Алматы облысында зілзаладан кейін 19 нысанға зақым келген

Дағдарыс жағдайларында басқару орталығында төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың төрағалығымен Республикалық жедел штабтың жұмысы жалғасып жатыр.

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады. 

Жедел желі телефондарына азаматтардан 800-ден астам қоңырау келіп түсті. Алматы облысының аумағында 19 объектіге зақым келген. Негізінен қабырғаларда жарық пайда болған.

“Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығы” ЖШС сейсмикалық жағдайды бағалауына сәйкес жақын арада Алматы аумағында 7 балдан асатын жер сілкінісі күтілмейді, — делінген хабарламада.

Еске салайық, төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «СТӘК» ЖШС-ның сейсмикалық станциялар желісі Алматы уақытымен 23 қаңтар күні 00 сағат 09 минутта жер сілкінісін тіркеді. Жер сілкінісі Алматыда 5 балл деңгейінде сезілді.

Алматылықтардың айтуынша, жерасты дүмпуі осы жолы қатты сезілді. Үйлері ұзақ уақыт бойы шайқалған. Тұрығындар үрейленіп, үйлерін тастап, далаға шығып кеткен.

Қаланың әр аймағында төтенше жағдай кезінде халық жиналатын орындардың бәрі жұмыс істеп тұрды.

Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев Алматыда жақын уақытта жойқын жер сілкінісі болмайды деп сендірді.

Төтенше жағдайлар министрлігі сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясының (ҚСМ) сейсмикалық стансалар желісі таңертең Қырғызстан мен Қытай шекарасында бірқатар жер сілкінісін тіркеді.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар депаратментінің басшысы Нұрлан Атығаев түнгі жер сілкінісі кезінде сиреналар неге қосылмағанын түсіндірді.

Жер сілкінісі салдарынан 23 қаңтар күнгі сағат 03.00-дегі жағдай бойынша сегіз адам зардап шекті.