Alternativa Film Awards жаңа халықаралық кино сыйлығы екінші желтоқсанда Алматыда өткен алғашқы марапаттау рәсімінде 2023 жылғы жеңімпаздарын жариялады.
Alternativa Film Awards сыйлығы кең аудиторияға қол жеткізе отырып, оң әлеуметтік өзгерістердің таратушысы бола алатын фильмдерді қолдайды және көріністердің көркемдік қасиеттері мен әлеуметтік әсерін бағалай отырып, кино марапаттар мен импакт марапаттардың тәсілдерін біріктіреді. Қатысатын жұмыстар маңызды әлеуметтік және мәдени мәселелерді қозғайтын, сонымен қатар адамдар мен жергілікті қауымдастықтардың өміріне әсер ететін шығармалар.
Әділ қазылар алқасы өзекті тақырыпты нюансты түрде жазғаны үшін қырғызстандық режиссер Мирлан Әбдіхалықовтың күштеп күйеуге берілген қыздардың шынайы оқиғаларына негізделген «Қыз алып қашу» фильміне Spotlight номинациясы бойынша жүлде берді.
Бұл драма екі әлемді байланыстырады және дәстүр мен төзімділікті көрнекі түрде әсерлі және ойландыратын зерттеу. Жанашыр және романтикалық емес көзқарас арқылы фильм барған сайын қауіпті әлемде адам болудың күрделілігін көрсетеді, — деді қазылар алқасы.
Сонымен қатар Spotlight номинациясында Өзбекстаннан келген режиссер Шокир Холковтың «Жексенбі» фильмі қазылар алқасының ерекше бағасына ие болды. Бұл әртүрлі ұрпақ құндылықтары тоғысқан отбасылық драманы «тез өзгеретін қоғамдағы адамдардың қарым-қатынастарын жетік бейнелеуі үшін» деп атап өтті.
Future Voice номинациясы бойынша жүлде қазақстандық режиссер Асхат Күшірековтың «Бауырына салу» фильміне берілді. Бұл өзі бұрын танымайтын отбасыға оралған баланың оқиғасы «ескірген дәстүрдің заманауи драмаға қалай айналғанын суреттейтін өткір режиссерлық көзқарас пен тамаша актерлық шеберлігі үшін» марапатқа ие болды.
Alter номинациясы бойынша жүлде қазақстандық режиссер Катерина Суворованың екі азаматтық белсендінің жолын баяндайтын «Qoryqpa» фильміне бұйырды. Марапаттың қазылар алқасы «Бұл жұмыс көптеген кедергілерге тап болған трансформация мен оң өзгерістерге деген терең қоғамдық сұраныс, сонымен бірге өз елінің болашағын ойлайтын жаңа ұрпақ қалыптастырған Қазақстандағы соңғы бес жылдың ішіндегі болған оқиғаларды көрсетеді» деп атап өтті.
Nativa номинациясындағы сыйлыққа непалдық режиссерлер Раджан Катхет пен Сунир Пандейдің «Қысқы демалыс болмайды» фильмі ие болды. Бұл адыра қалған ауылда бір-біріне қамқор болуға мәжбүр болған екі әйел туралы әңгіме. Қазылар алқасы «бұл фильм – қуаныш сыйлайтын саяхат. Минимум сөздер, жалпы пландар мен ауыспалы жыл мезгілдер арқылы көрініс кез келген фантастикадан гөрі таң қалдыратын шынайы оқиғаны баяндайды; ол таңқаларлық әдемі бола отырып, мәдениетке сыни көзқарасты береді» деп белгіледі.
Соңында Short Awards сыйлығы қырғыз режиссері Дастан Мадалбековтің «Әкесінің ұлы» қысқаметражды фильміне берілді. Әкесінің жоғалып кетуімен айналысатын бала туралы фильм, қазылар алқасының пікірі бойынша, «балалардың өз отбасыларында жиі байқаусыз қалатын жасырын қорқыныштар мен мұң туралы ашық әрі әсерлі оқиға».
Сонымен қатар киносыйлық тобы кеңестік Қазақстандағы 1930 жылдардағы ашаршылықтың қызып тұрған шағында орын алған «тарихтың маңызды және қорқынышты бетінің егжей-тегжейлерін бұқаралық аудиторияға жеткізу мақсатында жанрлық киноға бет бұрған батылдығы үшін» қазақ режиссеры Айсұлтан Сейітовтың «Қаш» фильміне арнайы Resonance жүлдесін берді. Сонымен қатар бұл номинацияда қазақстандық режиссер Асқар Ұзабаевтың «әлемнің кез келген бұрышында түсінетін қорқынышты және өзекті мәселені ымырасыз бейнелегені» үшін отбасылық зорлық-зомбылық туралы «Бақыт» драмасы ерекше аталды.
