4 ақпан — Бүкіләлемдік қатерлі ісікпен күрес күні. Біздің елімізде қатерлі ісікпен күресуге арналған IT-жобалар іске қосылып жатыр. Соның бірі — Digital Almaty алаңында таныстырылған OncoZeroAi деген жоба. Бұл жоба қатерлі ісікті жеті минутта анықтай алады. Оның авторы — 3-курс студенті Әлмұхамед Әмитов. Baribar.kz тілшісі стартап авторымен сөйлесіп, жоба қатерлі ісікпен күреске қаншалық көмектесетіні туралы сұрады.
Идея туралы
Әлмұхамед Әмитов Қазақ-британ техникалық университетінде 3-курс оқиды. Ол төрт ай бұрын қатерлі ісікті дереу анықтайтын бағдарлама жасауды қолға алған.
Идея авторы — қазір Англияда тұратын Әлімжан деген досым. Ол биоинженерия мамандығында оқиды. Әлімжанға оқытушысы қатерлі ісікке қатысты деректерді жина деп тапсырма берген. Сонда ол компьютерлік томографияға (КТ) түскеннен кейін дәрігерлер ісікті бірден анықтай қоймайтынын байқаған. Сосын жасанды интелектіні оқытып, осы мәселені қалай жеңілдетуге болатынын ойластыра бастады, — дейді Әлмұхамед.
Осыдан соң Әлімжан досы Әлмұхамедке хабарласып, істің техникалық жағымен айналысуды ұсынған. Осылай, екеуі дерек іздеп, жасанды интеллектіні оқытуға кіріскен.
Жасанды интеллектіні оқыту үшін LiTS17 датасетін қолдандық. Бұл — бауырдың қатерлі ісігі бойынша стандарт деректер жиыны. Бұл датасетте әлем бойынша түрлі клиникалық орталық ұсынған КТ-суреттер жиналған. Дерекқорда 130-дан аса скандалған сурет бар. Бұған қоса өзге де емханаларға өзіміз хабарласып, дерек сұраттық. Осылай, жасанды интеллектіні оқытуға шамамен 1000 шынайы КТ-сурет қолданылды, — дейді жоба авторы.
LiTS17 дерекқорында бауырдың қатерлі ісігінің бірінші және екінші кезеңі бойынша, өлшемі бойынша, сырт көрінісі бойынша түрлі дерек жиналған КТ-суреттер бар. Әлмұхамед дерек осынша көп болғандықтан, жасанды интеллектінің дұрыс оқытылғанына да сенімді.
Модельді оқытқанда ісікті анықтау барынша тез әрі оңай болуы үшін әрекет еттік. Біз көбіне нейрон жүйелері мен машинаны оқыту деген сияқты заманауи оқыту әдісіне жүгіндік. Әсіресе медицина саласында көп қолданылатын U-Net нейрон жүйесіне негіздеп жұмыс істедік, — дейді ол.
Жоба қандай мәселені шешеді?
Әлмұхамед жобаны қолға алғанда нақты екі мәселені шешкісі келген. Оның бірі — елдегі қатерлі ісіктің кеш анықталатыны.
Жасанды интеллект арқылы қатерлі ісікті зерттеп, дәрігерлерге көмектескіміз келеді. Стартабымыз екі мәселені шешеді: ісікті кеш анықтау және маман жетіспеуі. «КТ-сканерлеуден өткен барлық адамның дерегін біздің интеллект «оқыса» қалай болар еді?!» деп ойладық. Қатерлі ісік уақтылы анықталса, оның емі де жеңіл болатыны белгілі. Ал біз дәл осы нәрсеге, яғни, ісікті дереу анықтауға кепілдік береміз. Бәлкім, осылай, елдегі қатерлі ісіктен болған өлім санын қысқартуға ықпалымыз тиетін шығар. Себебі стастикалық деректерден адам шошиды. Кейінгі ақпарат бойынша, елімізде жыл сайын 13 мыңнан астам адам қатерлі ісіктен қайтыс болады екен, — дейді жоба авторы.
Қазір OncoZeroAi деп аталатын жасанды интеллект машинасы бауырдың қатерлі ісігін дереу анықтай алады. Дәлдігі — 85%. Автордың сөзіне қарағанда, машина кемі 0,1 милиметрлік қатерлі ісікті анықтап береді.
Жасанды интеллектіні оқытуға төрт ай кетті. Әлі де пысықтайтын жұмыстар бар. Бірақ қазірдің өзінде қолданып, риза болып жатқан мекемелер бар. Әдетте онкологтар КТ-сканерлеу бойынша ісіктің қай жерде тұрғанын анықтауға бір апта, кейде үш айдан аса уақыт жұмсайды. Ал біз бұл процесті жеті минутқа дейін қысқартып отырмыз. Жақында multiomics деп аталатын модельді іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл бойынша дәрігерлер әлі пайда болмаған ісікті де анықтай алады. Бірақ бұл үшін КТ-сурет пен қан, ДНК сияқты талдау нәтижелері керек, — дейді Әлмұхамед.
Status QUO
Қазір OncoZeroAi қатерлі ісікті анықтайтын жасанды интеллектіні еліміздің төрт емханасы қолдануға ниет білдірген. Автор машинаның интерфейсі өте қолайлы дейді.
Төрт мекеме жұмысын бастап кетті деуге болады. Жалпы интерфейс дәрігерлерге өте қолайлы болғанын қаладық. Жасанды интеллектіні қолдану үшін тек біз жасаған арнайы сайтқа ақылы тіркеуден өту керек. Мұны емхана әкімшілігі жасап, әр дәрігерге арнайы аккаунт ашуына болады. Осыдан соң дәрігер науқастың КТ-сканын сайтқа жүктеуі керек. Сайтқа кіріктірілген жасанды интеллект сканды оқып, жеті минутта ісіктің қай жерде екенін тауып береді. Ісікті ерте анықтасақ, емге де ерте кірісуге болады, — дейді ол.
Автордың айтуынша, жасанды интеллектіні қолданып көргісі келетін мекемелер сайтқа бір жылдық тіркелім сатып алуы керек. Баға клиент жүктемесіне қарай қойылады. Ал орташа баға — жылына 6 000 доллар.
Қазір жоба арқылы бауыр ісігінің бар-жоғын анықтауға болады. Ал наурыз айынан бастап ісіктің барлық түрін анықтаймыз. Сол себепті орташа бағаны осылай алдық. Дәрігерлер жыл бойы КТ-суреттерді лимитсіз енгізіп, қатерлі ісікті анықтай алады. Ақысын ай сайын төлейтіндей етіп бөлуге де болады, — дейді Әлмұхамед.
Авторлар жасанды интеллектіні оқытуды әлі де жалғастыра береді. Олар енді ісікті анықтау дәлдігін арттыруды жоспарлап отыр.
Қазіргі басты мақсатымыз нәтиженің дәлдігін 85%-тен 90%-ке жеткізу. Бұл үшін бізге 10 000-ға тарта КТ-скан қажет. Сондықтан еліміздегі онкологиялық орталықтармен бірігіп жұмыс істеуге ниеттіміз, — дейді жоба авторы.
Сонымен қатар жоба авторлары көп созбай машинаға қатерлі ісіктің өзге де түрлерін жылдам анықтауды оқытуды жоспарлап отыр.
***
Тағы оқыңыз: