Алматыда жер сілкінгенде Наурызбай ауданының тұрғындары түнде жақын маңдағы №174 мектепке барды. Baribar.kz тілшісі де мектепке барып, мұғалімдермен, тұрғындармен әңгімелесті.

«Мектепке 500-ден астам тұрғын келді»

Алматыда сағат 00:09-да жер сілкінді. Наурызбай ауданындағы қауіпсіз штабтың бірі — №174 мектепке сағат 1:40-та бардық.

Мектепке кірген кезде мұғалімдер келген тұрғындарды қарсы алып, жүгін көтерісіп, бірінші қабатқа жайғастырып жатты. Мұғалімдерден басқа ешкімді көрмедік.

Алматы, жер сілкінді
Фото: Таңшолпан Төлеген

Мұғалімдерге тұрғындардың өзі де көмектесіп жүр. Жоғары қабаттардан орындықтар мен диван тасып, үлкен кісілерді қолтықтап отырғызып жатты. Кіре берісте су бар, ұзартқыштар да жатты.

Мектеп директоры Арнагүл Мұсыразқызының айтуынша, мектепке 500-ден астам адам келді.

алматы, жер сілкінісі
Арнагүл Мұсыразқызы. Фото: Жандарбек Жұмағұлов

Наурызбай аудандағы халықты қабылдап алатын штабтың бірі — осы мектеп. Жер сілкінген соң мектепке адамдар келе бастады. Күзетші қоңырау шалып, маған хабарлады. Есік ашып, бәрін кіргізіңіз дедік. Қазір (сағат 3:30-дың шамасы — ред.) 500-ден аса адам бар. Келіп-кетіп жатқандары қаншама. Жоғары қабаттардан жұмсақ орындықтар түсіріп, спорт залға матрастар салып беріп жатырмыз. Бірінші қабаттағы барлық кабинетті аштық. Апат есіктері де ашық тұр. Қазір халыққа түсіндіріп жатырмыз, — дейді мектеп директоры.

Оның айтуынша, халық мектепке жер сілкінген соң жарты сағаттан соң келе бастаған.

Өзіміз мектепке кептеліспен жеттік. Отбасымыз осында, олар бізге көмектесіп жатыр. Қазір мектепте 30 шақты мұғалім жүр. Тұрғындар да орындық көтерісіп, жәрдемдесіп жатыр, — деді Арнагүл Мұсыразқызы.

«Тұрғындарды орталықтан бұйрық түскенде қайтарамыз»

Сағат 3-тен аса мектепке Алматының ТЖД өкілі келді. Сол уақытта мектептегі адамдардың тізімі жиналып жатты. ТЖД өкілін көрген адамдар оған барып, жер сілкінісінің мән-жайын сұрады. «Халыққа неге алдын ала айтпайды?» деп шағымданып жатты.

Алматы, жер сілкінді
Фото: Наргиза Аршидин

Ал өкіл жер сілкінісін болжау мүмкін емес екенін, бірақ қазір бәрі қалпына келгенін айтты. Халық «Үйге қайта берсек бола ма?» дегенде, «Не де болса, таңға дейін осында күтіңіздер, сосын қайтасыздар» деді.

Жылына екі рет жер сілкінісі туралы адамдарға түсіндірме жұмысын жүргіземіз. Наурызбай ауданындағы мектептерде оқушылар мен ата-аналарға профилактикалық жұмыстар да өткіземіз. Дәл қазір келген адамдардың тізімін алып жатырмыз. Бұл арқылы профилактикалық жұмыстардың нәтижесін білеміз. Орын жетпесе, басқа мемлекеттік мекемеге бөліп апару керек, — дейді ТЖД өкілі.

Оның айтуынша, мұндай пункттерге матрастарды әкімдік арқылы жеткізеді. Бірақ қазір мектепке матрас келген жоқ.

Матрастарды беру-бермеуді аудандық әкімдік шешеді. Бұл пунктте жатуға болмайды, сондықтан қазір матрастар жоқ. ТЖД орталығынан «халықты қайта беріңдер» деген бұйрық түскенде ғана, тұрғындарды қайтарамыз, — деді ол.

«Өзімді қораптағы әлсіз мысықтай сезіндім»

Тұрғындар бірі көрпе жамылып, бір-бірін құшақтап отыр. Балаларын арбаға салып, ұйықтатып тастаған. Олардан жер сілкінісі кезінде не істегенін және қазір өзін қалай сезініп тұрғанын сұрадық.

