамыз деп ойлаймыз, — дейді ол.

Жоба авторлары қазір қолданбаны жақсартып жатыр. Алдағы уақытта қолданбаның ішінде нутрициологпен кеңесуге болады.

Қазақстандағы фармацевтиканы цифрландыратын кез келді. Daribar.kz қолданбасының басты артықшылығының бірі — қолданушыға картадан іздеген дәрісі қай дәріханада бар екенін көрсету. Бұған қоса, әрине, біз бірден бірнеше нұсқа ұсынғымыз келді. Бұл үшін барынша көп дәріханамен серіктес болуымыз керек, — дейді Әйгерім.

Қазір Daribar.kz автоларымен серіктестік орнату үшін хабарласатын дәріхана қожайындары көбейген. Әйгерім кәсіпкерлер бұл идеяның кәсіпкер үшін де, науқас үшін де пайдалы екенін айтады.

2020 жылғы карантинде қарапайым «Парацетомолдың» өзін табу қиын болды. Біздің қолданбамызда дәрі табу оңай. Қолданушы керек дәрінің атауын жазғанда, жақын аумақтағы дәріханалар көрсетіледі. Аты қалыптасқан, үлкен дәріхана желілерінің клиенті де жетерлік. Ал үй іргесіндегі шағын дәріханалардың қожайны Daribar.kz-ке тіркелсе, келуші саны да артатыны анық, — дейді Әйгерім.

Жоба авторлары тек серіктес санын көбейтіп қоймай, қолданушы санын да арттыруға ниетті. Олар алдағы бес жылда Daribar.kz сервисін қолданғандар саны миллионнан асады деп жоспарлап отыр.

***

Тағы оқыңыз:

Қатерлі ісікті 7 минутта анықтайды. OncoZeroAi жобасының ерекшелігі қандай?