Психолог құмар ойын туралы: Әр ойынның әсері есірткі шеккенмен бірдей

құмар ойын, казино, құмарлықты емдеу, азарттан құтылу, онлайн казино, лудомания, лудоман
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
Кейінгі уақытта мәжіліс депуттары құмар ойынға шектеу қою, жарнама талаптарын қатаңдату бойынша ұсыныс айтып жүр. Әзірге елімізде нақты қанша лудоман (ойынқұмар адам) бар екені белгісіз. Алайда ДДСҰ құмар ойынға тәуелдікті ресми түрде психикалық ауру тізіміне қосты. Baribar.kz психолог Гүлзат Қанатпен әңгімелесіп, оңай ақшаға тәуелдік неден туатынын, мұны қалай емдеуге болатынын сұрады.

Лудомания деген не?

Психолог лудомания немесе ойынқұмарлықтың ауыртпалығы нашақорлықпен бірдей екенін айтады. Ол оңай ақшаға тәуелдіктің басты себебі бала күнінде жатыр дейді.

Бір адам араққа, бірі темекіге, басқасы есірткіге, енді бірі жұмысбастылыққа тәуелді болуы мүмкін. Лудомания да сол сияқты дерт. Мұның себебін түсіну үшін адамның балалық шағы қалай өткенін білу керек. Бала әуелі анасына тәуелді болады. Өсе бастаған соң, тамағын өзі жеп, киімін реттеуді үйренеді. Бірте-бірте мектепке өзі барып-қайтып, кезең-кезеңімен дербес тұлғаға айналады. Ал ойынды, әрине, бала ойнайды. Ересек адам назарын, уақытын басқа нәрсеге арнағанды жөн көреді. Бала күнінде ойынның құмарынан шықпаса, сол қалпында қалып қояды. Есейген соң да сол әсерді іздеп тұруы мүмкін, сөйтіп жүріп құмарлыққа ұрынады, — дейді Гүлзат Қанат.

Қазір ойынның жарнамасы артқан, оны кез келген жерде ойнауға болады. Ақша тігу үшін қаланың бір шетіне қатынаудың қажеті жоқ. Кез келген адам ұялы телефон арқылы-ақ бәс тіге алады. Дүкендерде ойын автоматтары тұратынына ешкім таңғалмайтын болды. Содан болса керек, ойыннан ұтылып, қарызға батқандардың ішінде жасөспірімдер де бар. Психолог мұның себебін де түсіндірді.

Гүлзат Қанат
Гүлзат Қанат. Фото жеке архивінен

Жалпы, ата-ана рұқсат бермеген, табу болған нәрселердің көбін балалар жасөспірім шақта істеп көреді. Адамның ішкі «мені» қаншалық мықты екені осы кезде білінеді. Бір көріп, оның зиян екенін сезіп өзін тыя алатындар бар. Ал енді біреулері керісінше, өзін бала сияқты ұстай бастайды. Себебі бәс тігіп, оңай ақшаға кенелу, жұмыс істемей-ақ ақшалы болу деген — қиял-ғажайып дүние. Ал ғажайыпқа тек балалар сенеді, — дейді маман.

Жақының құмар ойын ойнайтынын қалай білуге болады?

Психолог ата-ана өтпелі кезең жасындағы баласының мінез-құлқына мән беріп, ашылып әңгімелесуі керек екенін айтады.

Тәуелдік көбіне жасөспірім шақта басталады. Сондықтан бұл кезде ата-ана сақ болғаны дұрыс. Бала күніне алты сағаттан аса компьютер алдында отырады делік. Компьютер өшіп қалғанда өзіне ие бола алмай, қатты ашуланса, әңгімеден қашатын болса, ойлану керек. Себебі шынайы өмірде әке-шешесі көп ұрысуы мүмкін, болмаса мектепте буллиңге ұшыраған болуы мүмкін. Шынайы өмірде қиындық көргендіктен, виртуал өмірде иллюзия жасап алуға тырысады. Соған басымен кіріп, кейін шыға алмай қалады. Ал виртуал өмір құмар ойын алаңы болуы әбден мүмкін, — дейді ол.