Алматы, жер сілкінді
Фото: Наргиза Аршидин

Аяулым Алматыдағы университеттің бірінде 1-курс оқиды. Кеше ғана қысқы демалысы аяқталып, Талдықорғаннан қалаға келген екен. Жер сілкінісі болғанда Наурызбай ауданындағы туысының үйінде болған.

Бір уақытта мен жатқан төсек тербеле бастады. Не болып жатқанын түсінбесем де бөлмеден атып шықтым. Әпкемнің, үйдегі қыздардың жанына жүгіріп бардым. Кейін бәріміз жер сілкінгенін түсініп, диванның жанына жерге отыра қалдық. Бір-біріміздің қолымызды ұстап, «Бісміллә» деп қана отырдық, – дейді студент қыз.

Алматы, жер сілкінісі
Фото: Наргиза Аршидин

Жердің сілкінгені басылған соң олар тек ұялы телефонын алып, күртешесін киіп, далаға шыққан. Біраз уақыт көлікте отырған. Кейін аудан тұрғындарының жақын маңдағы 174-мектепке жиылып жатқанын естіп, сонда барған.

Үй сілкінгенде өзімді қораптың ішіндегі әлсіз мысықтай сезіндім. Қорқып қалдым. Үйге кіруге қорқып тұрмыз. Дегенмен бір Құдайға сеніп, қазір үйге қайтамыз, – дейді Аяулым.

«Ертең үйден көшейін деп жатырмыз»

Ерлі-зайыпты Махамбетжан Әбдіқұлов пен Дана Мұхтар — Шұғыла шағын ауданының тұрғындары. Отбасымен 1-қабатта пәтер жалдап тұрады. Жер сілкінгенін бірінші күйеуі сезіп, баланы алып далаға жүгіріп шыққан.

Ұйықтайын деп жатқанбыз. Бір кезде күйеуім далаға жүгіріп шықты. Мен кір жуатын машинаның тоқтағанын күтіп отырғам, соған қарап басым айналып жатыр деп ойладым. Күйеуім қайта кірді де, баланы алып, маған да «шық, шық» деп айғайлап сыртқа қайта кетті. Өзіміз жалаңаяқ шығыппыз. Сыртқа есікте адамдар сығылысып қалды. Көбі пижамамен жүр, — дейді Дана Талғатқызы.

Алматы, жер сілкінісі
Фото: Таңшолпан Төлеген

Олар далада сол күйі жарты сағаттай тұрған. Сосын үйге кіріп, балаларын киіндіріп, қайта шыққан. Содан кейін көлігі бар кісілер оларды ішкі отырғызған.

Сол кісілер бізді мектепке әкеп тастады. Менің бір балам бар, қайынәпкемнің екі қызы бар. Бала тұрмақ, өзіміз қорқып кеттік, — дейді тұрғын.

Махамбетжан Әбдіқұлов отбасымен Алматыдан көшейін деп жатыр.

Баламды алдым да, далаға жалаңаяқ атып шықтым. Үй үстімізге құлап кететіндей көрінді. Ертең қала маңындағы жер үйге көшейін деп жатырмыз. Әзірше таңға дейін мектепте болатын шығармыз. Не көрсек те, халықпен бірге көреміз енді, — дейді ол.

Алматы, жер сілкінді
Фото: Таңшолпан Төлеген

«Жер сілкінгенде ваннада жуынып жатыр едім»

Рахат Қадірова да Шұғылада тұрады. Жер сілкініп жатқанда ваннада жуынып жатқан.

Жақында көзіме операция жасатқам. Жер сілкінгенде көзім талғаннан шығар деп ойладым. Сабынданып болсам, үлкен ұлым «Мама, жер сілкініп жатыр, шығыңыз» деп есікті бұзып жіберердей қақты. Дүрлігіп жүріп, жылдам-жылдам шайынып, атып шықтым. Түркиядағы жойқын жер сілкінісі есіме түсіп, одан сайын қорықтым, — дейді тұрғын.

Алматы, жер сілкінісі
Фото: Таңшолпан Төлеген

Ол Алматыда 15 жылдан бері тұрып жатқанын айтты. Ара-тұра жер сілкінгенімен, дәл мұндай қатты болған емес дейді.

***

Тағы оқыңыз:

“Қауіпсіздігімізге кепіл жоқ екен”: Алматы тұрғындары жер сілкінісі туралы