Онколог: Өкпе обырынан әлемде 30 секунд сайын бір адам көз жұмады

17 тамызда Алматыда дүниежүзілік өкпе обырына қарсы күрес күніне орай баспасөз-конференциясы өтті. Іс-шарада еліміздегі жетекші онколог-маман, кеуде қуысы онкологы, химиотерапевт Рабиға Қадырбаева қазіргі ахуал туралы баяндап, өкпе обырының негізгі себептері туралы айтып берді.

Онколог елімізде өкпенің қатерлі ісігі өлім көрсеткіші бойынша бірінші орында тұрғанын айтады. Оның айтуынша, әлемде жыл сайын осы дерттен екі миллионға жуық адам көз жұмады.

Өкпе обыры  – қатерлі ісіктің басқа түрлеріне қарағанда көп адамның өмірін жалмайтын ең көп таралған онкологиялық кеселдердің бірі. Қазақстанда өкпе қатерлі ісігі онкологиялық дерттің ішіндегі сүт безі обырынан кейінгі екінші орында, бірақ өлім көрсеткіші бойынша бірінші орында тұр. Елімізде жыл сайын 3500-ге жуық адамнан өкпе обыры дерті анықталады. Одан күн сайын 6-7 адам қаза табады. Ал әлемдік статистикаға келер болсақ, жылына екі миллион адам ауырып, 1,8 миллион өлім тіркеледі.  ДДСҰ ұсынған кейінгі дерекке сай, өкпе обыры дертінен әлемде әр 30 секунд сайын бір адам көз жұмады, — дейді Рабиға Қадырбаева.

Маманның айтуынша, аурудың негізгі себебі – темекі. Ол темекі шегетін он адамның алтауы қатерлі ісікке шалдығатынын айтады.

Кейбіреулер өмір бойы темекі шексе де, ісік анықталмады деп темекі шегуді тастамай жатады. Бірақ шылым шегетін адам ылғи жанында жүретін, бірақ темекі шекпейтін адамның өкпе обырына шалдығу ықтималдылығын арттыруы мүмкін. Себебі науқастар арасында өмірі шылым шекпесе де, өмір бойы темекі шеккендей қатерлі ісікке шалдығатындар бар. Бұл пассивті шылым шегу деп аталады. Тіпті қазіргі күні тіркелген жағдайлардың 90%-і осы себептен болып отыр, — дейді дәрігер.

Рабиға Қадырбаева электрон темекілер жайлы да айтып берді. Ол мұның зияны кәдімгі шылымнан кем емес деп есептейді.

Электрон темекі әзірге жаңа дүние болғандықтан, ғалымдар арасында оның қаншалық зиян екеніне қатысты пікірталас көп. Бірақ екі жыл бұрынғы ДДСҰ баяндамасында құрамында еш айырмашылық жоқ екені, өкпеге қарапайым темекімен бірдей салмақ салатыны жазылған. Бұған қоса, қазір мектеп оқушылары да электрон темекі қолданатын болған. Бұл фактор алдағы жылдары аурудың жасаруына әсер етуі мүмкін, — дейді маман.

Рабиға Қадырбаева өкпе обырын өршітетін келесі фактор экологиялық жағдай екенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, экологиялық ахуалы нашар, түтін деңгейі жоғары қалаларда өкпе обырына шалдыққан адам көбірек.

Бұрынырақта хирург дәрігер болып жұмыс істеп, бірнеше адамға ота жасағанмын. Сонда адамдардың өкпесіне қарап-ақ, қай өңір тұрғыны екенін біліп тұратынбыз.  Экологиялық ластанбаған өңірде тұратын адамдардың өкпесі суреттердегідей алқызыл түсті болады. Ал шығыс, солтүстік өңірлер мен Алматы тұрғындарының өкпесінің түсі біраз қоңырлау келеді, кейде қара дақ түскен болуы да мүмкін. Лас ауа темекі сияқты айқын себеп болмаса да, өкпе обырының ықтимал себебі деп анық айта аламыз. Сондықтан науқастарымызды темекіден бас тартуға шақырғандай, лас ауадан да алып болуға кеңес береміз, — дейді ол.

Дәрігер экологиялық ахуалы нашар өңірлерде тұратын адамдарға ауа ластану деңгейін арнайы қосымша немесе интернет арқылы бақылап отыруға, қалада қалың түтін болған күндері міндетті түрде медициналық бетперде киіп жүруге кеңес берді.

Рабиға Қадырбаеваның айтуынша, қазір науқастардың 72,9%-нда дерт кеш анықталған. Мұндай жағдайда 100 адамның тек жиырмасы бес жыл өмір сүруі мүмкін.  Онколог ісік ерте анықталса, емдеу де оңай болатынын айтады.

Маман келесі белгілерді байқаған адамдарға дәрігер тексеруіне жазылуға кеңес берді:

  • кеуде тұсының ауруы;
  • ұзақ мерзімге созылған жөтел;
  • ауыр тыныс алу;
  • демікпе;
  • қақырықта қан болуы;
  • тамақтың қарлығуы;
  • тәбет болмауы;
  • салмақтың себепсіз түсіп кетуі;
  • шаршаңқылық;
  • жұтынудың қиындауы;
  • беттің, мойын тұсындағы тамырдың ісінуі.