құмар ойын, казино, құмарлықты емдеу, азарттан құтылу, онлайн казино, лудомания, лудоман
Иллюстрация: Dribble.com

«Әр ойынның әсері есірткі шеккенмен бірдей»

Психологтың айтуынша, ата-ана баласының жағдайына мән бермесе, 100 теңгеден басталған бәс тігу кейін адамды қылмыскер етуі мүмкін.

Ойынның қызығына кіріп алған лудоманның санасы тұманданып қалады. Әр ойынның әсері есірткі шеккенмен бірдей. Сондықтан ойынға барарда ақшаны қайдан, қалай алатынын саралай алмайтын халге жетеді. Әпкесінің азық-түлікке деп сақтап отырған тиынын, келіншегінің жөргекке деген ақшасын қысылмай алып, ойынға тіге салады. Тіпті кейін сұрап алудан қалып, үйден ақша ұрлауға көшуі мүмкін. Ең сорақысы, ойынға бірге баратын серігіне өзін ұрып-соққызатындар бар. Үйдегілер көкала болған түрін көріп, аяп, ақша береді деп ойлайды. Әрекетіне жауап беру сияқты ересек адамға тән қасиеттер қарызға батқан сайын жоғалып, өзін бала сияқты ұстай бастайды, — дейді психолог.

Психолог құмар ойнайтындар бұдан ауыр қылмысқа да баратынын айтады. Тіпті, қарызын төлегеннің орнына өмірімен қоштасуды таңдайтындар бар.

200-300 миллион теңге қарызға кірген соң, оны өтеудің орнына «Бұл қарызды басқалар төлесін, қиналсын, ал мен дұниеден кетейін» деп шешім қабылдайтындар бар. Себебі лудоман айналасының бәрі өзіне қарыз деп санауы мүмкін. Жақсы балалық сыйлай алмады деп ата-анасын, жақсы жар бола алмады деп жолдасын кінәлайды дегендей, — дейді Гүлзат Қанат.

Лудоманияның емі бар ма?

2023 жылғы сәуірде өткен мәжіліс отырысында Respublica партиясының депутаты Руслан Берденов елде 350 мың адам құмар ойын ойнайтынын, мемлекет оларды емдеу үшін 140 миллиард теңгеге жуық ақша бөлуі керек екенін айтты.

Психолог та ем қымбат болады дейді. Бірақ емделуге мұқтаж екенін мойындайтын ойыншы көп емес. Оның айтуынша, әдетте ойыншылар ер адам болады, оларды анасы немесе әйелі жетектеп әкеледі.

Бірақ біреудің зорлығымен келген адамды қабылдай алмаймыз. Ем қонуы үшін адам өзінің көмекке мұқтаж екенін түсінуі керек. Мұндайда жақынын емдеткісі келетін адамға психологтан терапия алуды ұсынамыз, — дейді ол.

Маман лудоманды айықтыру үшін бүтін бір отбасы терапиядан өткені дұрыс дейді. Себебі, әдетте, адам отбасында қысым болғандықтан, құмар ойын ойнауы мүмкін.

Бір отбасында ойынға құмар адамның болғаны — сол отбасында қысым бар екенінің дәлелі. Ал лудоман — сол отбасындағы ішкі «мені» ең әлсіз адам. Сондықтан терапияға отбасы болып қатысу керек. Ойыншының ақшаға тәуелді болғаны сияқты, қарыз беріп отыратын адамның да оны үнемі «құтқарып» отыруға тәуелдігі бар. Мұндайда екі жақтың да неліктен тәуелді екенін бөлек-бөлек анықтаймыз, — дейді Гүлзат Қанат.

Психолог «құтқарушы» рөлін атқаратындар көбіне ойыншылардың ата-анасы екенін айтты. Олар баласының құмар ойын ойнап жүргенін білсе де, бейсаналы түрде көмектесе береді.