Брийянте Мендоса, Alternativa Film Awards қазылар алқасының президенті: «Қазылар алқасында жеңімпаздарды таңдаған кезде келіспеушіліктер болған жоқ: біз әлемнің әртүрлі бөліктерінде және әртүрлі сағаттық белдеуінде болсақ та, көрсетілімдер мен талқылаулар кезінде бір толқында болдық. Марапаттың тек көркемдік жағынан ғана емес, сонымен қатар фильмнің әлеуметтік әсерін де бағалау туралы идеясы қазылар алқасының мүшелеріне және жеке өзіме жақын болды. Біз осы тепе-теңдікті сақтауға тырыстық. Біз көрген картиналардың көбі салт-дәстүр мен дәстүрлі мәдениетке арналғаны да маған қызық болды – бұл тақырыптың өзекті екеніне сөзсіз дәлел. Жалпы, жүлдеге ұсынылған фильмдердің барлығы да керемет туындылар, оларды қалың көрермен көреді деп сенемін».
Вячеслав Абрамов, Alternativa Film Awards қазылар алқасының мүшесі: «Сыйлыққа ұсынылған көптеген фильмдерді өзгерістердің нағыз драйверлері деп атауға болады – олардың авторлары (әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтан жалғыздыққа дейін) ең маңызды тақырыптарды көтерді және көрерменге түсінікті тіл тапты. Бұл фильмдердің барынша кең аудиториясын табуға мүмкіндігі болуы өте маңызды және сыйлық оларға бұл істе көмектесе алады».
Жүлде жеңімпаздарын Азия мен Еуропаның кинематографистерінен, сонымен қатар қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен тұратын тәуелсіз халықаралық қазылар алқасы анықтады. Биылғы қазылар алқасын филиппиндік кинорежиссер, Канн фестивалінің жеңімпазы Брийанте Мендоса басқарды. Оған Гита Саэди Кили, Удайя Прасанна Витанаге, Ринту Томас, сонымен бірге Баян Алагузова, Вячеслав Абрамов, Руслан Акун, Умида Ахмедова және Анна Чубинидзе қосылды. Alternativa Film Awards ұйымдастыру комитеті марапат иелерін таңдауға қатысқан жоқ.
Алена Бочарова, Alternativa Film Awards сыйлығының жетекшісі: Біз Alternativa-ны жаңа иерархияларды құру тәсілі ретінде емес, кино қоғамдастығы ішінде, режиссерлер арасында, содан кейін режиссерлер мен көрермендер арасында жаңа байланыстар құру тәсілі ретінде қарастырамыз. Біз адамдарды жақындастырғымыз келді, өйткені жақындық қамқорлықтың кілті, ал қамқорлық — қоғамдағы және әлемдегі өзгерістердің бастапқы нүктесі.
Лиза Сурганова, Alternativa Film Project жобасының жетекшісі: Біз бірінші жылдың нәтижелерін мақтан тұтамыз. Жоба басынан-ақ көпшіліктің назарын аударып, Орталық Азия киноиндустриясының жарқын әрі маңызды оқиғасына айналды. Біздің марапатымыз бен білім беру бағдарламаларымыз жергілікті режиссерлерге жаңа мүмкіндіктер, байланыстар мен тәжірибелер береді және оларға әлемді жақсы жаққа өзгертетін бұдан да терең әрі дарынды фильмдер түсіруге мүмкіндік береді деп үміттенеміз.
Alternativa Film Awards – inDrive жаһандық технологиялық компаниясы Орталық Азияда 2023 жылы іске қосқан халықаралық коммерциялық емес Alternativa Film Project жобасының бөлігі. Жоба дамып келе жатқан киноиндустрияның кинорежиссерларын қолдау мен өрлету үшін құрылған, оның миссиясы — әлем туралы түсінігімізді кеңейте алатын және оны жақсы жаққа өзгертуге көмектесетін авторларды халықаралық алаңда көрнекті ету, оларды кәсіби өсу үшін ресурстармен қамтамасыз ету және жергілікті киноиндустрия мен қауымдастықтың дамуына күшті серпін ұсыну. Alternativa Film Project – елден елге көшетін, бірте-бірте географиясын кеңейтетін көшпелі жоба. 2023 жылдың негізгі бастамалары – Алматы мен Бішкектегі Alternativa Film Labs аясындағы үш білім беру бағдарламасы, сондай-ақ басты оқиға – 2 желтоқсанда Алматыда өткен халықаралық Alternativa Film Awards марапатының алғашқы салтанатты рәсімі.