Романтикалық комедия шықты. «Таптым-ау сені» фильмі қалай түсірілді?

1 желтоқсанда актриса Дариға Бадықова продюсер болған «Таптым-ау сені» фильмі прокатқа шықты. Жанры — романтикалық комедия. Түсірілім тобы фильмді қалай түсіргенін айтып берді.

«Таптым-ау сені» кинотуындысының желісі бойынша, Сəуле мен Жексен (Джексон) – бір ауылда тұратын достар. Екеуі бала кезде бокс секциясына танысқан. Қымызды қалаға апарып сатып, жұмыс істейді. Сəуле «люлькасы» бар мотоцикл айдайды. Жексеннің əжесі үйленбей жүрген немересіне қыз тауып бер деп Сəулеге бұйымтайын айтады. Сəуле көмектесуге келіседі. Сөйтіп екі дос түрлі қызыққа тап болады.

Фильмнің режиссеры — Анвар Матжан. Басты рөлді Дариға Бадықова мен Олжас Абай ойнайды.

Дариға Бадықованың айтуынша, ол актриса болып қала береді. Продюсер болуға бет бұратын ойы жоқ.

Дариға Бадықова
Фото: «Таптым-ау сені» фильмінің түсірілім тобы

Фильм түсірудегі мақсатым ақша табу емес. Өзіме жанашырмын. Фильмді актриса ретіндегі кейпімді өзгерту үшін түсірдім. Өйткені кейінгі жеті жылда тек Айсара рөлімен танылып кеттім. Сондықтан Сәуле деген кейіпкерді жаңа кейіп ретінде жасағым келді, — дейді Дариға Бадықова.

Актрисаға ер-азамат сияқты ойнау бастапқыда әжептәуір қиын болған. Түсірілім алаңындағыларды сендіре алмапты.

Әйел адам бола тұра ер-азамат сияқты ойнау, ол сияқты су ішу, жүріп-тұру қиын болды. Бастапқы төрт күнде түсірілім алаңында бәрі маған күлді. Бірақ өзімді сол түсірілім алаңына, режиссерға, операторға, фильмдегі партнерым Олжас Абайға сеніп тапсырдым, — дейді Дариға Бадықова.

Олжас Абаев түсірілім кезінде мотоциклмен бірнеше рет апатқа ұшырай жаздағанын айтты.

Олжас Абай
Фото: «Таптым-ау сені» фильмінің түсірілім тобы

Фильмде Сәуле мотоцикл айдады. Оның қасында «люлькада» отыру маған өте қиын болды. Өйткені осындай кісіге тағдырыңды сеніп тапсыру қиын. Талай рет түсірілім барысында кішігірім апатқа ұшырап қала жаздадық. Бірден айтайын, сұраған гонорарымды төлеп берген осы продюсер ғана, — дейді актер.

Режиссер Анвар Матжан бір сахнаны екі күн түсірген кез де болғанын айтып өтті.

Бір сахнаны екі күн 100 дубльден 200 дубль түсірген кезіміз болды. Бірақ актерларыма сендім. Себебі оларды баяғыдан танимын, қандай артист екенін білемін, — дейді режиссер.

"Таптым-ау сені"
Фото: «Таптым-ау сені» фильмінің түсірілім тобы

Оның айтуынша, «Таптым-ау сені» фильмін түсіргенде басқа фильмдерден өзгеше болуы керек деген ой болмаған. Қиялмен іштей фильмді «көріп» отырып түсірген. Өзі Дариғаның рөлінде, Олжастың рөлінде «болған».

«Хабар» телеарнасында «Мезгілсіз махаббат» деген сериал жүрді. Ретиңі өте жоғары болды. Соны осы Анвар Матжан түсірді. Сол кездерде әкем өмірден өтіп кетті. Анвар қалай күйзеліп жүргенімнің куәсі болды әрі «Таптым-ау сені» фильмі әкемнің рухына арналғандықтан, Анварды режиссер ретінде таңдадым, — дейді продюсер Дариға Бадықова.

Фильмнің сценариін жазған Бұхар Мараттың айтуынша, бастапқыда фильмнің идеясы басқа болған. Сценариді орталап қалғанда идея өзгеріп кеткен.

Продюсер мен Анвар мырзаның шешімі бойынша, фильмнің жанры романтикалық комедия болып өзгерді. Басты рөлдегі кейіпкерлер Сәулені де, Жексенді де әр ауылдан таба аласыз. Бәріміз бала болдық, ауылда өстік, ондай жағдай басымыздан өтті. Жанымыздағы дос деген адам ғашығымыз болып шығуы әбден мүмкін деген идеяны айттық, — дейді Бұхар Марат.

Фильм Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Таутүрген, Түрген, Қаракемер ауылдарында түсірілген. Картинаның түсірілімі 2023 жылғы маусымда болып, 22 күнге созылған. Оған қоса бір ай дайындық кезеңі мен постпродакшн уақытына бес кеткен.

«Таптым-ау сені» фильмінің саундтрегі арнайы жазылды. Ақын Ақберен Елгезектің сөзіне, композитор Талғат Лестің әніне жазылған «Сезім үшін» деген әнді Дариға Бадықова мен Олжас Абай жаңаша орындап шықты. Бұл ән әлеуметтік желіде кең таралып, YouTube-та 12 000 000 рет қаралды.

"Таптым-ау сені"
Фото: «Таптым-ау сені» фильмінің түсірілім тобы
"Таптым-ау сені"
Фото: «Таптым-ау сені» фильмінің түсірілім тобы
"Таптым-ау сені"
Фото: «Таптым-ау сені» фильмінің түсірілім тобы