Лудомандардың үнемі қарыз бере алатын бір танысы болады. Қарыз беретін адам уақыт өте ол ақшаның қайтпайтынын түсінеді. Бірақ біле тұра, бере береді. Себебі бейсаналы түрде өзін лудоманның алдында қарыздар сезінеді. Көбіне бұл — ата-ана. Бала шағында эмоциялық жылу сыйлай алмағандай болып, соның орнын ақшамен жапқысы келуі мүмкін, — дейді ол.

құмар ойын, казино, құмарлықты емдеу, азарттан құтылу, онлайн казино, лудомания, лудоман
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
құмар ойын, казино, құмарлықты емдеу, азарттан құтылу, онлайн казино, лудомания, лудоман
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Гүлзат Қанат мәселе тек жекелеген ойыншы мен оның отбасы деңгейінде емес, мемлекеттік деңгейде шешілуге тиіс деп есептейді. Ол елде құмар ойындардың ашық жарнамалануын сынға алды.

Әрине, ересек адам үш секундта телефонның үш тетігін басып, миллион ұтып алуға болады дегенге сенбейді. Қазақстандағы экономикалық жағдайды қарасақ, бір күнде бірнеше миллион теңге табу мүмкін емес те. Бірақ қазір құмар ойынның жарнамасынан көз ашу мүмкін емес. Жарнама да ішкі «мені» әлсіз адамдарға бағытталған. Мәтінінде «1000 теңге сал да, ұтып ал» деген сияқты арнайы психологиялық триггерлер бар. Ал видеожарнамалар өте қысқа болады. Жалт ете қалған жарнамаға адам қалай назар аударғанын аңғармай да қалады, — дейді маман.


Құмар ойынды ашық жарнамалауға тыйым салу мәжіліс отырыстарында жиі айтыла бастады. Депутат Руслан Берденов елдегі әрбір бесінші құқықбұзушылық құмар ойын себебінен болатынын айтты. Әуелі заң деңгейінде барлық ақпарат алаңында, TВ, радио, сыртқы жарнама, билбордтарда құмар ойынды жарнамалауға толық тыйым салуды ұсынды. Сонымен қатар депутат құмар ойындарды ойнау үшін банк карталары, пост-терминалдар, ұялы байланыс операторлары арқылы ойын шотына төлем қабылдауға тыйым салу керек деп есептейді.

құмар ойын, казино, құмарлықты емдеу, азарттан құтылу, онлайн казино, лудомания, лудоман
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Мәжілістің тағы бір депутаты Жанарбек Әшімжан қаржы пирамидалары, онлайн-казино және басқа да құмар ойындарды жарнамалауға толық тыйым салумен қоса, үш айдан астам уақыттан бері несиесін төлемеген тұлғаларға онлайн және офлайн бәс тігуге қатаң тыйым салуды ұсынды. Сонымен қатар елде тыйым салынған, соған қарамастан электрон казинолардың жарнамалық қызметін бақылауды күшейтіп, лотерея билеттерін таратуға қатаң тыйым салу керек деді.

Құмар ойнайтындардың саны қанша екені туралы әзірге нақты дерек жоқ. Дегенмен кейінгі жылдары құмар ойын мен бәс тігуді ұйымдастыру бойынша көрсеткіштер қатты өскен. Әсіресе, 2022 жылғы бірінші тоқсанда сома 8,4 есеге көтерілген.

Ойын және бәс тігу қызметтерінің көлемі спорт, демалыс және ойын-сауық саласына қарағанда 21,3%-ке, кітапхана, архив, музей және басқа да мәдени нысандарға қызмет көрсету көлемінен 9 есе, ал шығармашылық, өнер және ойын-сауық салалары қызмет көрсету көлемінен 12 есе көп.

Алайда 2021 жылғы бірінші тоқсанда ойын және бәс тігу қызметінің көлемі спорт және демалысты ұйымдастыру мен ойын сауық бойынша қызметтерден әлдеқайда аз болған. Ал 2020 жылы құмар ойын бұл тізімде ең соңғы орында тұрған.

құмар ойын, казино
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz. Дереккөз: Finprom.kz

Ал 2022 жылы букмекер мен лотерея операторлары былтыр бюджетке 113 миллиард теңгеден аса салық төлеген.